Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер басшыларының бейресми Саммиті өтті
Түркістанда 15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер басшыларының “Жасанды интеллект және цифрлық даму” атты бейресми Саммиті өтті.
Жасанды интеллектіге, цифрландыруға, киберқауіпсіздікке, ғарыш және жерсеріктік технологияларды дамытуға, сондай-ақ экономикада, мемлекеттік басқаруда және гуманитарлық ынтымақтастықта заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму бойынша ТМҰ Саммиті түркі мемлекеттерінің ортақ технологиялық күн тәртібін қалыптастырудағы маңызды кезеңі болып табылатыны және мүше мемлекеттердің түркі кеңістігін инновация, жоғары технологиялар, ғылым және цифрлық трансформация үшін серпінді хабқа айналдыруға деген ұмтылысын көрсететіні атап өтілді.
Қазақстан Ұйымның технологиялық көшбасшылығын және институционалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды, соның ішінде түркі мемлекеттерінің студенттері үшін жасанды интеллект университетін құру, киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту және БҰҰ қамқорлығымен халықаралық цифрлық бастамаларды ілгерілету бар.
ТМҰ хатшылығының қызметін одан әрі жетілдіру, оның институционалдық мүмкіндігін кеңейту және бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асырудағы үйлестіруші рөлін күшейту қажеттілігі де атап өтілді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елдің ЖИ саласындағы стратегиялық бағдарын баяндады.
Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
— Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл — еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ біз екі суперкомпьютерді іске қостық. Келесі қадам — «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру. Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек. Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады. Сонымен қатар елімізде Цифрлық кодекс қабылданды, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Біз білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы мақсатпен жақында Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады.
— Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады. Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқандарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Сонымен қатар наурыз айында Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен Шымкент қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтті. Бұл іс-шара елдеріміздің осы саладағы ынтымақтастығы мен мүдделестігін айқын көрсетті, — деді Мемлекет басшысы.
Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылды.
Аkorda kz