Ақпараттық портал

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер көңіл қуантады

Ел экономикасының өркендеуі – өңірлердің даму қарқынымен өлшенетіні анық. Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы міндеттер бүгінде біздің өңірде де нақты нәтижесін беріп келеді. Осыған байланысты жақында біз аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде болып, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайында біліп қайттық.

Үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында аудан экономикасында өсім байқалып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту және сауда салаларында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілген. Биылғы наурыз айының қорытындысы бойынша ауданда жалпы шығарылған өнім көлемі 44 миллиард 138,9 миллион теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 миллиард 790,1 миллион теңгеге артық. Яғни, өсім көлемі 206,7 пайызға жетіп отыр. Өнеркәсіп саласында да биыл айтарлықтай серпін бар. Өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 25 миллиард 194,5 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 118,7 пайызды құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8 миллиард 42,8 миллион теңге болған екен.
Жалпы өнеркәсіптің өркендеуі – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші десек, ауданда өндіріс орындарының жұмыс қарқыны артып, жаңа технологияларды енгізу мен өндіріс көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар нәтижесін беруде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халық табысының артуына ықпал етуде. Экономист мамандардың айтуынша, өндіріс көлемінің артуы ауданның инвестициялық тартымдылығын да күшейтеді.
Шу ауданы ежелден аграрлы өңір ретінде танылған. Биыл да бұл саладағы жұмыстар жүйелі жалғасып, оң нәтижелер көрсетті. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 3 миллиард 369,2 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі 101,5 пайызға орындалды. Соның ішінде мал шаруашылығы ерекше қарқын көрсетті. Бұл бағытта 3 миллиард 343,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,5 пайыз болды. Аудан шаруалары төрт түлік санын арттырумен қатар, өнім сапасын жақсартуға да басымдық беруде. Ал өсімдік шаруашылығы бойынша 5,3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Көктемгі дала жұмыстарының қарқынды басталуы алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің одан әрі ұлғаюына мүмкіндік береді. Жалпы ауыл шаруашылығы саласының дамуы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Бүгінде аудан диқандары мен шаруалары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, заманауи техникаларды пайдалану арқылы еңбек өнімділігін арттырып келеді.
2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі – негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі. Биыл бұл көрсеткіш 95 миллиард 716,8 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 445,5 пайызды құрады. Өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 72 миллиард 253,2 миллион теңгеге артық инвестиция тартылған. Жалпы соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру, инженерлік желілерді жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Ауданда құрылыс саласы да қарқынды дамуда. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 5 миллиард 284,7 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 198,6 пайыз болды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 миллиард 730,4 миллион теңгеге артық. Тұрғын үй құрылысы бойынша да оң өзгерістер байқалады. 2026 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 7659 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 101 пайызға артып отыр. Халықты баспанамен қамту мәселесі мемлекет назарындағы маңызды бағыттардың бірі екені белгілі.
Аудан экономикасының даму деңгейін көрсететін маңызды салалардың бірі -сауда. Биыл бөлшек сауда тауар айналымы 6 миллиард 766,5 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрады. Көтерме сауда айналымының көлемі де 3 миллиард 159 миллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 152,3 миллион теңгеге артық. Сауда саласындағы оң динамика халықтың сатып алу қабілетінің тұрақтылығын және кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын байқатады.
Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Ахылбекованың айтуынша, алғашқы тоқсан қорытындысына оң баға беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті:
-Биылғы бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер аудан экономика-сының тұрақты даму жолында екенін көрсетті. Әсіресе, инвестиция көлемінің артуы, өнеркәсіп пен құрылыс салаларындағы жоғары өсім біз үшін маңызды нәтиже. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды іске асырып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Негізгі мақсатымыз – аудан экономикасын әртараптандырып, тұрақты өсімді қамтамасыз ету, – дейді бөлім басшысы.
Аудан бүгінде қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналып отыр. Экономиканың негізгі салаларындағы өсім, инвестиция көлемінің артуы, құрылыс пен кәсіпкерліктің жандануы ауданның әлеуетін айқын көрсетеді. Ең бастысы – бұл көрсеткіштердің барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Әрбір салынған нысан, әрбір іске қосылған жоба – ел игілігі үшін жасалған маңызды қадам.
Берекелі Шу өңірінің бүгінгі жетістігі – бірліктің, еңбек-қорлықтың және жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да ауданның даму қарқыны бәсеңдемей, жаңа белестерді бағындыратынына сенім мол.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.