Ақ жол саған, Іңкәр атты жас түлек!
(Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің
2025-2026 оқу жылының түлегі Қыдырбек Іңкәр Ерболқызына)
Туған елім, жаңалыққа құлақ сал,
Қаршадай қыз ең жоғары алды балл.
Шудың атын, абыройын асырып,
Болашақта болатындай танымал.
Қуаныштың қоңырауын қағайын,
Өлең-жырдың ақ моншағын тағайын.
ҰБТ-дан жүз қырық балл жинапсың,
Жүректегі шабыт отын жағайын.
Ата-баба әруағы қолдады,
Жақсы жандар құттықтауын жолдады.
ҰБТ-ның тарихына көз салсам,
Мұндай жеңіс ауданымда болмады.
Жүз қырық балл үлкен мақсат шың биік,
Кітаптарды оқып жүрдің шын сүйіп.
Бәлкім содан озып шықтың бәрінен,
Көңіліне көркем сөз бен ой түйіп.
Жүз қырық балл арман болған талайға,
Қолы жетпей жолда қалған алайда.
Саған ғана бұйырыпты бұл бақыт,
Ізденістің жемісі ол қалай да.
Ұстазыңды ұлық санап сыйладың,
Бауыр басып мектебіңді қимадың.
Құлаш ұрып теңізіне білімнің,
Тал бойыңа ізгілікті жинадың.
Әкең Ербол, шешең Нұргүл шаттанды,
Үкілеген үміттері ақталды.
Кәсіпкерлер отбасында той болып,
Ұлттық дәстүр, ата жолы сақталды.
Ата-анаң ақ пейілді жайдарлы,
Таразылар бастан өткен жайларды.
Бала-шаға келешегін көп ойлап,
Перзентіне кеңес берген пайдалы.
Қыз баласы гүлдей жайнап құлпырды,
Жанарында айтылмаған сыр тұрды.
Талабы мен ақыл-ойы жетелеп,
Биік біткен мақсатына ұмтылды.
Ару қыз да сын сағатта толқыды,
Маза бермей ішкі сезім толқыны.
Жинап алды ойларын да әп-сетте,
Қасиетті жұма еді сол күні.
Күш-жігерін білімімен шыңдады,
Үлкендердің өсиетін тыңдады.
Алдан шығып тұрса дағы көп сынақ,
Сүрінбеді, сыр бермеді, сынбады.
Әлі алда айтылады көп тілек,
Тебіреніп, дүрсілдейді дос жүрек.
Қазағымның маңдай алды қызы бол,
Ақ жол саған, Іңкәр атты жас түлек!
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.