Ауыл сенімін арқалаған фельдшер
Жамбыл өңірінің қасиетті топырағында дүниеге келіп, адам жанына араша болуды өмірлік мұратына айналдырған жандардың бірі Сулейманова Сейда Хейратдинқызы. Ақ халатты абыроймен арқалап жүрген білікті маман Сейда ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жан, аяулы ана, шаңырақтың ұйытқысы.
Сейда Хейратдинқызы 1988 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қарапайым отбасында өтті. Әке мен ананың тәлімі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді асыл қасиеттер оның өмірлік ұстанымдарын берік қалыптастырды. Ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды қастерлеп өскен қыз бала жастайынан еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен ерекшеленді. 1995 жылы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның табалдырығын аттаған Сейда сабаққа ынталы, қоғамдық жұмыстарға белсенді, шығармашылыққа да жақын оқушы болды. Әсіресе жоғары сыныптарда кесте тігу өнеріне қызығушылығы оянып, ұлттық нақыштағы камзолдарды әсем өрнекпен безендіруді қолға алады. Бастапқыда жан қалауы болған бұл іс кейіннен табыс көзіне айналады.
Алайда жүрегінде адамға көмектесуге деген асқақ арман да қатар өрбіді. Осы ізгі ниет оны медицина саласына жетеледі. 2008 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжіне оқуға түседі. Болашақ фельдшер ретінде теориялық біліммен қатар тәжірибелік машықтарды да жетік меңгерді.
2011 жылы оқуын сәтті аяқтап, «Фельдшер» мамандығы бойынша диплом алған жас маман еңбек жолын Қонаев ауылындағы «Кемер» дәрігерлік амбулаториясында бастайды. Содан бері 15 жылдан астам уақыт бойы бір мекемеде табан аудармай қызмет етіп келеді.
Ауыл дәрігері мен фельдшері халыққа ең жақын жанның бірі. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан, адам өміріне араша түсіп, дер кезінде көмек көрсету үлкен ерлікпен пара-пар іс. Әріптестері оны ұқыпты, жауапкершілігі жоғары, сабырлы әрі мейірімді маман ретінде бағалайды.
Бүгінде ол үш бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Балаларына да ұлттық тәрбие беріп, еңбекқорлық пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп келеді.
Балнұр Жексенбекқызы.