Санитариялық қауіпсіздік – тұрғындар денсаулығын қорғаудың басты кепілі
Қазіргі таңда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Туристік аймақтарда, су объектілерінде, коммуналдық шаруашылық нысандарында және жаппай демалу орындарында санитариялық талаптардың сақталуы тұрғындардың денсаулығын қорғауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Су объектілеріне қойылатын
санитариялық талаптар
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №26 бұйрығымен бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қағидаларда:
• ауыз су сапасына қойылатын талаптар;
• су көздерін қорғау аймақтарын ұйымдастыру;
• судың микробиологиялық және химиялық көрсеткіштері;
• су объектілерін ластанудан қорғау шаралары белгіленген.
Су объектілерінің қауіпсіздігі – тұрғындардың денсаулығын сақтаудағы маңызды факторлардың бірі. Ластанған су жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін.
Неліктен демалыс орындарындағы қауіпсіздік маңызды?
Қазіргі уақытта адамдардың табиғат аясында демалуға, су айдындарында уақыт өткізуге деген сұранысы артып келеді. Алайда қауіпсіздік талаптарының сақталмауы түрлі төтенше жағдайларға, жарақаттарға, жұқпалы аурулардың таралуына және қоршаған ортаның ластануына әкелуі мүмкін.
Әсіресе, су объектілеріндегі демалыс орындарында қауіп жоғары болады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жаз мезгілінде судағы жазатайым оқиғалардың көбеюі көбіне рұқсат етілмеген орындарда шомылу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және бақылаудың жеткіліксіздігінен туындайды. Сондықтан мұндай аймақтарда санитариялық және қауіпсіздік талаптарын сақтау адам өмірін қорғаудың басты кепілі болып табылады.
Демалыс орындарына қойылатын
негізгі талаптар
Халық көп жиналатын демалыс орындары мен туристік аймақтар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Аумақтардың тазалығы тұрақты бақылауда болып, қоқыс контейнерлері жеткілікті көлемде орнатылуы қажет. Қоғамдық дәретханалар санитариялық талаптарға сай жабдықталып, ауыз су қолжетімді болуы маңызды.
Су объектілерінің демалыс орындарында:
• шомылуға рұқсат етілген аймақтар арнайы белгіленуі;
• су сапасына зертханалық бақылау жүргізілуі;
• құтқару бекеттері ұйымдастырылуы;
• алғашқы медициналық көмек көрсету орындары болуы;
• балаларға арналған қауіпсіз аймақтар қарастырылуы тиіс.
Сонымен қатар жағажайлар мен туристік нысандарда ақпараттық тақтайшалар, ескерту белгілері және төтенше жағдайда эвакуациялау жолдары көрсетілуі қажет.
Дезинфекция, дезинсекция және
дератизация талаптары
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шiлдедегi №ҚР ДСМ-68 бұйрығымен «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілген.
Қағидаларда:
• инфекциялық аурулардың алдын алу;
• зиянкестер мен кеміргіштерді жою;
• арнайы препараттарды қолдану тәртібі;
• қауіпсіздік шаралары;
• профилактикалық өңдеу жүргізу талаптары айқындалған.
Дезинфекция, дезинсекция және дератизация шаралары эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие.
Халықтың жаппай демалу орындары мен туристік аймақтардағы қауіпсіздік пен санитариялық талаптарды сақтау – тұрғындардың денсаулығын қорғаудың және туризмді дамытудың маңызды шарты. Әсіресе су объектілеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейту адам өмірін сақтауда ерекше рөл атқарады.
Тазалықты сақтау, заң талаптарын орындау және қоғамдық жауапкершілікті арттыру арқылы ғана қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи демалыс ортасын қалыптастыруға болады.
М.Саулебаев,
Шу аудандық СЭББ басқармасының
басшысы.
Б.Болатқызы,
Б.Тилепбергенов,
Шу аудандық СЭББ басқармасының жетекші мамандары.