Ақпараттық портал

Нотариус – халықтың сенімді тірегі

Кәсіби мерекелер тізімінде 14 шілде нотариат күні деп көрсетілген. Бұл дата 1997 жылы дәл осы күні «Нотариат туралы» Заңының қабылдануына орай бекітілген. Нотариат азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғап, заң тұрғысында құжаттарын рәсімдеп, сенімді құқықтық көмек көрсететін маңызды сала екенін айта кеткен жөн.
Шу ауданында аталмыш салада еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген нотариустар аз емес. Солардың бірі Жамбыл облыстық нотариаттық палатасына қарасты нотариус – Жанат Ажмағанбетова.
Кейіпкеріміз 1964 жылы Шу ауданы қазіргі Төле би ауылында дүниеге келген. Бұрынғы Н.Крупская атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Жанат Мейірханқызы Талдықорған қаласындағы заң техникумына оқуға түседі. Екі жылдан кейін оны аяқтап, еңбек жолын зейнетақы төлеу орталығында бастайды. Кейін сол кездегі Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетіне тапсырып, жоғары оқу орнында сырттай білім алып шығады.
Аудандағы түрлі мекемелерде жауапты қызмет істеген жерлесіміз 2005 жылдары білікті маман Ж.Ошановтың көмекшісі болып нотариат саласында тәжірибе жинақтайды. Толысқаннан соң құжаттарын жинақтап, нәтижесінде сертификатқа ие болады. Осылайша 2012 жылдан бастап нотариустық еңбек жолын бастаған Ж.Ажмағанбетова 15 жылға жуық уақыт бойы халыққа қызмет етіп келеді.
Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған кейіпкеріміз жұмыстан тыс уақытта немере бағып, әжелік міндетке кіріседі. Төл мерекесі қарсаңында Жанат Мейірханқызына зор денсаулық, бақ-береке мен отбасы амандығын тілейміз. Ұзақ жылдар бойы жасаған жұмысының зейнеті мен құрметін көре берсін деген тілегіміз бар.
Естеріңізге сала кетейік, нотариустың негізгі қызметіне сенімхаттарды куәландыру, өсиеттерді рәсімдеу, сатып алу-сату, сыйға тарту, кепілге қою және басқа да шарттарды куәландыру, мұрагерлік құқық туралы куәлік беру, құжаттардың көшірмелері мен қолтаңбалардың түпнұсқалығын куәландыру, заңда көрсетілген өзге де нотариаттық іс-әрекеттерді орындау кіреді.
14 шілде Нотариат күні қарсаңында аудан көлемінде өз қызметін жүргізіп отырған барлық сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Жұмыстарыңыз жемісті болғай!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.