Балықшылардың дәрежесі биіктеді
Елімізде шілденің екінші жексенбісінде балық шаруашылығы еңбеккерлері күні аталып өтеді.Бұл күні сала мамандарына құрмет көрсетіліп, еңбектері елге дәріптеледі. Аталған кәсіби мереке Шу ауданында да кеңінен тойланды.
Аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернештің төрағалығымен өткен жиынға балық шаруашылығы саласының қызметкерлері шақырылып, қошемет көрсетілді.
-Баршаңызға мәлім болғандай, өздеріңізбен шілденің екінші демалысында сіздермен жүздесуді жақсы дәстүрге айналдырдық. Осы күні саладағы серпінді істерді еске алып, балықшылар, балық өсірушілер, инспекторлар мен ихтиолог ғалымдардың еңбегін дәріптейміз.
Қазіргі таңда елімізде балық шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Мемлекет тарапынан толық қолдау бар. Шу ауданында да жақсы жобалар жоқ емес. Оған өздеріңіздің қосып отырған үлестеріңіз қомақты екенін ерекше атап өту керек. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, толағай табыстар тілеймін. Саланың дамуына атсалысып отырған азаматтарға алғыс білдіремін, -деді Серікхан Қуатұлы.
Мереке мезіретінде балық шаруашылығын дамытуға сондай-ақ табиғи байлықты қорғауға, айдындардың экологиялық тазалығын қамтамасыз етіп жүрген шулықтар аудан әкімінің өкіміне сәйкес марапатталды. Атап айтқанда, Тасөткел су қоймасының инспекторлары С.Қашаулиевке, Н.Асыраубаевқа, кәсіпқой балықшы, «Балық Fest Shu» ҚБ мүшесі Е.Илюбаевқа «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
«Балық Fest Shu» ҚБ тағы бір мүшесі, кәсіпқой балықшы Ж.Бекибаев пен Шу-Талас бассейндік балық шаруашылығының Шу ауданындағы инспекторы М.Қызбалаев Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Өздеріне құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғысын білдірген «Балық Fest Shu» ҚБ төрағасы Ж.Чекаев қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін саланың жалауын желбіретіп жүрген қанаттастарын кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ өзі басқарып жүрген үкіметтік емес ұйымның жұмыстары мен жоспарларын таныстырып өтті.
Жұмахан Төлеуұлының айтуынша, аудандағы Ақсу су қоймасы мен Сарғау су айдыны қоғамдық бірлестік меншігіне алынған. Маусым айының басында «Алтын бұлақ» шаруашылығынан 3 млн теңгеге бірнеше балық түрлерінің шабақтары сатып алынып, Ақсу айдынына жіберілген. Алдағы уақытта айдындарды балық түрлеріне толтыру жұмысы жалғасын табады дейді ол.
Байжан Емберді.