Ақпараттық портал

Мал дәрігерлері марапат төрінде

Ілгеріде ұзақтан бері ұшырасқан халқымыз бір-бірінен мал-жан амандығын сұрасқан. Төрт түлігін түгендеген қазақ үшін мал мінсе көлік, жесе ет, ішсе сүт, киінсе киім болған. Қазіргі таңда малдың амандығы қалың бұқараның азық-түлікті тұтынудағы қауіпсіздігі екені елге мәлім.

Елімізде 10 шілдеде – Ветеринария саласының жұмыскерлері күні тойланады. Биыл үшінші мәрте мерекеленіп отырған кәсіби күні аталмыш салада тер төгіп жүрген мал дәрігерлері мен ветеринарияның барлық мамандарына құрмет көрсету игі дәстүрге айналып отыр.
Мал саулығын қамтамасыз етіп жүрген мамандарды Шу ауданының әкімі Б.Жәнібеков пен аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов аудандық ветеринария бөліміне барып, төл мерекелерімен құттықтады.
Сала қызметкерлерінің ауыл шаруашылығының дамуына сіңіріп жүрген еңбектерін ерекше атап өткен аудан басшысы өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды бағыты екенін ұдайы айтып келеді. Бұл сіздердің қызметтеріңіздің қоғам үшін маңызы зор екендігін айшықтайды.
Халық денсаулығы мен азық-түліктің саламаттылығын сақтауда ветеринария қызметкерлері аянбай еңбек етіп келеді. Осы ыждаһаттарыңыз арқылы жерлестеріміздің алғысына бөленудесіздер. Күннің ыстық-суығына қарамастан жасап жатқан жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіріп, толайым табыстар тілейміз,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Бұдан соң ауданның әлеуметтік һәм экономикалық өркендеуіне оның ішінде ветеринария саласын ілгерілетуге қосып жүрген қомақты үлестері үшін бірқатар мамандар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Мал дәрігерлерінің кәсіби мерекесіне орай мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлы ізгі тілегін жеткізіп, марапатталғандарды құттықтады. Арнайы ат басын бұрып келген аудан басшыларына бөлім басшысы Талғат Хасенов та ризашылығын білдіріп, құрметке бөленген әріптестеріне тілегін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда аталмыш сала жануарлар денсаулығын қорғаумен қатар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін, азық-түлік сапасын бақылау және агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына маңызды үлес қосып келеді.
Шу ауданында жүзден аса жерлесіміз өзінің өмірін ветеринариямен байланыстырып, бүгінде елді мекендерде еңбек етуде. Олар аға буын қалыптастырып кеткен сара жолды жалғастырып, мал баққан қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Маңызды салаға облыс басшылығының қолдауы да жоғары деңгейде. Мәселен былтыр 10 ауылдық округке су жаңа «Нива» маркалы автокөліктер тарту етілген. Кәсіпорынның қазіргі теңгерімінде 30 «Нива» көлігі, 1 ДУК, 3 жеңіл көлігі бар. Ал ауданда 600 мыңға жуық мал басы тіркелгенін айта кеткен жөн.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.