Ала доп аламаны
Қазақстан Республикасының Спорт күні – кәсіби мерекесіне орай 15 тамыз күні Шу ауданында спорт саласының қызметкерлері арасында кіші футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды.
Спорттық шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың белсенділігін арттыру, сондай-ақ әріптестер арасындағы достық қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастықты нығайту.
Жарыстың ашылу салтанатында Шу ауданы әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы сөз сөйлеп, спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, ел бірлігін нығайтып, жастарды жігерлілікке, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды сала. Ауданымызда спортты дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ерекше мән беріліп келеді. Бүгінгі жарыс – спорт саласының мамандары арасындағы ынтымақтастықты арттырып, салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған жақсы бастама, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ ол жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, тартысты додада үздік командалардың жеңіске жетуіне тілектестік білдірді.
Жарыс барысында спорт саласының қызметкерлері өзара бақ сынасып, жоғары деңгейде шеберлік көрсетті. Командалар алаңда жеңіске деген жігерін танытып, көрермендерге тартысты ойын мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Спорт күніне орай ұйымдастырылған бұл жарыс аудан көлемінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға және спорт саласы мамандарының басын біріктіретін дәстүрлі спорттық шараларды дамытуға өз үлесін қосты.
Байжан Емберді.