Ақпараттық портал

Сайлау жүйесінің сапасы – кәсіби даярлықтан басталады

Ағымдағы жылдың 4–12 тамыз аралығында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарында аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу семинарлары өткізілді. Аталған қорытындыланған ауқымды оқыту жұмыстары сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, сайлау заңнамасын тәжірибеде тиімді қолдануға және электоралдық процесті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін меңгеруге бағытталды. Оқыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Семинарларға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық және аудандық аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, прокуратура өкілдері, полиция бөлімдері басшыларының орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың тиісті бөлімдерінің басшылары, аумақтық сайлау комиссиялары жанынан құрылған жас сайлаушылар клубтарының мүшелері, сайлау комиссияларының резервтік құрамы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда сайлау жүйесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету – мемлекеттің демократиялық дамуындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстың сапасы, ең алдымен, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығына байланысты. Сондықтан олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнамадағы өзгерістерді жете меңгеруіне жағдай жасау және практикалық дағдыларын жетілдіру – жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан маңызды жұмыстардың бірі.
Облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласын қамтыған семинарлардың негізгі мақсаты – аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, сайлау заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру, құқықтық нормаларды тәжірибеде тиімді қолдану және сайлау процесін ұйымдастырудың барлық кезеңдерінде бірыңғай тәжірибе қалыптастыру. Осыған сәйкес оқу бағдарламасы теориялық білім мен тәжірибелік сабақтарды ұштастырған кешенді форматта құрылды.
Оқу семинарлары барысында қатысушылар алдымен кіріспе тестілеуден өтіп, олардың бастапқы білім деңгейі анықталды. Бұдан кейін оқу бағдарламасына сәйкес негізгі дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізілді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов «Сайлау заңнамасындағы өзекті өзгерістер мен жаңалықтар» тақырыбында баяндама жасап, Конституциялық заңға енгізілген өзгерістердің мазмұнын, оларды тәжірибеде қолдану ерекшеліктерін және аталған өзгерістердің сайлау комиссияларының жұмысына әсерін жан-жақты түсіндірді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілқайыр Боранбаев сайлау процесін ұйымдастырудың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық дайындық және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталды. Осы тақырып аясында сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, инклюзивті орта қалыптастыру және әрбір азаматтың конституциялық сайлау құқығын толық іске асыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Комиссия мүшесі Мерей Амангелді сайлау алдындағы үгітті жүргізудің құқықтық тәртібі мен электоралдық кезеңдегі ақпараттық сүйемелдеу мәселелері жөнінде дәріс оқыды. Қатысушылар әлеуметтік желілерде ақпарат таратудың ерекшеліктерін, үгіт жүргізудің заңды тетіктерін және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін талқылады.
Сайлау күні байқаушылармен, кандидаттардың сенім білдірілген адамдарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жұмыс жүргізудің құқықтық әрі ұйымдастырушылық мәселелері жөнінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембеков баяндама жасап, нақты тәжірибеде кездесетін жағдайларға негізделген мысалдар келтірді.
Комиссия мүшесі Еркін Жапаров сайлау процесінде орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтар, олар үшін көзделген жауапкершілік және құқықтық тәуекелдердің алдын алу мәселелерін кеңінен түсіндірді.
Сайлау науқандарын қаржыландыру мәселесі бойынша комиссия мүшесі Әсел Қадырбекова дәріс оқып, сайлау қорларын қалыптастыру, қаржылық есептілік жүргізу, заң талаптарын сақтау және қаржылық ашықтық қағидаттарына қатысты маңызды мәселелерді қамтыды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов дауыс беру тәртібі, бюллетеньдермен жұмыс істеу, дауыстарды санау рәсімдері және сайлау қорытындыларын анықтау мәселелеріне тоқталды. Қатысушылар нақты жағдайларға негізделген практикалық тапсырмаларды орындап, кәсіби дағдыларын жетілдірді.
Семинар бағдарламасының басты ерекшелігінің бірі – теориялық дәрістердің практикалық тапсырмалармен ұштастырылуы. Әрбір тақырыптан кейін қатысушылар сайлау процесінде кездесуі ықтимал нақты жағдайларды талдап, тиісті құқықтық шешім қабылдау жолдарын қарастырды. Сонымен қатар интерактивті пікірталастар, топтық жұмыстар, практикумдар және өңірлік тәжірибе алмасу форматтары қолданылды. Мұндай тәсілдер қатысушылардың белсенділігін арттырып, алған білімдерін тәжіри-беде қолдануына мүмкіндік берді.
Бағдарлама аясында Kahoot платформасы арқылы ұйымдастырылған интеллектуалдық топтық сайыс та қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Интерактивті форматтағы жарыс тыңдаушылардың оқу барысында алған білімдерін бекітуге және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Семинарлар соңында барлық қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, оқу барысында меңгерген білім деңгейі бағаланды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар қатысушылардан кері байланыс алып, оқу бағдарламасының тиімділігіне талдау жүргізді. Оқуды сәтті аяқтаған қатысушыларға белгіленген үлгідегі электрондық сертификаттар табысталды.
Сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін жүйелі түрде арттыру – еліміздегі демократиялық институттарды нығайтудың, заң үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың сайлау құқықтарын қорғаудың маңызды кепілдерінің бірі. Облыс көлемінде өткізілген оқу семинарлары құқықтық білімді тереңдетумен қатар, тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге, сайлау комиссиялары қызметінің сапасын арттыруға және барлық деңгейдегі сайлау науқандарын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Семинарлар барысында қатысушылар заңнаманы тәжірибеде қолданудың тиімді тәсілдерін меңгеріп, өңірлерде жинақталған тәжірибелермен бөлісті. Бұл өз кезегінде комиссия мүшелерінің кәсіби жауапкершілігін арттыруға, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың тиімділігін күшейтуге негіз болады.
Сайлау жүйесінің сапасы тек заңнаманың жетілдірілуімен ғана емес, сол заң талаптарын нақты жағдайда сауатты әрі жауапкершілікпен жүзеге асыратын мамандардың кәсіби даярлығымен де өлшенеді. Сондықтан мұндай оқыту алаңдарының маңызы – теориялық білім берумен шектелмей, сайлау процесінің әр кезеңінде заңдылықты, ашықтықты және бірыңғай тәжірибені қамтамасыз ете алатын кәсіби орта қалыптастыруында.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы уақытта да сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын жүйелі түрде жалғастырады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.