Көкжиегі кең Көкқайнар ауылы
Газетіміздің әр санында ауданымызға қарасты ауылдық округтердің тыныс-тіршілігіне тоқталып, елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстар мен тұрғындарды толғандыратын мәселелерді оқырман назарына ұсынып келеміз. Бүгінгі санда біз аудан орталығынан шалғайда орналасқан Көкқайнар ауылдық округінің бүгінгі тынысы жайлы жазбақпыз…
Ауылға кірген бетте көзге бірінші түсетіні – кеңдік. Көшелері созылып жатыр. Үйлер бір-бірімен жалғасып, ауылдың қалыпты тіршілігі өз ырғағымен жүріп жатады. Бір үйдің ауласында мал, енді бір жерде құрылыс жұмысы, арырақта балалардың ойыны… Ауыл деген осы. Бір қарағанда тым қарапайым көрінетін осы көріністердің өзінен елді мекеннің әдемі тынысын көреміз. Бүгінде мұнда 1810 адам тұрады. Соңғы үш жылда тұрғындар саны 7-8 пайызға өскен. Көкқайнардың орналасқан жері де оның мүмкіндігін арттырып отыр. Логистикалық орталықтарға жақын. Алматыға, Қырғызстанға қатынау қолайлы. Демек, ауылдың тынысы тек егін мен малға ғана байланбай, сыртқы экономикалық байланыстарға да жақындай түсуде. Көкқайнарда қазір баспана мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Халық көбейген сайын жерге деген сұраныс та артады. Ауыл әкімі Қуатбек Тірібосынұлының айтуынша, жер мәселесіне байланысты ауылдың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, аумақты кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Ауылдың тыныштығы мен берекесін сақтай отырып, оны заман талабына сай кеңейту қажет. Яғни жаңа үйлер бой көтеретін аумақпен бірге жол, жарық, су секілді қажетті инфрақұрылым да қатар жүруі тиіс.Көкқайнарда бұл жұмыстардың негізі қаланған деуге негіз бар. Ауылдағы алты көшенің бәрі асфальтталған. Көше қиылыстарына да асфальт төселген. Әсіресе көктемгі лайсаң мен қысқы қолайсыздықты ауыл тұрғындары жақсы біледі. Сондықтан асфальт жолдың қадірін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Көкқайнарлықтардың тұрмысындағы ең маңызды өзгерістердің бірі үйге кірген игіліктер.
Ауылға табиғи газ 2013-2014 жылдардан бастап кіре бастаған. Соңғы үш жылда газ жүйесіне қосылмай қалған 18 үйдің мәселесі де мемлекеттің және демеушілердің көмегі арқылы шешілген. Ауыз су мәселесі де 2023-2024 жылдары қолға алынып, қазіргі таңда тұрғындар суды толық пайдаланып отыр. Бұрын ауылдағы қарапайым тұрмыс қажеттілігінің өзі үлкен мәселе болуы мүмкін еді. Қазір тұрғын үшін үйіне су мен газдың келуі күнделікті қалыпты жағдай. Бірақ осы қалыпты жағдайдың артында жылдар бойы жүргізілген жұмыстар тұрғанын ұмытпау керек. Себебі ауылдың өркениеті кейде осындай қарапайым нәрселерден басталады.
Кеш түскенде ауылдың тағы бір қыры байқалады. Көкқайнардың алты көшесі түнгі уақытта жарықтандырылған. Көшелерге заманауи шамдар қойылып, жарықтандыру 100 пайызға жеткізілген. Электр желілерінің жайы да біртіндеп жаңарып келеді. Екі көшедегі электр бағандары ауыстырылған. Ал қалған төрт көшенің бағандары мен сымдарын жаңарту мәселесі тұр. ЖЭС мәліметіне сәйкес, бұл жұмыстарды 2028 жылдың қыркүйегіне дейін кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған. Жалпы ауылдың күнделікті өмірінде жарықтың орны бөлек. Себебі кешкілік көшеде жүрген бала да, жұмыстан қайтқан тұрғын да өзін қауіпсіз сезінеді. Ал бүгінгі ауыл үшін жарықпен қатар интернет те қажет. Көкқайнарда «Қазақтелеком» арқылы Wi-Fi жұмыс істейді. Activ, Beeline және Tele2 байланыс операторларының станциялары да ауылда орналасқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын ауылдағы интернет мәселесі қосымша мүмкіндік ретінде қаралса, қазір ол қажеттілікке айналды. Оқушыға да, мұғалімге де, кәсіпкерге де, шаруаға да ақпарат керек. Демек, байланыс сапасы да ауылдың өмір сүру деңгейін көрсететін көрсеткіштердің біріне айналып отыр.
Көкқайнардың тіршілігін ауыл шаруашылығынсыз елестету қиын. Бұл жерде мал өрісі де, егін алқабы да бар. Қазіргі таңда ауылда 1339 бас ірі қара, 32 мың бас ұсақ мал және 826 жылқы есептеледі.
Сандардың ар жағында қаншама шаруа тұр. Бірінің қорасында бұзау байлаулы, екіншісі қойын өріске айдап барады, енді бірі жылқысының жайын ойлайды. Ауылдағы еңбек күнінің өз ырғағы бар. «Ауыл аманаты» жобасының да Көкқайнардағы шаруашылыққа әсері байқалады. Ауыл тұрғындары бұл жобаға 2023 жылы қатысып, жалпы 630 миллион теңгеге жуық қаржы игерілген. Екі кооператив ашылып, қажетті техникалар алынған. Бес бағыттың үшеуі бойынша жобалар жүзеге асырылған. Мал басының қазіргі көрсеткіштеріне қарасақ, бұл қолдаудың ауылдағы кәсіпке серпін бергенін аңғаруға болады. Ал егін даласында биыл 2200 гектарға бидай, 1850 гектарға арпа егілген. Бидайдың барлығы жиналған. Орташа түсім 18-20 пайыз өнімді құраған. Жалпы жерге дән салып, өнім алу қағаздағы көрсеткіштен әлдеқайда күрделі жұмыс. Оның артында ауа райына қарау, техниканы дайындау, тұқым қамдау, уақытпен жарысу секілді талай еңбек бар. Көкқайнардың шаруасына кедергі келтіретін мәселенің бірі – жайылым. Мал саны бар ауылға жайылымның жеткілікті болуы аса маңызды. Сондықтан ауыл маңындағы жайылымдық жерді кеңейту мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Одан кейінгі мәселе – суармалы жерлерге су жеткізу. Бұл мәселенің тамыры тереңде. Тұрғындар оны отыз-қырық жылдан бері айтып келеді. Жер бар, еңбек етуге ниет бар. Бірақ жердің берекесін арттыратын судың мәселесі шешілмесе, егін және мал шаруашылығын кеңейту қиын. Оған қоса, «Қазақмыс» компаниясының «Жосалы» кен қазба орнына қатысты жерасты суларының тартылу қаупі де бар. Бұл әсіресе мал қыстақтары үшін алаңдататын жағдай. Яғни ауылдың бүгінгі мәселесі көшенің жағдайымен шектелмейді. Оның ар жағында жер, су, жайылым секілді шаруаның болашағына тікелей әсер ететін түйткілдер жатыр.
Ауылда әлеуметтік және қоғамдық нысандар біртіндеп толығып келе жатыр. 2025 жылы ауылда спорт кешені салынған. Екі футбол алаңы бар. Оның бірі 2020 жылы, екіншісі 2021 жылы пайдалануға берілген. Балаларға арналған қос ойын алаңы да бар. Ал ауылдың үлкен буыны үшін мектеп, мәдениет үйі, ФАП, әкімшілік секілді нысандардың маңызы бөлек.
Көкқайнар мектебінің тарихы да тереңде. Ол 1984 жылы салынған. Енді С.Естемесов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне қол жеткізілген. 2018 жылы ФАП салынған. 2024 жылы ауылда дәмхана ашылса, 2026 жылы «Беккер» шағын дүкені пайдалануға берілген.
Ауылдың сыртқы келбеті де назардан тыс қалмаған. Әкімшілік пен стадион аумағына 1500 түп ағаш отырғызылған. Көшелердің бағаналары сырланып, әктеледі. Тазалық жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Ауылда бір полигон орны бар. Қоқыс аптасына үш рет арнайы машинамен шығарылады. Көшелерден мал шыққаннан кейінгі қалдықтарды жинау, ауыл аумағын таза ұстау жұмыстары да ұйымдастырылған.
-Көкқайнардың бүгінгі жағдайын сөз еткенде, ең алдымен, ауылдың мүмкіндігіне тоқталған жөн деп ойлаймын. Ауылда мал шаруашылығымен айналысып отырған азаматтар, егін еккен шаруалар, өз кәсібін бастауға талпынып жүрген тұрғындар бар. Әкімдік жұмысының мәні де белгілі бір нысанды салып немесе көшеге асфальт төсеп қоюмен шектелмеуі керек. Ең бастысы тұрғынның күнделікті өміріне әсер ететін мәселелерді көріп, олардың шешілу жолын іздеу. Бір отбасы үшін ауыз су маңызды болса, екінші тұрғын үшін жер телімі, шаруа үшін жайылым мен су, ал жас отбасы үшін баспана мәселесі өзекті болуы мүмкін. Сондықтан ауылды басқаруда барлық мәселені бір өлшеммен қарауға болмайды. Бүгінде Көкқайнарда көптеген жұмыстардың нәтижесі көрініп тұр. Ауылдың барлық алты көшесі асфальтталған, тұрғындар табиғи газбен және ауыз сумен қамтылған, көшелердің түнгі жарығы толық қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары газға қосылмай қалған үйлердің де мәселесі шешілді. Дегенмен атқарылған жұмысқа тоқмейілсуге болмайды. Өйткені халықтың сұранысы да уақыт өткен сайын өзгереді. Меніңше, ауылдың болашағын жоспарлағанда бүгінгі емес, ертеңгі жағдайды ойлау керек. Сондықтан кез келген жұмысты мүмкіндікке қарай кезең-кезеңімен жүргізуге тырысамыз, – дейді ауыл әкімі Қуатбек Жамбылов.
Балнұр Жексенбекқызы.