Арман қалаға апарған ақ жол
Кейде бала жүрегіндегі үлкен арманның оянуына бір көрініс, бір кездесу, тіпті бұрын тек кітаптан оқыған яки теледидардан көрген қаланың көшесімен бір рет жүріп өтудің өзі жеткілікті. Әр баланың жүрегіндегі арманына қанат бітіру-мемлекеттің айнымас міндеті болуы ел болашағына салынған үлкен көпір. Күні кеше ғана Жамбыл облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен Әулиеата өңірінің озат оқушыларына арналған «Астана – менің Отанымның елордасы» атты мәдени-танымдық сапарға қатысу бақыты Шу ауданының да талапты өрендеріне бұйырды. Бұл сапарға шалғайда орналасқан Ақсу, Оразалы ауылдарындағы Кенен Әзірбаев, Жүсіп Баласағұн орта мектептерінен, Абай ауылында орналасқан Абай атындағы орта мектебінен, Еңбекші орта мектебінен Інжу Мыңбай, Халимат Мұхтар, Төреғали Аманхан, Алдияр Марат, Медина Құдайберген есімді озат оқушылар барды. Үш күнге созылған бұл сапар балаларға елорданың көрікті жерлерін көрсетіп қана қойған жоқ. Тарихты көзбен көріп, тәуелсіздіктің тынысын сезінген әр сәт олардың көңіліне «білім мен талап адамды биікке бастайды» деген айрықша сенім ұялатты. Аудан мектептерінен іріктелген өрендер үшін бұл жолдама жақсы оқығаны үшін берілген марапат қана емес, өз еңбегінің еленгенін сезіндірген ерекше құрмет еді.
Пойыз терезесінен алыста қалған туған жерге көз тастап келе жатқан бала көңілінде қанша ой болғанын кім білсін? Бірінің Астананы алғаш көруі, бірінің Бәйтерекке шығуды бала күнінен армандауы, енді бірі ел астанасындағы үлкен оқу орындарына бір күні студент болып қайта оралуды ойлаған шығар?! Бірақ сол сәтте олардың бәрін біріктірген бір сезім бар еді. Ол – өз еліне, өзінің жақсы оқып, осындай мүмкіндікке ие болғанына деген мақтаныш. Астана оларды асқақ ғимараттарымен ғана емес, әр тасы тарихтан сыр шертетін өзгеше әлемімен қарсы алды.
Елордамен алғашқы таныстық адамзат ақыл-ойының шексіздігін паш еткен Леонардо да Винчи мұрасымен жүздесуден басталды. Ғасырлар бұрын қағаз бетіне түскен ғажайып идеялар мен өнертапқыштың қиялынан туған дүниелерге үңілген бала үшін бұл жай көрме емес еді. Бір адамның білімге деген құштарлығы ғасырлардан асып, тұтас адамзатқа мұра болып қалғанын көрудің өзі үлкен сабақ. «Көп оқыған, көп ізденген адам осындай биікке жете алады екен-ау?!» деген ойдың бала санасына сол жерде ұяламауы мүмкін емес.
Ғылым мен өнердің әлемінен шыққан балалардың алдынан көп ұзамай қазақ елінің азат рухын асқақтатқан «Қазақ елі» монументі көрінді. Ақ мәрмәрдан бой көтерген алып тұғырдың төбесіндегі Самұрық құс – ғасырлар бойы аңсаған еркіндіктің, жаңа биікке ұмтылған мемлекеттің нышанындай. Кеше ғана Қазақстан тарихы оқулығынан тәуелсіздік туралы тарауды оқыған оқушы енді сол тарихтың белгісіне айналған алып ескерткіштің түбінде тұр. Оқулықтағы сөйлем мен көз алдындағы шындықтың арасы осындай сәтте жақындай түседі. Тарих енді жаттап алатын жылдар мен атаулар емес, өзің тиесілі елдің жүріп өткен жолы болып сезіледі.
Астана көшелерімен жалғасқан сапар сайын елорданың тағы бір қыры ашыла берді. Биіктен қаланы тамашалаған сәтте кең даңғылдар мен сәулетті ғимараттар алақанға салғандай көрінді. Кеше ғана Есілдің жағасындағы шағын Ақмола болған мекеннің аз уақыт ішінде әлем таныған астанаға айналуы да адам еңбегі мен ел мұратының мүмкіндігін аңғартқандай. Биіктен төменге көз салған бала бәлкім алғаш рет өзінің болашағын да осындай биіктен елестеткен болар.
Ал мұхиттан мыңдаған шақырым қашық жатқан даланың төріндегі океанариум мүлде басқа әлемге жетеледі. Су астында үнсіз сырғып жүрген балықтар мен таңғажайып тіршілік иелерін тамашалаған балалар үшін табиғаттың өзі ашылмаған алып кітап секілді еді. Оның әр парағын ғылым ғана сөйлетеді. Көрген сайын сұрақ көбейеді, сұрақ көбейген сайын білуге деген құмарлық артады. Танымның ең әдемі бастауы да осы емес пе?!
Екінші күнгі сапар елорданың бойтұмарына айналған Бәйтерекке ұласты. Қазақ дүниетанымындағы өмір ағашы мен Самұрық туралы көне аңыздың заманауи сәулетпен астасқан бейнесі бүгінде тәуелсіз Қазақстанның ең танымал нышандарының бірі. Оның биігіне көтерілгенде Есілдің екі жағасына қанат жайған Астана көз алдыңда өзгеше құлпырады. Сол биікте тұрған Шу баласының жүрегінде қандай арман оянды екен? Мүмкін, «осы қалада оқысам?!» деген ой келген шығар. Мүмкін, зәулім ғимараттарға қарап сәулетші болуды армандаған болар. Әлде алыстан менмұндалаған білім ордаларын көріп, «бір күні мен де осында студент болып келемін» деп іштей өзіне уәде берген шығар. Бәйтеректің ең үлкен әсері де осында секілді. Ол баланы тек қаланың үстіне көтермейді, оның арманын да бір сәт биіктетіп жібереді.
Бәйтеректен басталған сол ой Ұлттық музей табалдырығын аттағанда тарихтың тереңіне қарай жетеледі. Ұлы дала төсінен табылған көне мұралар, бабалар өркениетінің белгілері, қазақ мемлекеттілігінің сан ғасырлық жолын сөйлеткен жәдігерлер – бәрі де үнсіз тұрғанымен, айтары мол шежіре. Кеше мен бүгіннің арасындағы алтын көпір іспетті сол құндылықтарға қараған бала өзінің тарихы мектеп оқулығының бірнеше бетінен әлдеқайда терең екенін сезінеді. Ел тарихы ерлік тарихымен де сабақтас. Сондықтан Қарулы Күштердің Әскери-тарихи музейіндегі әрбір жәдігердің салмағы бөлек еді. Ел басына күн туған шақтарда Отанын қорғаған азаматтардың ерлігі, әскери тарихтың түрлі кезеңдері жас ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындырғандай.
Үшінші күн Астананың рухани әрі табиғи келбетін тануға ұласты. Елордадағы сәулеті айрықша мешіттің кеңістігіне енгенде қаланың күнделікті қарбаласы бір сәт сыртта қалғандай әсер береді. Күмбез астындағы тыныштық пен ұлттық өрнектер үйлесімі бала көңіліне сабыр мен ізгіліктің де адам өміріндегі үлкен құндылық екенін сезіндіреді. Одан кейінгі Ботаникалық бақтағы сәттердің бояуы мүлде бөлек. Әйнек пен бетоннан бой көтерген заманауи шаһардың ортасында жайқалған жасыл әлем табиғат пен қаланың бір-біріне жат емес екенін аңғартады. Ағаш арасындағы тыныштық, гүлдердің алуан түсі, таза ауа – бәрі де туған жердің табиғатын қадірлеу туралы үнсіз сыр айтқандай. Шу өңірінің кең даласынан келген бала үшін Астананың дәл ортасындағы осындай жасыл кеңістіктің болуы да өзінше бір жаңалық.
Ал сапар соңындағы Қазақстан теміржолы тарихына арналған музейде балаларды елдің сан қиырын жалғаған болат жолдың шежіресі қарсы алды. Теміржол – Шу үшін де бөтен ұғым емес. Теміржолмен тағдыры тамырлас өңірдің балалары үшін рельстер мен пойыздардың тарихы туған жермен үндесіп жатқандай сезілгені анық. Бір кезде қазақ даласының алыс аймақтарын жақындастырған темір жол бүгін сол Шу баласын Арқа төсіндегі Астанаға жеткізіп отыр. Кеше тарих болған жолдың бүгін өз сапарыңның бір бөлшегіне айналуының өзінде ерекше бір сабақтастық бар.
Осылай үш күн өте шықты. Үш күн ғана… Бірақ кейде үш күн баланың жадында үш жылда өшпейтін із қалдырады. Олар Астанаға барғанға дейін Бәйтеректі суреттен көрді, Ұлттық музей туралы естіді, «Қазақ елі» монументін кітаптан таныды. Ал енді сол орындардың әрқайсысымен байланысты өз естелігі бар. Ең маңыздысы – сол естеліктің арасында өзінің де кішкентай жеңісі тұр. Өйткені, бұл сапарға олар кездейсоқ келген жоқ. Оларды мұнда білімге деген талпынысы, еңбегі мен ізденісі алып келді. Бала үшін мұны сезінуден артық ынталандыру бар ма?! «Мен жақсы оқыдым – менің еңбегімді байқады. Мен іздендім – алдымнан жаңа әлем ашылды. Демек, бұдан да биік мақсатқа жете аламын»… Осындай оймен туған жерге қайтқан бір баланың ертең кітапқа бұрынғыдан құштарлана түсуі – сапардың ең үлкен нәтижесі. Оның жетістігін көрген сыныптасы да келесі жолы өзі сондай мүмкіндікке ие болу үшін талпынса, бұл сапардың шапағаты тағы бір жүрекке жеткені.
Жамбыл облысының жас өрендеріне берілген осы мүмкіндік Шу ауданының балалары үшін де ұмытылмас рухани олжаға айналды. Олар елорданың әсемдігін ғана көрген жоқ. Олар ғылымның адамды ғасырлардан асыратынын, тарихтың ұлтты тамырымен жалғайтынын, тәуелсіздіктің қадірін, елге қызмет етудің жауапкершілігін, үлкен мақсатқа білім арқылы жетуге болатынын сезініп қайтты.
Пойыз Шу өңіріне қарай қайта бет алғанда терезенің ар жағында Астананың шамдары біртіндеп алыстай берген шығар. Бірақ сол үш күнде бала жүрегінде жанған бір жарық олармен бірге туған жерге қайтты. Ол – арманның жарығы. Бүгін олар арман қаланы тамашалаған оқушы болып оралды. Ал ертең сол балалардың бірі Астанаға студент болып келер. Бірі инженер, бірі дәрігер, бірі ұстаз, бірі ғалым атанып, елдің ертеңін қалыптастырар. Кім білсін, бәлкім, сол үлкен жолдың ең алғашқы қадамы дәл осы сапарда, Бәйтеректің биігінен елордаға үнсіз көз тастаған бір сәтте басталған шығар… Өйткені балаға берілген бір мүмкіндік – кейде тұтас бір тағдырдың бағытын өзгертетін үлкен сенім.
Айғаным Асқарбек.