Абай мұрасы – ұрпаққа аманат
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани әлемін асқақтатып, ұлттық ой-санаға тың бағыт берген дана ақын, ойшыл, ағартушы. Тұлғаның туғанына 181 жыл толуы – оның шығармашылық мұрасын тағы бір зерделеп, ақынның адамзатқа айтар ойларын бүгінгі буынға жеткізудің маңызды мезеті.
Абай шығармашылығының басты арқауы – адам болу, білімге ұмтылу, еңбек ету, әділеттілік пен ар-ожданды бәрінен биік қою. Ақын өз дәуірінің кемшіліктерін көрсете отырып, жұртты надандық пен жалқаулықтан арылып, ғылым мен білімге бет бұруға үндеді. Оның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – бүгінгі жас ұрпақ үшін де мәнін жоғалтпаған құндылық болып қала береді.
Хакімнің «Адам бол» деген ұстанымы – ақынның бүкіл шығармашылығының алтын қайнары. Абай үшін адамның шынайы қадірі байлығымен немесе атақ-мансабымен емес, ақылымен, білімімен, еңбегімен және адамгершілік қасиетімен таразыланбақ. Осы тұрғыдан алғанда, ойшыл мұрасы – белгілі бір дәуірдің ғана еншісі емес, әр кезеңдегі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани мектеп.
Ұлық ақын жастардың болашағына өзгеше алаңдады. Ол жас толқынның ғылым үйреніп, дүниені танып, қарым қабілетін ел игілігіне жұмсауын қалады. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген даналығы адамның ғұмырлық мақсатын терең түсіндіреді. Бұл жерде Абай жасқа тек білімді болуды емес, білімді ізгілікпен ұштастыруды өсиет етеді.
Ақынның қара сөздері де – ұлт тәрбиесіне арналған терең ойлардың қайнар бұлағы. Әрбір қара сөзінде ол адам мінезін, қоғамның болмысын, білім мен тәрбиенің маңызын саралайды. Ақын шығармаларының құндылығы да осында – ол оқырманға дайын жауап беріп қана қоймай, ойлануға үйретеді.
Ол «Он тоғызыншы қара сөзінде» адам есті болып тумайтынын, естіп, көріп, ұстап, татып, зерделеп барып білімді болатынын баяндайды. Бұл – қазіргі білім қоғамы үшін де аса маңызды қағида. Бүгінгі жастар ақпараттың мол дәуірінде өмір сүріп отыр. Бірақ ақпараттың көп болуы мен шынайы білімнің арасында айырмашылық аспан мен жердей. Абай айтқандай, көрген-білгенді жай қабылдамай, оны ой елегінен өткізу, пайдалысын меңгеру – нағыз білімнің белгісі.
Ақынның «Толық адам» туралы ойлары да қазіргі заманмен үндеседі. Ақыл, жүрек, қайраттың үйлесімі адамды кемелдікке жеткізеді. Ақыл адамға дұрыс жолды көрсетсе, қайрат сол жолмен жүруге күш береді, ал жүрек адамды мейірім мен әділетке бастайды. Осы үш қасиет бір-бірімен үйлескенде ғана адам бойындағы ізгілік толық көрініс табады.
Абайды оқу – өткенді тану ғана емес, бүгінгі күнге көзқарас қалыптастыру. Оның шығармаларындағы еңбек, білім, жауапкершілік, адалдық, бірлік, әділет туралы ойлар қазіргі қоғам үшін де аса қажет.
Әсіресе өскелең ұрпақ үшін Абай мұрасының тәрбиелік мәні ерекше. Жастар ақын шығармаларынан уақытты бағалауды, еңбектенуді, білімге ұмтылуды, өз мінезін тәрбиелеуді үйрене алады. Абайдың өзі айтқандай, адам болу – бір күнде қалыптасатын қасиет емес. Ол үздіксіз ізденісті, өзін-өзі жетілдіруді талап етеді.
Абай шығармашылығының түпкі мәні – адамды ояту. Ол халықтың санасын оятуды, жастардың көкірек көзін ашуды, әр адамның өз бойындағы кемшілігін көріп, оны түзетуге талпынуын қатты қалады. Содан таяқ та жеді. Сондықтан Абайдың әр өлеңі мен қара сөздері оқырманын ішкі сұхбатқа шақырады.
Бүгінде технология қарыштап дамып, қоғамның өмір сүру дағдысы өзгергенімен, пенденің адамдық болмысы өзгермеуі керек. Ар, ұят, әділет, мейірім, еңбек, білім секілді құндылықтар қай заманда да маңызды. Абайдың мәңгілік мұрасы бізге осыны ұғындырады. Сол себеп Абайға абай болғанымыз абзал.
К.Инкарбекова,
Ақтөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы.