Жастар – білім бәсекесінде
Кейінгі кезде аудан жастары арасында түрлі мәдени, спорттық және зияткерлік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Соның жалғасы ретінде Төле би ауылында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Шұғылалы Шуым» атты аудандық квест ойыны өтті.
Аудан жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру, зияткерлік қабілеттерін дамыту және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруды мақсат еткен шараға ауданның әр елді мекенінен 10 команда қатысты. Квест ойынының ерекшелігі – қатысушылардың бірнеше бағыттағы тапсырмаларды орындауы арқылы өздерінің жан-жақты қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік берілуінде. Сайыс барысында командалар белгіленген кезеңдерден өтіп, ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған түрлі тапсырмаларды орындады. Ойын барысында жастардың тапқырлығы, жылдам шешім қабылдауы, логикалық ойлау қабілеті және берілген тапсырманы топ болып орындауы сынға түсті. Әр кезеңде қатысушыларға белгілі бір тапсырмалар беріліп, оны белгіленген уақыт ішінде орындау талап етілді.
Квест барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, тапсырмалардың шешімін бірге іздеді. Кейбір кезеңдерде жылдамдық пен шапшаңдық қажет болса, енді бір тапсырмаларда логикалық ойлау мен зеректілік басымдық берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарға арналған мұндай форматтағы шаралар аудан жастарының өзара танысып, тәжірибе алмасуына, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуіне жағдай жасайды. Квест ойыны барысында командалар арасында тартысты бәсеке қалыптасты.
Қатысушылар әр кезеңде бар мүмкіндіктерін пайдаланып, жоғары нәтиже көрсетуге тырысты. Нәтижесінде, ойын қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталды. Жарыстың І орнын Ақсу жастары иеленді. ІІ орын Көкқайнар жастарына бұйырса, ІІІ орын Балуан Шолақ жастарына берілді.
Жеңімпаз командалар арнайы марапаттармен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Балнұр Жексенбекқызы.