АҚ КИМЕШЕК – ҰЛТТЫҢ АЖАРЫ
Шу ауданында әже өнегесін ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды тағы бір шара өтті.
Атап айтқанда 27 тамыз күні «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» бағдарламасы аясында «Ақ кимешек басымда, адалдығым қасымда» атты әжелер байқауы ұйымдастырылды.
Тағылымды шараға ауданның 15 ауылдық округінен келген әжелер қатысып, өзара бақ сынады. Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, әжелердің өнегелі жолын насихаттау, сондай-ақ олардың өнері мен қолөнер шеберлігін кеңінен таныту.
Байқау барысында қатысушылар өздерінің ұлттық құндылықтарға деген құрметін танытып, салт-дәстүрді сақтау мен ұрпақ тәрбиесіндегі әженің рөлін көрсете білді.
Қорытындысында Балуан Шолақ ауылының әжесі Жексенкүл Тортаева бас жүлдеге ие болды. Бірлікүстем ауылының тұрғыны Зибагүл Берікбаева І орынға лайық деп танылды.
ІІ орынды Ақтөбе ауылының қатысушысы Баян Босыноваға, Белбасарлық Гүлнар Дүбірова және Қонаев ауылынан келген әже Мархабат Көшкінбаева өзара бөлісіп алды. Ал ІІІ орынды Шу қаласының намысын қорғаған Манат Сатова иеленді.
Әжелер байқауының соңы өнерлі ардагерлердің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Кеш барысында әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй орындалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ақ кимешек – әженің ажары ғана емес, ұлттың ұлағаты мен тәрбиесін, салт-дәстүрі мен даналығын бойына жинақтаған ұлттық құндылықтың символы. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпаққа халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен өнегесін насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік мол.
Фариза Нұрханқызы,
журналист.