Ақпараттық портал

Сыбайлас жемқорлық – сыйлық беруден басталады

Жемқорлық туралы айтқанда көбіне үлкен қылмысты елестетеміз. Бірақ оның бастауы кейде «мәселені тезірек шешіп беріңізші» деген өтінішке көз жұма қараудан, таныстықты әділдіктен жоғары қоюдан көрінеді. «Бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол берілсе, заңға да, бір-бірімізге де сенім азаяды. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес әр азаматтың өз ісінде әділ болуынан басталуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі деп атаған болатын. Бұл ұстаным Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетімен де үндесіп жатқандай. Қоғамдағы әрбір саналы адам өзіне тиімді жолды таңдаған сәтте оның өзгеге әділ екенін де таразылауы қажет деп ойлаймын.
Осы ой жуырда ғана Төле би ауылындағы «Әділет» партиясы ғимаратының мәжіліс залында өткен конференцияда кеңінен сөз болды. Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің аудандық білім бөлімімен бірлесе ұйымдастырған басқосуы «Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбында өтті. TEDx форматындағы кездесуге әр салада өз жолын тапқан азаматтар қатысып, жастармен өмірлік тәжірибесін бөлісті.
Конференцияның мақсаты мен міндетін таныстырған Шарапат Батырбекқызы әңгімесін жастарға қажет өмірлік ұстанымдар мен дағдыларға жалғады. Одан кейін сөз алған ардагер ұстаз Абай Мырқашымұлы ұстаздық жолы туралы айтты. Оның әңгімесі тәрбие мен білімнің қатар жүруі керектігін тағы бір еске салды: бала әділдіктің мәнін естіген сөзінен ғана емес, үлкендердің күнделікті ісінен де үйренеді.
Адал еңбек тақырыбы келесі спикерлердің әңгімесінде жалғасын тапты. Ауданға белгілі хореограф Айнұр Мәлік сонау Қытайдан Қазақстанға келіп, кәсібін жалғастырып, өз еңбегімен аяққа тұру жолын баяндаса, Жұмахан Чекаев аудандағы қызметі кезінде бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Екі спикердің өмірлік тәжірибесі әртүрлі болғанымен, екеуінің де сөзінен алға ұмтылу мен өз ісіне жауапкершілікпен қараудың маңызы аңғарылды.
Ал, түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Умар Тайфурович осы ойды әрі қарай өрбітіп, жастарды жауапкершіліктен қашпауға, адал еңбек етуге шақырды. Ол ұлттар арасындағы достық пен өзара сыйластыққа да тоқталды. Өйткені әділ қоғам құру үшін заңды құрметтеумен бірге, бір-бірімізге құрметпен қарау да қажет.
Конференцияда осы жолдардың авторы да «Адал азамат, зерделі ұлт» тақырыбында ой бөлісті. Оқушыларға шығармашылық қабілетін дамыту, ізденуден қорықпау және өз еңбегіне сену жөнінде кеңес берді. «Мен үшін бұл кездесу жастарға дайын ақыл айту ғана емес, олардың арман-мақсатын тыңдап, адалдықтың болашақ жолын таңдауда қаншалықты маңызды екенін бірге ой елегінен өткізу мүмкіндігі болды» деді ол өз сөзінде.
Жоба аясында аудандық полиция бөлімінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбында кездесу де өткізілді. Осы екі басқосуды біріктірген ортақ ой айқын: жемқорлыққа төзбеушілік тек талап ретінде айтылып қоймай, әр адамның күнделікті ұстанымына айналуы тиіс. Ар мен еңбекті биік қоятын ұрпақ өссе, әділетті қоғамның негізі де нығаяды.

Ұлбосын Қырбайқызы,
М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.