Ақпараттық портал

26 отбасының ортақ қуанышы

Баспана – әрбір отбасының берекесі мен бақытының бастауы, ертеңге деген сенімінің тірегі. Өз шаңырағының болғанын армандаған жандар үшін жаңа үйдің кілтін қолына алу – өміріндегі ең қымбат сәттердің бірі.
Өткен аптада Шу қаласында 26 отбасы көптен күткен қуанышқа кенеліп, жаңа баспаналарының кілтін алды. Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, ауданның қадірлі қариялары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Салтанатты рәсімде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту – жергілікті атқарушы органның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Үй кезегінде тұрған жерлестеріміздің басты арманына қол жеткізуіне жағдай жасау – жергілікті атқарушы органның негізгі міндеттерінің бірі. Осы бағытта 2023 жылдан бері тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, соңғы үш жылда 300-ге жуық баспана берілді. Жыл соңына дейін тағы 100-ге жуық отбасын жаңа баспанамен қуантуды жоспарлап отырмыз.
Бүгінгі ақжолтай жаңалықты сіздермен бөлісіп отырғанымызға бек қуаныштымыз. Республика күні мен Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңындағы қоныс тойларыңыз құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке мен ырыс тілеймін. Осы шаңырақта шаттыққа бөленіп, қуанышқа кенеле беріңіздер! Іші жанға, сырты малға толсын! – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін баспана кілттерін табыстау рәсімі өтіп, көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен жетім балалар көптен күткен армандарына қол жеткізді. Қоныс иелеріне кілт табыстаған қариялар ақ батасын беріп, жаңа шаңырақтарға құт-береке тіледі.
Шу қаласында бой көтерген үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жеке кәсіпкер Назымхан Әбітаев жүргізген. Нәтижесінде 18 тұрғын баспаналы болып, жаңа өмірге қадам басты. Үйде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Қасбеті келіскен, ауласы абаттандырылған тұрғын үйдің ауласында жаңа қоныс иелерінің құрметіне ақ дастарқан жайылды.
Сонымен қатар тағы бір кәсіпкердің күшімен салынған сегіз үй Жиренше шешен көшесінде пайдалануға берілді. Осылайша, 26 отбасының көптен күткен баспана арманы орындалды.
Жаңа үйге қол жеткізген отбасылардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – ерекше қажеттілігі бар азамат. Ол тұрғын үй кезегіне 2013 жылы тіркелген екен. Арада 13 жыл өткенде үш бөлмелі пәтерге ие болып, отбасымен бірге жаңа өмірге қадам басып отыр.
– Ерекше қажеттілігі бар азамат ретінде 2013 жылы тұрғын үй кезегіне жазылған едім. Міне, араға 13 жыл салып, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Қазір үш бала тәрбиелеп отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Осы шаңырақта өсіп-өніп, балаларымыздың болашағына жол ашамыз деген сенімдеміз, – дейді жаңа қоныс иесі.
Тағы бір қуанышқа кенелген көпбалалы ана Назерке Моншай да жеті жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Бүгінде оның да арманы орындалып, отбасы жаңа баспананың иесі атанды.
– Барлық жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын! Тұрғын үй кезегінде жеті жылдан бері тұрып, бүгін өз арманымның орындалғанына куә болып отырмын. Осы қуанышты сәтке жетуімізге қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне және тұрғын үй мәселесін ұйымдастыруға атсалысып отырған «Отбасы банк» филиалына алғысымды білдіремін, – дейді көпбалалы ана.
Баспана – жай ғана төрт қабырға емес, ол – отбасының тыныштығы, баланың шат күлкісі мен жарқын болашаққа деген үміттің мекені. Шу қаласында 26 отбасының жаңа шаңыраққа ие болуы – осындай қуанышты сәттердің бірі. Енді жаңа қоныс иелері өз үйлерінде ұрпақ өсіріп, берекелі тіршіліктің жаңа парағын ашпақ.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.