Ақпараттық портал

Еңбек мүддесін қорғайтын ұйым

Еңбек адамының құқығын қорғау, оның әлеуметтік жағдайын жақсарту, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру – кәсіподақ ұйымдарының негізгі міндеті. Бұл бағытта білім беру саласындағы кәсіподақ ұйымдары қызметкерлердің заңды мүдделерін қорғап қана қоймай, олардың кәсіби дамуына, әлеуметтік қолдау алуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасап келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіподақтары федерациясының XXVI съезінде кәсіподақтардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, олардың еңбек адамының құқығын қорғау мен лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өткен болатын. Президенттің бұл пікірі кәсіподақ қызметінің мәнін айқындап, еңбек адамына деген құрметтің қоғамдық құндылық ретіндегі маңызын көрсетті. Осы жауапты міндеттерді жүзеге асыруда Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының Шу аудандық комитеті жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде аудандық кәсіподақ комитетінің құрамында 89 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар, олар 5491 мүшенің басын біріктіріп отыр.

Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – еңбек қатынастарын реттеу және қызметкерлердің құқықтық мүдделерін қорғау. Осы ретте ұжымдық шарттардың жасалуы мен орындалуына ерекше мән беріледі. Ұжымдық шарт жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы міндеттемелерді нақтылап, еңбек жағдайын жақсартуға, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге және туындаған мәселелерді өзара келісім арқылы шешуге жол ашады. Шу аудандық комитеті әлеуметтік әріптестік аясында білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесе отырып, еңбек заңнамасының сақталуын, ұжымдық шарт талаптарының орындалуын және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалуын назарда ұстайды. Қажет болған жағдайда еңбек құқықтарына қатысты мәселелер келіссөздер арқылы қаралып, тиісті ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар, еңбек дауларының алдын алу мен оларды заң аясында шешуде келісу комиссияларының қызметі маңызды орын алады. Мұндай жұмыстар қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, еңбек ұжымдарында тұрақты қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етеді.
Құқықтық сауаттылықты арттыру да назардан тыс қалмайды. Кәсіподақ мүшелеріне еңбек заңнамасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың өтініштері қаралады. Құқықтары мен кәсіби мүдделеріне қатысты мәселелер туындаған жағдайда заң талаптары мен ұжымдық шарт ережелеріне сүйене отырып, тиісті көмек көрсетіледі.
Білім беру саласындағы кәсіподақ жұмысы-ның маңызды бағыттарының бірі – жастарды қолдау, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасау және олардың қоғамдық белсенділігін арттыру. Осы мақсатта аудандық комитет жанынан құрылған «Жастар қанаты» білімді, белсенді, өнерлі әрі жауапкершілігі жоғары жас мамандарды ортақ мақсатқа жұмылдырып келеді. Қанат жұмысы жастардың еңбек құқықтарын түсіндіруге, әлеуметтік мәселелеріне назар аударуға, қоғамдық бастамаларға қатысуына және кәсіподақ қозғалысындағы белсенділігін арттыруға бағытталған. Жастар қанатының бастамасымен «Жақсылық жасауға асығайық!», «Ізгілік – мейірімділік жолы», «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, ардагер ұстаздар мен жалғызбасты қарттарға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі. Мұндай игі істер жас мамандардың бойында жанашырлық, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, спортқа қызығушылығын арттыруға арналған «IQ PEDAGOG» интеллектуалдық ойыны, «Көңілді старт», «Спорт – денсаулық кепілі» жарыстары және кәсіподақтық жастар форумдары өткізіліп келеді. Аға буын мен жас мамандар арасындағы сабақтастықты нығайтуда ардагер ұстаздардан құралған «Ұлағат отауы» қоғамдық бірлестігінің де орны ерекше. Бірлестік аясында тәрбиелік мәні зор кездесулер, конференциялар, семинарлар мен пікір алмасулар ұйымдастырылып, ұстаздық тәжірибені кейінгі буынға жеткізуге мүмкіндік жасалуда.
Кәсіподақтың қызметі еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмейді. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, рухани қажеттіліктерін қолдау, демалысын тиімді ұйымдастыру және кәсіби жетістіктерін ынталандыру да маңызды міндеттердің қатарында. Шу аудандық комитеті дәстүрлі түрде білім беру ұйымдарының үздік қызметкерлері мен табысты ұжымдарын марапаттауға, олардың еңбегін бағалауға көңіл бөледі. Аудандық Тамыз кеңесі, Ұстаздар күні және Кәсіподақтар күні аясында білім саласының дамуына үлес қосқан мекемелер мен педагогтерге құрмет көрсетіледі. Сала қызметкерлерінің шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың бірлігін арттыруда мәдени-көпшілік шаралардың да маңызы зор. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» аудандық фестивалі білім саласы өкілдерінің өнерін ортаға салып, кәсіби ортадағы ынтымақтастықты нығайтатын дәстүрлі мерекеге айналған. 2024 жылы салалық кәсіподақтың 100 жылдығына арналған гала-концертте Шу аудандық комитетінің жүлделі үшінші орын иеленуі – аудан ұстаздарының шығармашылық әлеуетінің нәтижесі.
Спорттық бағыттағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіледі. 2025 жылы өткен «Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары» спартакиадасында аудандық комитет командасының үшінші орын алуы – салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бастамалардың жемісі. Бұған қоса, сала қызметкерлері облыстық спорттық жарыстарда да белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Кәсіподақ мүшелерінің демалысы мен денсаулығын нығайту мәселесіне де айрықша назар аударылады. Еліміздегі шипажайларға, демалыс орындарына және тарихи-танымдық бағыттарға жеңілдетілген жолдамалар ұсынылып, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің тынығуына қолдау көрсетіледі. Кәсіподақ қызметінің адамгершілікке негізделген бағытының бірі – әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық істері. Аудандық комитет кәсіподақ мүшелерінің өтініштерін назарға алып, материалдық қиындыққа тап болған отбасыларға, ауыр жағдайға душар болған жандарға және емделуге мұқтаж қызметкерлерге қаржылай көмек көрсетіп келеді. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын «Мектепке жол», «Қамқорлық» акцияларына қатысу арқылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін кәсіподақ мүшелерінің балаларына мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға жәрдем беріледі. Сондай-ақ, кәсіподақ ардагерлеріне құрмет көрсету, мерейтой иелерін құттықтау және олардың өнегелі еңбек жолын дәріптеу дәстүрі жалғасын тауып келеді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру мақсатында жыл сайын «Қалың қалай, бастауыш кәсіподақ ұйымы?» акциясы өткізіледі. Бұл бастама ұйымдардың тыныс-тіршілігін зерделеуге, өзекті мәселелерін анықтауға және белсенді ұжымдарды ынталандыруға мүмкіндік береді. Ақпараттық бағыттағы жұмыстар да кәсіподақ қозғалысының дамуына ықпал етеді. «Еңбекші» салалық басылымы арқылы кәсіподақ қызметі, еңбек құқықтары, сала жаңалықтары мен үздік тәжірибелер туралы мәліметтер таратылады.
Одан бөлек, облыстық «Ең үздік бастауыш ұйым» байқауынан І орын иеленсе, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VIII облыстық фестивалінен ІІІ орын, «Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары» спартакиадасынан жүлделі ІІІ орын иеленген. Сондай-ақ, «Ғасыр жасаған ұйым» атты облыстық мақалалар байқауынан аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мүшесі Айғаным Асқарбек бас жүлдені жеңіп алса, 40 мектеп-лицейінің денешынықтыру пәні мұғалімі Қазыбек Бақдәулет Эркинбекұлы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» республикалық турнирінен І орын иеленіп, «Кәсіподақ барысы» атанды.
Бұған қоса, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2026» байқауының облыстық кезеңінде «Омарташы аралар» атауымен өнер көрсетіп, ІІ орын иеленген болатын. Бұл нәтиже ұйым мүшелерінің ауызбіршілігін, шығармашылық ізденісін және ортақ іске деген жауапкершілігін танытады. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы С.Ахметовтің «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» байқауының республикалық кезеңіне қатысып, арнайы сыйлықпен марапатталуы да назар аударарлық жетістік. Аталған жетістіктер кәсіподақ мүшелерінің кәсіби біліктілігімен қатар, ұжымдық бірліктің, белсенділіктің және еңбек қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.
Жалпы кәсіподақтың басты мақсаты – әрбір еңбек адамының заңды құқығы мен мүддесін қорғап, оның еңбегі бағаланатын, әлеуметтік жағдайы ескерілетін және кәсіби дамуына мүмкіндік берілетін орта қалыптастыру. Алдағы уақытта да Шу аудандық комитеті әлеуметтік әріптестікті нығайту, ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау, құқықтық көмек көрсету, жас мамандарды қолдау және бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіру бағытындағы қызметін жалғастырады. Сонымен бірге қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге басымдық беріледі. Өйткені кәсіподақтың күші – оның мүшелерінің бірлігінде, ал қызметінің нәтижесі – еңбек адамының құқығы қорғалып, еңбегі лайықты бағаланған кезде көрінеді. Бір мақсатқа жұмылған ұйым ғана қызметкердің сенімін ақтап, қоғамдағы еңбек мәдениетінің дамуына нақты үлес қоса алады.

Аида Бекмурзина,
аудандық кәсіподақ ұйымының
төрайымы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.