Ақпараттық портал

Жерге дән, жүрекке ізгілік еккен кездесу

Туған жерге сүйіспеншілік табаның тиген топырақты қадірлеуден, айналаңа жанашырлықпен қараудан басталады. Мектеп ауласындағы бір түп ағашты күтіп, оның тамыр жаюына қамқор болған баланың бойында еңбекке құрмет, табиғатқа мейірім қалыптасады. Сондықтан қоршаған ортаны аялауға үндейтін әрбір игі істің ар жағында ұрпақ тәрбиесіне қатысты үлкен жауапкершілік жатыр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының мәні де осы — елге деген ықыласты күнделікті пайдалы іспен ұштастыру.
Осы мақсатты арқау еткен тағылымды кездесу Ыбырай Алтынсарин мектебінде жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, Шу көлік прокуратурасының қызметкерлері М.С.Рысалы, А.С.Тұрсынәлі, Шу станциясындағы Көліктегі полиция бөлімі ППВ командирі А.Қарсыбеков, «Құрмет» орденінің иегері, «Ұлағат отауы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Гүлжаһан Кәрібайқызы және мектеп оқушылары қатысты.
Кездесуде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанудың маңызына тоқталып, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген өнегелі сөзін келтіріп, оның бүгінгі қоғам үшін де мәнін жоғалтпағанын жеткізді. Өз ісіне жауап бере білу, ортақ тәртіпке бағыну, айналасына құрметпен қарау — елінің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматқа тән қасиеттер екенін алға тартты.
Бұл ойды жалғаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясының туған жерге қамқорлық танытып, перзенттік парызды өтеуге үндейтінін айтты. Тазалықты сақтау мен қоғамдық тәртіпті құрметтеудің өзара сабақтас екенін түсіндіріп, оқушыларға акцияның мазмұнын таныстыратын брошюралар таратты. Өйткені ортақ кеңістіктің тазалығына жауапкершілікпен қараған адам өзгенің еңбегін де бағалай біледі.
Кездесудің ерекше сәті оқушыларға шабдалы жемісін үлестірумен жалғасты. Балалар жемістен дәм татқаннан кейін оның дәнегін мектеп ауласына екті. Бір қарағанда қарапайым көрінетін осы әрекеттің өзінде терең тәрбие жатыр. Қолымызға тиген әр жемістің артында жердің құнары, табиғаттың сыйы және адамның маңдай тері бар. Ал дән егіп, оның өнуін күту, суарып-баптау сол еңбектің қадірін сезінуге жетелейді. Дәннің бір күнде мәуелі ағашқа айналмайтыны секілді, жақсы нәтиже де табандылық пен төзімді қажет етеді. Енді оқушылар өздері еккен дәнге күтім жасау арқылы табиғаттың тіршілігін жақыннан танып, еңбектің нәтижесіне жауапкершілікпен қарауды үйренбек. Осылайша кездесуде айтылған тағылымды ойлар балалардың өз қолымен атқарған ісіне ұласты.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, игі бастаманың жанынан табылған ардагер ұстаз Гүлжаһан Кәрібайқызы да өрендерге өнегелі сөзін арнады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық өсиетінің мәнін түсіндіріп, кейінгіге саялы ағаш, пайдалы іс қалдырудың қадірін айтты. Жас шыбықтай өсіп келе жатқан ұл-қыздарға аналық ақ батасын беріп, елге қызмет ететін, туған жерін түлететін азамат болуларына тілектестік білдірді.
Мектеп директоры Айгул Джумагулова тағылымды кездесуге ұйытқы болып, игі бастамаға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді. Оқушылардың өздері еккен әр дәнге күтім жасап, өсіріп-баптайтынын атап өтіп, мектеп ауласының жасыл желекке бөленуі ұжым мен балалар үшін ортақ қуаныш екенін айтты. Расында, оқушының өз еңбегі сіңген ортаға ықыласы да бөлек болады. Өзі баптаған өскінді қорғау арқылы ол мектеп мүлкіне, айналасындағы тіршілікке жанашырлықпен қарауға дағдыланады.
Бұл кездесу тәртіп, тазалық және еңбек ұғымдарының бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Заңды құрметтеу — жауапкершіліктің, табиғатты қорғау — жанашырлықтың, дән егіп, оны баптау — еңбекқорлықтың көрінісі. Осы қасиеттер баланың бойында қатар қалыптасқанда ғана туған жерге сүйіспеншілік нақты іспен толыға түседі. Мектеп ауласына егілген дәнмен бірге жас жүректерге ізгі ниет пен үміт те себілді. Сол дәннің көктеп, тамыр жаюы қандай күтімді қажет етсе, ұрпақ бойындағы жақсы қасиеттердің орнығуы да күнделікті өнеге мен қолдауға байланысты. Бүгінгі бастама тұрақты қамқорлыққа ұласып, балалардың өз еңбегіне сүйсінетін сәттері көбейе берсін. Туған жерін таза ұстап, топырағына тіршілік дарытуды үйренген ұрпақ ертең елінің де еңсесін көтерері сөзсіз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.