Ақпараттық портал

ОТБАСЫҒА ҚОЛДАУ, ҚАЛАҒА ЖАЙЛЫЛЫҚ

«Әділет» партиясынан №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Устибаева Ақбота Ратханқызы

«Әділет» партиясынан №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Устибаева Ақбота Ратханқызы 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Негізгі басымдықтар — қалалық инфрақұрылымды жақсарту, кәсіпкерлік пен жұмыспен қамтуды қолдау, балалардың қауіпсіздігі және отбасыларға әлеуметтік көмектің қолжетімділігі.

ӨМІРБАЯНЫ МЕН ЕҢБЕК ЖОЛЫ

Ақбота Ратханқызы 1977 жылғы 24 мамырда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының Амангелді-2 ауылында дүниеге келген. Мамандығы — педагогика және психология.

Еңбек жолын 2010 жылы Шу ауданындағы балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде әлеуметтік қызметкер болып бастаған.

Осы бөлімшеде 2014 жылы психолог, 2023 жылы бағалаушы маман, 2024 жылы бөлімше меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2025 жылдан бері Шу ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.

ҚАУІПСІЗ ЖОЛ, САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ

Бағдарламада көшелердегі жол жабынының сапасына, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің жарықтандырылуына және жол таңбаларына назар аударылады. Мектептер мен балабақшаларға қатынайтын балалардың қауіпсіздігі, білім беру ұйымдары маңындағы қозғалысты реттеу мәселелері де қамтылған.

Қалалық инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңарту және коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға ықпал ету жоспарланады.

КӘСІПКЕРЛІК ПЕН ЖАСТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ

Ақбота Устибаева қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобалардың жүзеге асуына ықпал етуді көздейді. Шағын кәсіпті қолдау мен жұмыспен қамту бағдарламаның бағыттары қатарында.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін спорттық, шығармашылық және білім беру орталықтарының қолжетімділігін арттыру ұсынылады. Оқушылардың спорттық, танымдық және шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де көтерілмек.

ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Емханалардағы кезек, дәрігерге жазылу және профилактикалық қызметтердің қолжетімділігі жөніндегі тұрғындар пікірін ескеру көзделген. Аулалар мен қоғамдық орындардағы спорт алаңдарының қолжетімділігін арттыруға да көңіл бөлінеді.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру жоспарланған. Әлеуметтік көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету де осы бағыттың маңызды міндеті.

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП ПЕН ЦИФРЛЫҚ МҮМКІНДІК

Қоғамдық орындардағы тәртіп, аула мен көшелердегі қауіпсіздік және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері назарда болады.

Кандидат цифрлық мемлекеттік қызметтерді пайдалануға жағдай жасауды, электрондық өтініш беру мен кері байланыс арналары туралы ақпараттандыруды қолдайды. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін қабылдайтын қолжетімді цифрлық арналарды дамыту көзделеді.

ТАЗА АУЛА, ЖАСЫЛ КӨШЕ

Көшелер мен аулалардың тазалығы, қалдықтарды уақытылы шығару және жасыл желектерді күтіп-баптау мәселелері де бағдарламаға енгізілген. Тұрғындардың қатысуымен абаттандыру бастамаларын дамытып, қоғамдық орындардың қолайлылығын жақсартуға ықпал ету ұсынылады.

Ақбота Устибаева халық көтерген мәселелердің жоспарлар мен бюджетте қаралуына ықпал етіп, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды мақсат етеді. Негізгі ұстанымы — қала дамуының нәтижесін әр отбасының күнделікті өмірінен көрсету.

 

Дайындаған:  «Шу аудандық баспасы» ЖШС

Тапсырыс беруші: Устибаева Ақбота Ратханқызы

Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.