Ақпараттық портал

Жеңімпаздар марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан спортшылары Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің мәртебесін асырғанын айтты.

– Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың жеңісті жолы елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістер рухымен терең үндесетінін атап өтті. Президент соңғы жылдары еліміздің экономикасы айтарлықтай нығайып, жаңа даму көрсеткіштеріне қол жеткізе бастағанын тілге тиек етті.
– Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек, – деді ол.
Мемлекет басшысы алдымызда тұрған биік мақсаттар мен ауқымды жұмысқа тоқталды.
– Өздеріңіз білесіздер, мен жақында жариялаған халыққа Жолдауымда бұл міндеттерге жан-жақты тоқталып өттім. Елімізде келесі жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында ірі құрылыс науқаны басталады. Дегенмен мұны жай ғана уақытша науқан емес, нағыз «Халықтық құрылыс», яғни, тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс жұмысы деп түсінген жөн. Еліміздің әр азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ қауіпсіз, қолайлы және сапалы ортада өмір сүруге хақы бар. Бұл міндетті орындау ел Президенті ретінде мен үшін бірінші қатардағы басымдық болмақ. Сондықтан «Халықтық құрылыс» барысында еліміздің барлық аймағында көптеген әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, емханалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және өнер ошақтары, спорт орталықтары, сондай-ақ тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартатын аса қажетті инфрақұрылым нысандары салынады. Шын мәнінде, біз бұрын-соңды болмаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кірісіп жатырмыз. Бұл бастама еліміздің кескін-келбетін түбегейлі өзгертіп, азаматтардың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттыра түседі. Ауқымды құрылыс қалалар мен аудандардың барлығында жүргізіліп, азаматтық инфрақұрылымды түгел жаңғыртады. Қазіргі бұлыңғыр, болжамсыз дәуірге деген біздің жалпыұлттық жауабымыз: бұл – «Құрылыс және тағы да құрылыс!». Себебі, меніңше, құрылыс жұмыстары, бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттырудың жалғыз ғана жолы. Бұл сөздің астарында келешек ұрпақтың игілігіне берік негіз қалайтын жасампаздыққа тұтас ұлтты жұмылдыру міндеті тұр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық ауқымдағы бұл жұмыс барлық саланың, соның ішінде спорт саласының дамуына айрықша серпін беретініне назар аударды.
– Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттің жаһандағы абыройы мен беделінің көрсеткіштерінің біріне, қоғамдық дипломатияның құралына айналды.
Президент кез келген жеңісті жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі деп атады.
– Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты. Спорт өскелең ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқыптылыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлтымыз рухты болса, мемлекетіміз де қуатты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғам болып орнықтырып жатқан жаңа этиканы, ең алдымен, ел алдында жүрген азаматтар, соның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс екенін айтты.
– Сіздер бұл маңызды миссияны абыроймен орындап келесіздер. Бүгінде қазақ спортының мәртебесі биік, әлеуеті мол. Сондықтан біз бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Алда төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жатыр. Жаһандық жарысқа спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты және белсенді дайындалуы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарында және Параазия ойындарында көрсеткен жоғары жетістіктері үшін бір топ спортшыға мемлекеттік марапаттар тапсырды.
Аkorda kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.