Ақпараттық портал

ГАУХАР ИНКАРБЕКОВА: МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАР ДЕНСАУЛЫҒЫ

«Әділет» партиясынан №10 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Инкарбекова Гаухар Меркебекқызы

0

«Әділет» партиясынан №10 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Инкарбекова Гаухар Меркебекқызы денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды.

Өмірбаяны және кәсіби қызметі

Инкарбекова Гаухар Меркебекқызы  Шу қаласында туып-өскен. Мамандығы – дәрігер.

Кәсіби қызметін денсаулық сақтау саласына арнаған. Еңбек тәжірибесінде адам денсаулығын сақтау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді.

Медицина саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, кандидат тұрғындардың денсаулығын қорғау, профилактикалық медицинаны дамыту және ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық беруді көздейді.

Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары

Гаухар Инкарбекованың 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасында денсаулық сақтау, коммуналдық инфрақұрылым, медицина қызметкерлерін қолдау, экологиялық тазалық, әлеуметтік қорғау және халықпен ашық байланыс орнату бағыттары қамтылған.

Қолжетімді әрі сапалы медицина. Кандидат аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, бейінді дәрігерлер қызметінің қолжетімділігін арттыруға және шалғай ауылдардағы медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етуді жоспарлаған. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» жобасы аясында медицина мамандарын тартуға қолдау көрсету көзделген.

Электрмен жабдықтау және коммуналдық инфрақұрылым. Бағдарламада қала аумағындағы электр желілерінің жағдайын жақсарту, тозған желілерді кезең-кезеңімен жаңарту және электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мәселелері көтерілген. Көшелерді жарықтандыруды кеңейту арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға назар аударылған.

Медицина қызметкерлерін қолдау. Ауылдық елді мекендерді білікті дәрігерлермен қамтамасыз ету, жас мамандарды қолдау және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларға атсалысу ұсынылған.

Экологиялық тазалық және абаттандыру. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қала тазалығын сақтау, заңсыз қоқыс орындарын жою, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және көгалдандыру жұмыстарын дамыту көзделген. Тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға тарту да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіленген.

Әлеуметтік қорғау және отбасыларды қолдау. Кандидат қарттардың, балалы отбасылардың және мүгедектігі бар азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға ықпал етуді жоспарлаған. Әлеуметтік осал топтардың тұрмыс жағдайын жақсарту және аудан мекемелерінде кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері де қамтылған.

Халықпен тұрақты байланыс және есептілік. Бағдарламада тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жүйелі қарау, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылау және атқарылған жұмыстар туралы халық алдында ашық есеп беру міндеттері белгіленген.

Тұрғындар денсаулығы – негізгі назарда

Гаухар Инкарбекованың сайлауалды бағдарламасында халық денсаулығын қорғау, медициналық қызмет сапасын жақсарту және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру өзара байланысты міндеттер ретінде қарастырылған.

Кандидат депутат болып сайланған жағдайда, медициналық ұйымдардың жағдайын жақсарту, білікті мамандарды тарту, коммуналдық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамалардың жүзеге асуына ықпал етуді көздейді.

Бағдарламаның негізгі ұстанымы – тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, сапалы медициналық көмек пен қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруға атсалысу.

 

Дайындаған:  “Шу аудандық баспасы” ЖШС

Тапсырыс беруші: Инкарбекова Гаухар

Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.