Ақпараттық портал

«Халықтық құрылыс» бағдарламасына тарту тапсырылды

Үкімет отырысы барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектенов отандық кәсіпорындардың «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуына және импортты алмастыратын өндірістерді дамытуға ерекше назар аударды.

«»Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашып, отандық өндірістің дамуына елеулі серпін береді. Президент бастамасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бізде қалыптасқан өндірістік база бар. Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Енді осы қуаттарды «Халықтық құрылыс» бағдарламасының жобаларына барынша жұмылдырып, материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейту қажет болатын бағыттарды алдын ала айқындап алу керек», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жинақталған нақты тәжірибе бар екенін атап өтті. Оған сәйкес 106 жобалау-сметалық құжаттама бойынша материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілік айқындалды.
Осыған байланысты кәсіпорынның жаңа өнімін ұзақмерзімді шарт негізінде өткізуге кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар бекіту тетігін кеңінен қолдану қажеттігі атап өтілді. Бұл шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейтуге, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге, сондай-ақ құзыреттілікті арттырып, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов мұндай шарттарды жүзеге асыру кезінде жобаларды жүйелі түрде қолдауға, отандық және шетелдік инвесторлармен тікелей өзара іс-қимылға жауапты «Бәйтерек» инвестициялық холдингінің қаржылық құралдарын пайдалану қажеттігін баса айтылды.
Сондай-ақ импортты алмастыру мәселесінің де маңыздылығы атап өтілді. Қазақстанның логистикалық әлеуетін дамыту және отандық тасымалдаушылардың автопаркін жаңарту мақсатында ауыр жүк көліктерінің халықаралық брендтерін локализациялау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде HOWO, SITRAK және Scania жүк көліктерін шығару қолға алынды. Бұдан бөлек, олардың құрамдас бөлшектерін локализациялауға басымдық берілуде. Осы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын өндіруді бастау жоспарлануда. Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.

ҚР Үкіметінің
баспасөз қызметі.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.