Бірлігі бекем Бірлікүстем
Өңірдегі құтты мекендердің бірі Бірлікүстем ауылдық округінде соңғы жылдары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі де нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде округтің тыныс-тіршілігі қандай? 2026 жылы қандай жұмыстар атқарылды? Алдағы уақытта ауыл тұрғындарын қандай жаңалықтар күтіп тұр? Осы және өзге де маңызды мәселелер төңірегінде Бірлікүстем ауылдық округінің әкімі Асқар Усербайұлы Бименбетовпен сұхбаттасқан едік.
— Асқар Усербайұлы, алғашқы сұрағымыз ауылдың жалпы жайы жайында болсын, айтыңызшы, ауылдың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай? Ауылда қанша халық тұрады және соңғы жылдары халық саны қалай өзгерді?
— Жалпы Бірлікүстем ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдың инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда округте 351 аула бар, жалпы саны 2071 тұрғын тұрады. Ауылда тұрғындарға қызмет көрсететін негізгі әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Олардың қатарында Домалақ ене атындағы орта мектеп, ауылдық дәрігерлік амбулатория, ветеринариялық пункт, «Жұлдыз» және «Mubarak damu»балалар бақшасы, мәдениет үйі, кітапхана, пошта, мешіт және учаскелік полиция пункті бар. Халық санының өзгеруіне туу көрсеткіші мен өлім-жітім деңгейінің арақатынасы әсер етуде. Кейінгі жылдары туу көрсеткішінің біршама төмендеуі де байқалады. Дегенмен, жалпы алғанда, соңғы бірнеше жылда ауыл халқының саны шамамен 65-70 адамға артты. Халық санының өсімі жоғары болмаса да, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда..
— Ауылда биыл қандай нақты жобалар жүзеге асырылды? Жөндеу, құрылыс және абаттандыру жұмыстары жайында не айтасыз?
— 2026 жылы ауылды дамыту, инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен Н.Жұмабаев, Р.Байдахметова, М.Ниязбеков, Ж.Масатбаев, М.Құдайғұлов, Т.Малдыбаев және С.Сербаев көшелеріне сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар, «MUBARAK DAMU» бөбекжай-балабақшасы пайдалануға беріліп, ауылдың кіреберісіне «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылдың төлқұжаты орнатылды. Домалақ ене атындағы орта мектептің 20 жылдық түлектері мектеп ауласына 50 түп ағаш отырғызып, ауыл мешіті мен әкімдік ғимаратының алдына жарықтандыру шамдарын орнатты. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының бастамасымен және жеке қаражаттары есебінен мал суаруға арналған құдық орнатылды.
Ауыл аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілді. «Қазақмыс» корпорациясының көмегімен ауыл аумағындағы күл-қоқыстарды тазалау жұмыстары бір рет ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауыл әкімшілігі тарапынан қоқыс тастайтын полигонда тазалау және ретке келтіру жұмыстары алты рет жүргізілді. Бұл шаралар қоршаған ортаның тазалығын сақтау және ауыл аумағын санитарлық талаптарға сай ұстау мақсатында атқарылды. 2026 жылы ауылдық округте құрылыс және жөндеу жұмыстарына бюджет қаражаты бөлінген жоқ. Ал абаттандыру жұмыстарына 806 мың теңге қарастырылып, бөлінген қаражат аясында ауыл аумағында әктеу-сырлау, ағаш отырғызу және көріктендіру жұмыстары жүргізілді.
— Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Қанша адам тұрақты немесе уақытша жұмыспен қамтылды?
— Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту негізгі басымдықтардың бірі. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 10 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар, екі жас маман жастар практикасы бойынша тәжірибеден өтуде. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында екі азаматшаға қайтарымсыз грант берілді. Бұдан бөлек, төрт жұмыссыз азамат тракторшы мамандығы бойынша кәсіптік оқудан өтуде.
Жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да нақты нәтижелер бар. Биыл пайдалануға берілген «MUBARAK DAMU» бөбекжай-балабақшасында сегіз азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, қытайлық жүгеріні терең өңдеу зауытында шамамен 40–50 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып, жергілікті халықтың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасалды. Осылайша, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың түрлі бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта да кәсіпкерлікті дамыту, кәсіби оқыту және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріледі.
— Ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы қандай? Мал шаруашылғы, егін шаруашылығы, шаруа қожалықтарын қолдау бойынша қандай мүмкіндіктер бар?
— Бірлікүстем ауылдық округінде ауыл шаруашылығын дамыту, мал басын көбейту, егін шаруашылығының өнімділігін арттыру және шаруа қожалықтарының тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету.
Мал шаруашылығын дамыту бағытында асыл тұқымды мал басын көбейтуге, ет-сүт өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға және ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау шараларының маңызы зор. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2022–2023 жылдары 123 отбасыға жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде тұрғындар өз кәсіптерін бастап, қолданыстағы шаруашылықтарын кеңейтуге және мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алды.
Егін шаруашылығы саласында көктемгі дала және күзгі егін жинау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және шаруалардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаражатпен қамтамасыз ету мақсатында «Кең дала 2» бағдарламасы аясында округтегі 2 шаруа қожалығы несие алды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан белгіленген тәртіппен жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отынын 10-ға жуық шаруа қожалығы пайдаланып келеді. Ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту мақсатында техника паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл округ шаруалары егіс алқаптарында 7 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын пайдалануда. Жалпы, Бірлікүстем ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыруға және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға басымдық беріліп келеді. Алдағы уақытта да мал және егін шаруашылығын өркендету, заманауи технологияларды енгізу, шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін арттыру және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
— Ауылдағы жол, ауызсу, электр энергиясы және интернет мәселелерінің қазіргі жағдайы қандай? Қандай мәселелер шешілді, ал қайсысы әлі де өзекті?
— Ауылымыз жол инфрақұрылымы бойынша да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ауылдағы жеті көшенің барлығы толықтай асфальтталған. Атап айтқанда, 2025 жылы Н.Жұмабаев, М.Құдайғұлов және Р.Байдахметова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Осылайша, ауыл ішіндегі барлық көшелердің жол сапасы жақсарып, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалды.
Қазіргі таңда Бірлікүстем ауылдық округі толықтай орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ауызсу желісі барлық тұрғын үйлерге тартылған, бұл халықты таза ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ауылда интернет желісінің сапасы жақсы, тұрғындар интернет қызметін тұрақты пайдалана алады. Электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, 2025 жылы ауылдағы барлық электр бағаналары мен электр желілері толықтай ауыстырылды. Ал 2026 жылы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен ауылдың жеті көшесіне сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде электр желілерінің жағдайы жақсарып, көше жарықтандыру мәселесі де шешімін тапты. Қазіргі таңда ауылдағы электр энергиясымен қамтамасыз ету және көшелерді жарықтандыру бағытында негізгі мәселелер шешілген. Алдағы кезеңге арналған жоспарларымыз да бар. 2027 жылы ауылға кіреберіс автомобиль жолын жарықтандыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған.
— Ауылда жастарға қандай жағдай жасалған? Спорт, мәдениет, білім және бос уақытты тиімді өткізу бағытында қандай нысандар мен жобалар жұмыс істеп тұр?
— Қазіргі таңда ауылда Домалақ ене атындағы орта мектеп, «Жұлдыз» балалар бақшасы, ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен ауылымызда кіші футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары, стрит-воркаут аймағы мен балалар ойын алаңы салынып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Дегенмен, ауыл жастары үшін заманауи үлгідегі спорт кешенін салу әлі де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осы бағытта «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиісті ұсыныс берілді. Жалпы, жастардың спортпен шұғылдануына және жан-жақты дамуына қажетті жағдайларды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта да ауыл жастарының сұранысын ескере отырып, олардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға басымдық берілетін болады.
— Ауылдың көркейіп, абаттандырылуына байланысты қандай жұмыстар атқарылуда?
— «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қыркүйек-қазан айларында Бірлікүстем ауылында тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Әр сенбі сайын мектеп, екі балабақша, медициналық және ветеринариялық пункттер, пошта мен ауыл әкімшілігінің қызметкерлері өздеріне қарасты нысандардың айналасын тазалады. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысшылар ауылдың 7 көшесінде, Қонаев–Бірлікүстем және Бірлікүстем–Жаңа жол бағытындағы автомобиль жолдарының бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ескерткіш, стадион, футбол, волейбол және баскетбол алаңдарының аумақтары тазартылып, орындықтар мен бағаналар сырланды. Ауыл тұрғындары да үйлерінің алдындағы және көше бойындағы аумақтарды арамшөптерден тазалап, шөптерді орды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 50–60 қап тұрмыстық және кездейсоқ қоқыс жиналды. Тазалық талаптарын бұзған екі тұрғынға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша ескерту берілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар ауылдың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекеннің көркін арттыру мақсатында алдағы уақытта да жалғасын табады.
— Алдағы екі-үш жылда ауылды дамыту бойынша қандай негізгі жоспарларыңыз бар? Тұрғындар үшін ең маңызды деп санайтын қандай жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр?
— Алдағы жылдары Бірлікүстем ауылдық округінің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру, жастарға жағдай жасау және ауыл шаруашылығын дамыту бағыттарына басымдық беріледі. 2027 жылға жоспарланған негізгі жұмыстардың қатарында ауылға кіреберіс автомобиль жолын жарықтандыру, Ж.Масатбаев көшесінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу, М.Құдайғұлов көшесінің бас жағына 500 түп ағаш отырғызып, көгалдандыру және Ж.Масатбаев көшесінің бойына балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңын салу бар. Бұл жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалған.
Сонымен бірге дәрігерлік амбулаторияның қазандығын газға қосу және мал шаруашылығына қажетті Беккер шұңқыры мен тоғытпа салу мәселелері қарастырылуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін тиісті жобалық құжаттаманы әзірлеу, қаржыландыру көздерін анықтау және жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізу қажет. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Ең маңыздысы тұрғындармен тұрақты байланыста болып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жұмыс істеу.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.