Жұлдыз Табышакова Төле би ауылының тұрғындарымен кездесті
№2 сайлау округінен үміткер Жұлдыз Табышакова Төле би ауылының тұрғындарымен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесу барысында кандидат алдағы бес жылға арналған жұмыс жоспарымен бөлісіп, ауылдың дамуы мен тұрғындардың мүддесін қорғауға бағытталған негізгі басымдықтарды баяндады.
Жиында Жұлдыз Саутбековна өзінің басты ұстанымы – халыққа жақын болу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау және олардың мүддесін қорғау екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел сеніміне ие болып, депутаттық мандатқа қол жеткізген жағдайда, алдағы бес жылда өңірдің дамуына және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелердің шешілуіне бар күш-жігерін жұмсамақ.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында қоғамдық өмірдегі жаңашыл идеялар мен тың бастамаларды қолдау маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму жоспарларын әзірлеу мен жүзеге асыруға белсенді қатысу көзделіп отыр.
Бағдарламада халық пен билік арасындағы байланысты нығайту мәселесіне де ерекше мән берілген. Атап айтқанда, тұрғындармен ашық диалог орнату, олардың ұсыныстары мен өтініштерін назарға алу, өзара сенім мен тиімді қарым-қатынасты дамыту басты міндеттердің қатарында.
Бұдан бөлек, тұрғындар арасында өзара көмек көрсету мәдениетін қалыптастыру, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға атсалысу да үміткердің алдағы жұмыс жоспарынан орын алған. Бұл бастамалар қоғамдағы жанашырлық пен бірлікті нығайтуға бағытталған.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері де назардан тыс қалмаған. Осы бағытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп, қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға ықпал ету жоспарланған.
Кездесу барысында Жұлдыз Табышакова халықтың сенімі мен аманаты үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Оның сөзінше, әрбір тұрғынның пікірі мен өтінішіне бейжай қарамай, ел игілігі жолында жүйелі жұмыс жүргізу – негізгі ұстанымдарының бірі.
Кездесу соңында тұрғындар кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен танысты. Жиын халықпен тұрақты байланыс орнату мен елді мекеннің дамуына бағытталған бастамалардың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
Дайындаған:»Шу аудандық баспасы» ЖШС
Тапсырыс беруші: ТабышаковаЖұлдыз
Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.