Ақпараттық портал

«ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ»

Әр жыл сайын тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғарылап, республика тұрғындарының әл-ауқаты артып келеді. Бүгінгі таңда тұрғындар өмірінің жақсаруы онсыз өмірімізді елестете алмайтын электр энергиясы өндірісін арттыруды талап етеді.
Соңғы жылдары электр энергиясын тұтыну деңгейінің өсіп отырғандығы да жасырын емес. Өткен ғасырда салынған электр жүйелерінің өз үйімізде әркез үсті-үстіне көбейіп отыратын тұрмыстық және басқа техникалардың қуаттылығын қамтамасыз етуге қажетті көлемдегі энергияны жеткізу қабілетінің төмендігін де айта кеткен жөн.
Ауданымызға қарасты елді мекендерді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесі басшылығының электр жүйесін модернизациялау бойынша жұмыстың жүзеге асырылатындығы жөнінде уәде беріп келе жатқан аудан әкімінің жергілікті тұрғындармен жыл сайынғы есепті кездесуі барысында бірнеше рет көтерілген болатын. Жыл ішінде біз осы уәденің орындалуын бақылауға алып, газетімізде ауылішілік электржүйелерін реконструкциялау жұмыстары жөніндегі материалдарды жариялап отырдық. Осы тұста бізге бұл бағытта жыл ішінде ауданымызда үлкен әрі маңызды жұмыстардың атқарылғандығын аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің басшысы Нұрман Бейсебаев айтып берді.
Ауданның ең ірі елді мекені – Шу қаласында тұрғындар санының жыл санап артып отырғандығы белгілі. Осыған орай, электр энергиясын тұтыну деңгейі де молайып, бұл өз кезегінде аталмыш елді мекенде электр энергиясының тапшылығына әкеп соғуда. Сол себептен, мұнда ҚС-35/10кВ «Қосқұдық» қосалқы стансасына реконструкциялау жұмысы жүргізілді.
-Реконструкциялау жұмысы барысында КРУН 10кВ жабдығы КРН-4 типті жабдыққа ауыстырылды. Майлы ажыратқыштың орнына ваккумды ажыратқыш орнатылды. Қаланың шығыс бөлігіндегі 10 кВ электр өткізгіш әуе желілері кабелдік желіге алмастырылды. Қонаев ауылындағы РП «Ленинский» қосалқы стансасына құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қуаттылығы 2500 кВа трансформатор орнатылды. Кернеуі 35 кВ №52 әуе желісі қайта жабдықталды. Атқарылған осындай жұмыстар нәтижесінде электр жүйесі кернеулігі тұрақталды. Енді апатты жағдайларға байланысты электр энергиясынан ажырату орын алған жәйттерде қосалқы стансада оны қосымша электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігі жолға қойылды,-дейді Нұрман Еренсізұлы.
Осындай жұмыстар ауданымыздың өзге де елді мекендерінде жүзеге асырылды. Мысалы, Сауытбек ауылында инвестициялық бағдарлама аясында ағаш электр бағаналары темірбетонды бағанаға ауыстырылды. ӘЖ-10/0,4 кВ сымдары жаңартылды. Осы жұмыстарды атқару барысында 150 дана темір бетонды бағана қолданылды. Ал, әуе желілерінің ескі сымдарын жаңасына ауыстыру барысында 11845 метр сым қолданылды.
Инвестициялық бағдарлама аясында Алға ауылындағы Бармақ, Болат, Жамансарт, Қарашаш көшелеріндегі ағаш бағаналарды темір бетонды бағаналарға ауыстырып, әуе желілерін модернизациялау жүргізілуде. Аталған жұмыс барысында жоспар бойынша 228 дана темірбетонды бағана орнатылып, әуе желілерін жаңарту үшін жалпы ұзындығы 36600 метр сым қолданылатын болады. Бұл жұмыстар жалғасуда.
2023 жылы Алға және Бірлікүстем ауылдарындағы қалған бағаналар, трансформаторлар мен электр сымдарын толықтай модернизациялау жоспарланды.
«Жанқұлиев» тұрғын аумағындағы 35/10 кВ қосалқы стансасының инженерлік инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл нысан іске қосылған сәтте 254 жеке тұлға, 8 заңды тұлғасы бар Алға ауылы, Сауытбек ауылы (150 жеке тұлға, 6 заңды тұлға), Абай ауылындағы жаңа тұрғын массиві (123 жеке тұлға, 7 заңды тұлға), Шу қаласының «Батыс» мөлтек ауданы (458 жеке тұлға, 46 заңды тұлға), қалалық автобекетке жақын аудандар (422 жеке тұлға, 31 заңды тұлға) қамтылады деген жоспар бар. Бұл қадам ҚС-35/10 кВ «Қосқұдық», ҚС-35/10 кВ «Новотройцкий» қосалқы стансаларына жүктемені азайтатын болады.
-Кез келген жетістік нақты адамдарға, олардың жауапкершілігі мен жоғарғы кәсіби шеберлігіне байланысты. Аудандық ЭҚТЖ мекемесі қызметкерлері арасында өз қызметтері бойынша зор табыстарға қол жеткізген жандар аз емес. Олардың қатарынан электрмонтерлері Н.Оразов, А.Абдраманов, С.Сүлейменов, Н.Қауымбаев, шебер Р.Жұманбаев, ӘЖ-35 кВ аға шебері А.Әшім, ОДТ кезекші электрмонтері П.Бұғыбаева, контролер А.Байсыдықов, жүргізушілер Г.Степанов пен Б.Көпбаевтарды атап өтуге болады,-деді Нұрман Бейс ебаев.
Біз де өз кезегімізде аудандық ЭҚТЖ мекемесінің еңбеккерлерін өткен кәсіби мереке – Энергетиктер күнімен және босағамызды аттаған Жаңа жылдарымен шын жүректен құттықтай отырып, халыққа аса қажетті қызметтеріне толағай табыстар тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.