МҰСТАФА МЕКТЕБІНІҢ ШАМШЫРАҚТАРЫ
2022 жыл шулық таэквондошылар үшін табысты болды. Оның жарқын тұстарын оқырмандар басылым арқылы біліп отырды. Солардың ішінде болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы Нұрасыл Қуандықтың Вьетнамда өткен халықаралық додада топ жарып, қола жүлдеге ие болғанынан қалың бұқара хабардар деген ойдамыз. Еліміздің үш дүркін жеңімпазы атанып үлгерген жас қазіргі таңда ҚР спорт шебері. Сондай-ақ, ол көктемде өткен жарыста Қазақстан чемпионы атанған еді.
Өзтүрік өнерін Шу өңірінде жалғастырушы бапкер Марат Тілеуқұлов мектебінен талай жампоз түлеп, үкілі үмітті ақтағаны ақиқат. Жыл сайын жетістікке жеткен шәкірттерін жігерлендіріп, арқасынан қағып қою бапкердің жаңылмас әдеті. Мұның жарқын көрінісі іспетті марапаттау рәсімі биылғы жылы аудан орталығындағы жаттығу залында өткізілген болатын.
Шу аудандық таэквондо федерациясының «Жыл үздігін» марапаттау шарасына «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Кенжебек Ибраимов, желтоқсаншы Нұрғали Оңашабаев қатысты. Шара шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Марат Тілеуқұлов жас спортшылардың жетістігіне тоқталып, жеңістерін тілге тиек етті. Содан соң шәкірттер өз үйренгендерімен бөлісіп, қонақтарға жаттығу тәсілдерін көрсетті. Мұнан кейін Нұрасыл Қуандық пен Мухаммед Абдуллаев бастаған таэквондошыларға федерация атынан «Жыл үздігі» марапат қағазы тапсырылды. Сондай-ақ жарыстарға қолдау көрсетіп жүрген шара қонақтары да арнайы Алғыс хатпен мадақталды. Өз кезегінде аға буын өкілдері мойындары медальға толы шәкірттердің келешектері зор болатынына сенім білдіріп, спорттық мансаптарына сәттілік тіледі.