Ақпараттық портал

ҒҰМЫРЫН ҰЛТ ҚАМЫ ҮШІН САРП ЕТКЕН

Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі. Алматы қаласында дүниеге келген Д.Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызметте жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын, ғылыми сфераларын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.
Қонаев өте қарапайым, жұмысқа жаяу баратын, күзетшісіз жүретін ел басшысы болған. Ел басқарған тұста журналистермен кездесуге шектеу қойған. Мысалы, Қонаевтан сұхбат ала алмай кеткен тілшілердің қатарында BBC, Washington Post сынды ақпарат құралдарының өкілдері бар. Байырғы ата-бабасындай аңшылыққа қызыққан ол қарапайым 200 шаршы метр үйде тұрған. Тіпті, Брежнев келіп, үйін аралап, “барың осы ма?” деп таң қалған екен. “Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру”–деген ұлт тұлғасы елдің елдігі үшін аянбай еңбек етті. Содан болар “Орысты ренжiтсең, Мәскеуге шабады, қазақты ренжiтсең, қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында Мәскеуi жоқ, қазақтың Мәскеуi — бiздермiз, Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой… Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек”,–деген еді Асанбай Асқаровқа.
Ұлт тарихын зерделеуде кейінгі өскелең ұрпаққа ата тарихымыз бен оны жасаушы тұлғалар туралы, олардың артында қалған мұрасы мен келелі ой-тұжырымдарын зерттеп, жеткізу, ұлт перзенттерін ұлықтау — абыройлы парыз. Қазақ зиялы қауымының өкілдері біздің қоғамымызда шоқ жұлдыздай жарық шоғырын құрайды. Үнемі үрдістік дамуға ұмтылып отыратын қоғамның тынысына өздерінің нақты тұжырымдарымен ықпал ететін, оның алар бағытына да әсер ете алатын негізгі күш — зиялылар қауымы. Сондықтан да зиялы қауым өкілінің тарихын зерттеу, олардың ғылым мен қоғамдағы алар орны, оған қосқан үлесін саралай отырып сараптау, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев: “Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тағдырының айнасынан бір тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген.
Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген. Ол, ол ма, белгілі бір мағынасында олардың өздері де халық тарихының тұтас бір дәуіріне татыған, халқының бағытынан жаңылмай тәуелсіздікке бастайтын жолын нұрландырған ел тарихының шамшырақтары болған”,–деп тұлғалардың тарихтан алар орнын ашып көрсетеді.
(https://massaget.kz сайтынан)

Leave A Reply

Your email address will not be published.