Ақпараттық портал

ҚАР ЖАУДЫ ДЕП ҚУАНБА…

Осы аптаның сейсенбісінде күн ұзаққа қар жауып, аудан аумағын ақ ұлпа басқан болатын. Жаны жақсылыққа құштар жандар бұған қуанса, бірі кәрі құда салған әлекпен күресуді жоспарлап отырды. Осылайша, әкімдік техникасын, тұрғындар күрегін сайлап, ертесіне іске кірісіп кетті.
Қалыңдығы 20-25 см болатын қар қала мен даланы жауып, көліктердің қозғалуына кедергі келтіргені рас. Көпшілік көкейінде көшеміз қардан тазаланадыма деген заңды сауал да туындады. Осы орайда біз шаруашылыққа жауапты аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликовке хабарласқан болатынбыз.
Оның айтуынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 71,72 шақырымды құрайды. Бүгінде қар жауысымен жауапты мекеме іске кіріскен. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 17 автомобиль жолдарына инерттік материалдар себу жұмыстары жүргізілуде.
«Аудандық мәндегі автомобиль жолына (71,72шқ) және Шу қаласындағы Қ.Сәтпаев, Д.Қонаев, С.Шәкіров және Төле би ауылындағы Төле би, У.Асатов, Балуан Шолақ, Д.Қонаев көшелеріне және Орталық аурухананың кіре беріс жолына қыс мезгілінде қызмет көрсетуші «Ауыз су -Шу» КМК болып табылады.
Қазіргі кезде қар күреу жұмысын атқаратын 13 техника бар. Атап айтқанда, тиегіш техникалары – 2 дана, қар күрегіш Зил-2 дана, автогрейдер-2 дана, қар итергіш-2 дана, Камаз-2 дана, құм шашқыш-1 дана, трактор-2 дана. Қалың қардың түсуі салдарынан қазіргі таңда «Ауыз су -Шу» КМК тарапынан барлық техникалар жұмысқа жұмылдырылып, шамамен 20 тонна қар шығарылды» -дейді Жадыра Әбиғазыұлы өзінің мәлімдемесінде.
Әрбір істің қайыры бар. «Кәрі құданың әлегін» жақсылыққа балауға әбден болады. Өйткені, халқымызда «Ақ қар көп болса, ақ нан көп» деген мақал бар.Аязынан аман шығуды жазсын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.