КӨШЕРБАЕВ ШӘКІРТТЕРІ КӨШ БАСТАП ЖҮР
Бүгінгі таңда қазақ баласына бөтен болмаған спорттың бірі – бокс. Шаршы алаңда атой салып, олимпиадада жасындай жарқылдаған ағаларына ұқсап баққысы келген талай қара домалақ былғары қолғап киюге құштар болды. Кешегі қолына күрзі мен найза ұстап, семсер сермеген бабалардың ұрпақтарына бұл спорт оң жаңбасына келетінін уақыт дәлелдеп берді.
Қазақ боксының қалыптасуына Жамбыл облысы үлкен үлес қосты. Оның ішінде Шу ауданында мықты бокс мектебі қалыптасты. Себебі осы ауданда туылып, ер жеткен Ю.Цхай мен Д.Буданбековтер уақытында ұлттық құраманың тізгінін ұстап, шәкірттерін шырқау биіктерге жетеледі. Олардың іздерін інілері сенімді түрде басып, жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулыды.
Бапкер ретінде бірнеше буынды тәрбиелеген Уәлихан Көшербаев есімі шулық боксшыларға кеңінен белгілі. Біз бұған дейін бапкердің баулыған жүйріктері айтулы жетістіктерге жеткенін басылым бетіне жазған болатынбыз. Шәкірттерін шаршы топқа салып, шыңдаудан жалықпайтын бапкер былтыр бірталай жеңістерге себепкер болды.
Күздің күні елордадағы «Хан шатыры» ойын-сауық орталығында өткен «Қарабатыр» клубының атынан бокстан халықаралық турнирде Уәлихан ағайдың тарландары топ жарған. Мәселен, салмақ дәрежесі бойынша Шерхан Сейітқазы бірінші орынды, Ұлан Нұрланқұл мен Ерасыл Досжан екінші орынды иеленген. Сондай-ақ осы додада Шерхан «Ең үздік боксшы» атанып, жаттықтырушысының мәртебесін биіктеткен.
Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз елінен, Қазақстанның барлық дерлік қалаларынан спортшылар бақ сынаған бұл жарыста жерлестеріміздің бағы жанғаны ақжолтай жаңалық екені ақиқат.
Сондай-ақ, жаттықтырушының жолбарыстары өткен жылғы 23-25 желтоқсан күні Астана қаласында өткен «Қарабатыр кубогы» үшін өткен Республикалық турнирде мықтылықтарын дәлелдеген. Қостанай, СҚО, Жезқазған, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Жаңаөзен, Павлодар, Астана сынды қалалар мен облыстардан келген боксшылардың ішінде шулық жігіттердің мерейі үстем болды.
Атап айтқанда, Әкежан Батулла, Алинұр Бешлиоғлы, Әділет Мұстафа, Шерхан Сейітқазылар бірінші орынды, Мәулен Мұратхан мен Дамир Тұрсын екінші орынды, Бағдаулет Темірәлі, Сағадат Бектұр, Ерасыл Досжан, Нұрислам Жомарт үшінші орынның жүлделерін қанжығасына байлаған. Одан бөлек, Әкежан Батулла «Ең үздік боксшы» атанса, Алинұр Бешлиоғлы «Ең үздік техника иегері» атанды. Сол секілді Шерхан Сейітқазы үздік боксшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
-Бұл еңбекте бір ғана бапкердің тері төгілген жоқ. Бұл жерде сөзімді, ойымды ұққан шәкірттерімнің, қолдау білдіруден шаршамайтын ата-аналардың үлесі зор. Әсіресе, ата-аналар үнемі байланыс орнатып, баланың жетістікке жетуіне зор үлес қосып жүр. Бапкер ретінде балалардың әлеуетін жоғары деп бағалаймын. Бұдан да биіктерге бірге жетіп, болашақта олимпиада чемпиондары болады деген үмітім бар,-дейді Уәлихан Көшербаев.
Бұл орайда шәкірттеріне сенім білдірген бапкерге бізде сенім білдіріп, үміті ақталсын деген тілек айтамыз.