КЕЗБЕ ИТТІҢ КЕСІРІ ЖОҚ ДЕМЕ
Жергілікті газет беттерінде әр жыл сайын өңірдегі иесіз иттердің көптігі, олардың қоғамға кері әсері және көзін жою қажеттігі жөнінде бірнеше рет мақала жарияланып жататындығынан газет оқитын, көзі қарақты оқырман хабардар деп білеміз. Әр жыл сайын бұл бағытқа мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Басты себеп, ит аулаушылардың жұмысында емес, итті қараусыз қалдырып, көшеге еркін жіберетін тұрғындардың өздерінің қоғамға деген жауапкершілігінің төмендігінде болып отыр.
Кезбе иттердің көзін жою жергілікті биліктің міндеті санап, бірнеше күшігі бар итті емін-еркін қоя беретін тұрғындар да бар. Көшеде еркін жүрген ит иесіз болып танылғандықтан, кез келген уақытта арнайы мекеме қызметкерлері оларды аулауға құқылы. Алайда, осы тұста «итімізді алып кетті, көзін жойды» деп ренішін білдіріп жататындар да кезігеді. Ал, сол ит иелері өз жауапкершілігі жөнінде мүлдем ойланғысы келмейді. Кей кезде итті байлап қойсаңыз жөнсіз ұлып, маза бермейтін жәйттерді де кезіктіріп жатамыз. Ал, босатсаңыз үй маңынан өткен адамға шауып, қоғамға кері әсерін тигізеді. Мұндай иттер, әсіресе балалар үшін аса қауіпті екені белгілі. Сол себептен, жергілікті тұрғындар да айналасына жауапкершілікпен қарап, байлауға көнбейтін, босатсаң адамдарға қауіп төндіретін мұндай иттерді арнайы мекеме қызметкерлері арқылы көзін жойып, бір амалын тапқаны жөн деп білеміз.
Дегенмен, біз де бір жақты ұстанымда қалған жоқпыз. Бұл бағытта жергілікті биліктің жауапты өкілдері тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын білу мақсатында «Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының Шу аудандық Ветеринариялық стансасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қайырылдық. Кәсіпорын директоры Таңсықов Сейітқазы Тлеубердіұлының мәлімдеуіше, өткен жылы өңірдегі иесіз ит-мысықтарды аулау мен жою бағытына 915 848 теңге көлемінде қаражат бөлініп, толық игерілген. Шу қаласы мен ауылдық округтерден 67 сұраныс хат түсіп, нәтижесінде 508 бас кезбе ит ауланыпты.
Осы тұста алаңдайтын тағы бір мәселе бар. Осыдан екі жыл бұрын жоғарғы билік қала-аудан әкімдіктерінің назарын үй жануарларын еркін серуендету орындарын анықтау мәселесін жедел шешу қажет екеніне аударды. Ал, 2021 жылғы 30-желтоқсандағы ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң талабына сүйенер болсақ, көшедегі иттерді арнайы орында ұстау көзделген. Десек те, бұл мәселе біздің ауданымызда да әлі күнге дейін толымсыз күйде. Жаңа бастаманың аяқсыз қалуы өз кезегінде өңірде кезбе иттер қарасының қалыңдауына әкеп соғуда. Ал, көшеде жүрген иттің ауру немесе сау екендігіне ешкім кепілдік бере алмайды.
-Біздің қызметкерлер мал егу науқаны кезінде кімнің үйінде ит болса, сол итке құтырмаға қарсы екпе салады. Бұл жоспар бойынша орындалады. Өткен жылы ит пен мысықтың құтырма ауруына қарсы 17 000 доза екпе әкелініп, барлығы орындалды. Ал, иесі бар бола тұра ауладан шығып кеткен және иесіз жүрген кезбе ит-мысықтарға екпе салынбайды. Сондай-ақ, ережеге сай иесіз жүрген иттердің иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салу әр елді мекеннің әкімдігі, осы бағыттағы жұмыстармен айналысатын жауапты қызметкерлерімен бірлесіп атқарылуы қажет. Өкінішке орай, мұндай жұмыстар бізде жүзеге асырылмайды,-дейді Сейітқазы Тлеубердіұлы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіде мектеп оқушысын кезбе иттердің талап тастағаны көрсетілген видео тараған еді. Кейін Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласында кішкентай баланы ит талап, қайтыс болғандығы туралы ғаламтор сайтында жарияланды. Елді дүрліктірген мұндай оқиғаның біздің ауданымызда да қайталанбасына кім кепіл? Оған қоса, соңғы уақытта денесі бұзаудай болып келген алып иттерге жиі көз сүрінеді. «Кет» дегеніңе сескенбек түгілі, селк етпейді де. Түріне қарасаңыз, бала тұрмақ ересек адамның бойын үрей билеп алатыны жасырын емес. Сол себептен, әзірге қорғанып жүруден басқа амал жоқ сыңайлы.
Қалай десекте, бұл да өңірдегі кезек күттірмес мәселенің бірі болып отыр. Сол себептен, аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаевпен тілдесіп, аталған мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын білген едік.
-Ереже бойынша иттерін қараусыз қалдырып, қаңғытып жіберген үй жануарларының иелеріне әкімшілік айыппұл салу қарастырылғанымен, көшеде жүрген кезбе иттің иесінің кім екенін анықтау мүмкін емес. Сондықтан, бізге бірден Ветеринариялық станса қызметіне жүгінуге тура келеді. Ал,ережеде көрсетілгендей, иесіз ит-мысықтарды арнайы орында ұстау талабы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, өткен жылы кезбе ит-мысықтарды уақытша ұстау тәлім бағын (питомник) салу үшін Төле би ауылынан жер телімі бөлініп, құжаттары рәсімделген болатын. Енді үстіміздегі жылы көктемде нысанның құрылысы басталып, бұл жұмыс толық аяқталатын болады,-деп мәлімдеді Бахыт Бетбаев.
Бұл сөзден кейін көп ұзамай қаланың бірнеше бөлігінде алдыңнан ақсиып күтіп тұратын кезбе иттердің қатары сиреп, белгілі уақыт ішінде иесіз ит мүлдем кезікпейтін ортада алаңсыз жүріп-тұрамыз деген үміт ұшқыны пайда болды (суретте). Әсіресе, балаларымыз үшін алаңдайтын сәттің артта қалатынына біз де қуандық. Қуаныш ұзағынан сүйіндіріп, сенім ақталады деп сенейік.