САЯСИ НАУҚАН АЛДЫНДАҒЫ СЕМИНАР
Үстіміздегі жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетіні белгілі.
Аталмыш саяси науқанды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаның жалғасына балап отыр. Сонымен қатар Президент бұл үдерісті Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деп бағалады.
Саяси тұрғыда салмағы басым, ел өміріндегі елеулі оқиға болғандықтан науқанға дайындық Мемлекет басшысының мәлімдесі шыққаннан соң басталып кетті. Әлбетте, мұндай маңызды сәттің жауапкершілігі мен салмағы аумақтық сайлау комиссияларына түсетіні белгілі. Сондықтан өңірдегі сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге жауапты комиссиялар іске қызу кірісті.
Оны апта басында ауданымызға келген Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева бастаған топтың семинар-тренингінен түсіндік. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Абай, аудандық прокуратурасының прокуроры Н.Ахаев, полиция бөлімінің бастығы О.Омарбеков, санитариялық-эпидемиологиялық басқарманың басшысы М.Сәулебаев, төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Б.Бегалиев, «Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалының жетекшісі Б.Кейкиев, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Аталған семинар-тренингте алғаш болып сөз алған Сара Қабылбекқызы кезектен тыс сайлауды дайындау және сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтар туралы баяндап өтсе, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың ұсынылуы мен тіркелу тәртібін түсіндіріп, сайлаушылар тізімін қалыптастырудағы ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар аталмыш комиссияның тағы бір мүшесі Мейіржан Сембеков «Сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу кейбір мәселелері » тақырыбын тарқатып берді.
Басқосу барысында алдағы аламанды абыроймен өткізудің егжей-тегжейі түсіндіріліп, қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берілді.Семинар-тренинг Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиеваның қорытынды сөзімен түйінделді.
-2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарының кезектен тыс сайлауы баршамызды қырағы болуға шақырады. Президентіміз бұл сайлау да басқа науқандар секілді әділ әрі жаңа ережелермен өтуі тиіс екендігін атап өтті. Сайлау комиссиялары төрағалары мен мүшелері кез келген сұрақтары мен мәселелерін заңға сүйеніп шешулері тиіс. Ол үшін баршамыздан мұқияттылық талап етіледі. Баршаңызға жемісті жұмыс пен толайым табыстар тілеймін,-деді Сара Қабылбекқызы қорытынды сөзінде.