ҮЙІРМЕ ЖҰМЫСЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Соңғы жылдары қарқынды дамып отырған түрлі салалардың қатарынан спорт саласы да маңызды орын алып отыр. Оған мемлекет тарапынан зор мән беріліп, бөлінген қаражат көлемі де өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай артқан. Әсіресе, арт спорттың қанатын кеңге жайып, оны әр аймақта жетілдіру бойынша жоғарғы билік өкілдері тарапынан да жауапты тұлғаларға тапсырма жүктелген болатын. Жалпы, «Art Sport» бағдарламасы «Балалар жылы» аясында тегін үйірмелер негізінде енгізілді. Бұл жоба мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сол себептен, аталмыш бағдарламаның жұмысы біздің өңірде де көрініс берді. Нақты айтар болсақ, Шу қаласындағы «Сәулебаев Т» жеке кәсіпкерлігіне қарасты «Синема парк» оқу орталығы осы бағытта жұмыс жасап келеді. Жуырда біз кәсіпкерлік иесі Сәулебаев Талғат Бақытұлымен жолығып, мұндағы бүгінгі тыныс-тіршілік жайында әңгіме өрбітіп, төмендегідей сұхбат жүргізген болатынбыз. Мұны оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
-Талғат Бақытұлы сіз қолға алып отырған жұмыс бұл күндері жалпы ел көлемінде ерекше рөлге ие болып, оған мемлекеттік деңгейде баса мән беріліп отыр. «Синема парк» оқу орталығы қай уақытта ашылды және қандай үйірмелерге негізделді?
-«Синема парк» оқу орталығы 2021 жылдың қыркүйек айында өз жұмысын бастады. Сол уақыттан бері мұнда бірқатар жұмыстар атқарылып, арнайы мамандар балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық пен спортқа баулуда бар күш-жігерін салып келеді. Алғашында орталықта мектеп жасындағы балаларға арналған 4 шығармашылық үйірме жəне 3 спорттық үйірме ақысыз негізде жұмыс жасады. Яғни, 2021 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында біртіндеп қосыла отырып, барлығы 7 үйірме нақты жұмысын жолға қойды. Атап айтқанда, “Еркін күрес”, “Таэквондо”, “Шахмат», «Бейнелеу өнері», “Эстрадалық вокал “, “Заманауи би”, «Гитара» сынды үйірмелер облыстық білім басқармасының шешімімен бекітілген оқу бағдарламасы бойынша кестеге, жоспарға сай жұмыстарын жүргізіп бастады.
-Аталған үйірмелердің əрқайсысының мақсатына тоқталып өтсеңіз?
-Иə, əр үйірменің өзіндік мақсат-міндеті бар. Жекелей айтар болсам, мысалы “Эстрадалық вокал” көптеген əн бағыттарын біріктіреді. Əншілік өнерге баулып, əн айтудың қыр-сырын үйретеді. Сабақ барысында музыка мұғалімі балалар даусының даму ерекшелігін анықтап, соған сәйкес оқыту барысында қойылатын талаптарды нақтылап, əрі қарай білім берудің барлық шарттарын сақтайды. Балаларды əншілік өнерге баулуда бала үнінің сыңғырлаған таза, өзіне тəн ашық бояуы сақталуы үшін оған қойылатын талаптар жас ерекшеліктерін ескере отырып, іске асырылады. Ал, “Бейнелеу өнері” үйірмесі баланың эмоциялық-бейнелі, көркем ойлау қабілетінің және рухани іс-əрекеті қалыптасуының алғышарты болып табылады. Оның басты мақсаты – бала бойында эстетикалық сезім қалыптастырып, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру, адамгершілік сезімге тәрбиелеу, кез келген іске шығармашылық тұрғыдан қарау ниеті мен икемділігін, өнер мен қоршаған əлемді бейнелі қабылдау қабілетін, көркем шығармашылық жұмыста бірлесіп жұмыс жасау шеберліктері мен дағдыларын дамыту.
“Гитара” үйірмесі оқушыларды нотамен, аспаппен жұмыс жасауға баули отырып, гитара аспабында ойнауға үйретеді.
“Заманауи би” – музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. Би өнері адам өмірінің эмоциялық табиғаты мен қоршаған табиғи ортаны бейнелеген көркем шығармашылық саласында елеулі орын алады. Бұл үйірмеден кіші, орта және үлкен топ қатысушылары тəлім алуда.
Спорттық үйірмелер жайында айтар болсам, “Еркін күрес” үйірмесінің мақсаты – оқушылардың дене қимылын, күреске деген ынталарын арттыру. Күрес əдістерімен жастарды шыдамдылық, табандылық, батылдық қасиеттеріне баули отырып, олардың бойын темекі, нашақорлық, ішімдік сынды зиянды əдеттерден алыстатып, тұлғалық қасиеттерін жетілдіре түсу көзделеді. Ал, “Шахмат” үйірмесі арқылы оқушылар шахмат ойыны туралы алғашқы мәлімет алумен бірге дебют бойынша білімдерін кеңейтеді. Шындығында шахмат адамның ақыл-ой қабілетінің жоғары деңгейде дамуына ықпал етеді. Жоғары интеллектуалды спорт түрі болғандықтан, баланың логикалық ойлау, алдын ала болжау, математикаға бейімделу қабілеттерін арттырады. Адамның мінез-құлқының қалыптасуына да үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар, бұл ойын баланың жүйке жүйесін тұрақтандыруға да ықпал етіп, компьютерге, ұялы телефондағы пайдасыз ойындарға тəуелділіктен арылуға мүмкіндік туғызады. Шахмат сабағының мақсаты – шығармашыл, дарынды жеке тұлға қалыптастыруға жағдай жасау, ойынның теориясы мен тәжірибесі негіздерін оқыта отырып, баланың интеллектуалдық ойлауы мен танымдық қабілетін дамыту. Сондай-ақ, таэквондода спортшының аяғы мен қолы жұмыс істейді, мақсаты – жарыс ережелеріне сай жеңіске жету. Таэквондо шығыс жекпе-жегіне жататын ұрыстық спорттың бір түрі. Біздің өңірде де бұл спорт түріне қызығушылық танытатын балалардың қарасы қалың.
-Бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті министрлік өкілдері тарапынан оқушыларға қатысты үйірме жұмыстарын жаңғырту қажеттігі әсіресе, Артспорт бағытындағы үйірме сабақтарының қалалық жерлерге қарағанда аудандарда ақсап тұрғандығы жиі айтылып жүр. Біздегі бүгінгі жағдай қандай? Орталықта үйірме сабақтары аптасына қанша рет өткізіледі жəне оларға қанша оқушы қамтылған.
-“Эстрадалық вокал” үйірмесі аптасына үш рет өткізіледі. Оған жоспар бойынша 150 оқушы қамту көзделген. “Бейнелеу өнері” үйірмесі аптасына екі рет өткізіледі, оған 50 оқушы, аптасына үш рет өткізілетін “Гитара” үйірмесіне 50 оқушы, аптасына үш рет өткізілетін “Шахмат” үйірмесіне 50 оқушы, аптасына үш рет өткізілетін «Еркін күрес» және «Таеквондо» үйірмелеріне 300 оқушы қамту жоспарланған. “Заманауи би” үйірмесі аптасына екі рет өткізіледі. Оның қатысушылары үш топқа бөлінеді. Оқушылардың аталған үйірмелерге қатысты жан-жақты шығармашылық дамуына барлық материалдық жағдай қарастырылған. Алайда, қызметкерлердің өз жұмыстарын тұрақты жалғастыруына тиісті қаражаттың уақытылы бөлінбеуі кедергі болып тұр. Бұл мәселе ұзаққа созылмай, шешімін табады деген үміттеміз.
– Орталық жұмысын бастаған сәттен бүгінгі күнге дейін мұндағы шәкірттермен қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?
-Бұл бағытта қол қусырып, қарап қалған жоқпыз. Жағдайымыз келгенше іс-шаралар ұйымдастыруға тырыстық. Соның бірі ретінде 2021 жылы ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығына, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай “Шу қалалық таэквондо /WT/федерациясы” қоғамдық бірлестігі мен “Синема парк ” орталығы бірлесіп ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдер арасындағы таэквондо /WT/ жекпе-жегінен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы ХХІІ ашық турнирді атап айтуға болады. Жарысқа Қостанай, Түркістан, Астана, Алматы, Шымкент өңірлерінен жəне Жамбыл облысынан 300-ге жуық спортшы қатысты. Сондай-ақ, қазан айында “Шахмат” үйірмесінің ұйымдастыруымен, ҚР Тəуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Болашақтың ұтқыр ойлы ұрпағы” атты турнир өтті. Оған қала мектептерінен 30 үміткер қатысты.
– Жуырда ауданымызға жаңа басшы тағайындалған тұста өңірге ресми сапармен келген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те аудан активімен өткен жиында осы мәселеге ерекше мән беріп, аудандағы 47 мектепте білім алатын 20740 оқушыны тиісті үйірмелермен қамту жұмыстары төмен екендігін сынға алып, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру қажеттігін ескерткен болатын. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? «Ауруын жасырған өледі» демекші, орталық жұмысының одан әрі дамуында қандай да бір қолбайлаушылық немесе шешімін табуды қажет ететін күрделі мәселелер жөнінде ашық айтып берсеңіз?
-Жалпы, бұл жаңа бастама болып табылатындықтан, азды-көпті мәселелер жоқ емес. Қатысушылардың өтінімі интернет-платформа арқылы қабылданатын болғандықтан, соңғы уақытта келеңсіздіктер көрініс беруде. Интернет платформа жұмыс жасайды, табель толтырылып, жөнелтіледі, баланы кезекке қояды. Алайда, нақты қабылдамайды, өтініш білдірген оқушы базаға тіркелмейді. Басты себеп тиісті қаражаттың бөлінбеуі болып отыр. Орталық 2021 жылдың қыркүйек айында өз жұмысын бастап, барлық құжаттар рәсімделгенімен, 2022 жылдың қаңтар айында тиісті қаражаттың бөлінбеуіне байланысты біз кейбір үйірмелердің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болдық. Әр үйірмеге жоғарыда аталған сандық көрсеткіштерге сай оқушы қамту жоспарланғанымен, бүгінгі көрсеткіш оған сай келмейтіні ащы да болса шындық. Сол себептен, қазіргі таңда «Шахмат» үйірмесінде 30 бала, «Бейнелеу өнері» үйірмесінде 30 бала білім алуда. Облыс әкімдігінің салалық басқармалары арқылы бөлінетін қаражат та нақты тіркелген бала санына қарай бөлініп отыр. Орталықтағы үйірмелерге қызығушылық танытып отырған балалар мен жасөспірімдер баршылық. Алайда, 2023 жылға қалған үйірмелер бойынша бұл мәселе қалай ретін табатыны әзірге белгісіз. Жалпы, бұл республикалық деңгейде қаралатын мәселе болғандықтан, біз де жоғары жақтың шешімін күтетін боламыз және қолға алынған мәселе аяқсыз қалмай, оң шешімін табады деп сенеміз.
-Әңгімеңізге рахмет!