Ақпараттық портал

АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШУҒА АРНАЛҒАН ЖОБА

Кейінгі кезде ауылды жерден қалаға көшу керуені біршама тоқтаған сыңайлы. Оған қоса, бұрнағы жылдары қалаға қоныс аударған кейбір жастардың да бүгінде ауылын аңсай бастағаны рас. Олардың арасында мал өсірумен айналыссақ деген ниетпен ауылға ат ізін салып, ондағы жағдайды барлап жүргендері де бар. Осы орайда, бұрнағы жылдары өңірімізде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасы қолға алынғанын айта кету керек. Міне, дәл осы жоба жоғарыда аталған жастар мен ауылдың тұрғылықты тұрғындарының ыңғайына дөп түскен жоба болды. Өңір басшылығының ауылдағы ағайынды еңбекке тарту мен олардың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл бастамасы өзге өңірлерді де қызықтырып отырғанын құлақ естіп, көз көріп жүр.

Жұрттың әлеуметтік жағдайын, әсіресе, ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін түзеу мақсатында қолға алынған жоба көптеген ауылдықтарды қуантқаны рас. Бұны өңіріміздегі аудандарда атқарылып жатқан қыруар тірліктен де аңғаруға болады. Қанатқақты жобаға өңіріміздегі әр ауданнан бір ауыл кірді. Өткен жылдары аталмыш бағдарламаның шарапатын аудан іргесіндегі Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғындары көрсе, енді міне, биыл Бірлікүстем ауылының тұрғындары да бірегей жобаға қатысуда. Алдын ала жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауылдықтардың тілегі тыңдалып, нақты ұсыныстары ескерілді. Жобаның басты міндеті де осы. Ауыл тұрғындарының әлеуетін нығайтуды, жай-күйін жақсартуды, ең бастысы – қаржылай қолдауды көздейді. Расын айту керек, қанша жерден талпынсаңыз да, қолыңызда жеткілікті қаражатыңыз болмаса, алдыңызға қойған мақсатқа жетуіңіз екіталай. Міне, осыны ескерген өңір басшылығы ауылдағы ағайынның шаруасын шалқытуды көздеп, бірегей жобаны жүзеге асырып отыр. Қазіргі кезде пилоттық жобаға енген ауылдықтардың бірқатары әуел баста ойлаған мақсаттарын жүзеге асыруға құлшына кірісіп те кетті.
Шынын айту керек, әуел баста тұрғындардың бір парасы бұл жобаға күдікпен қараған-ды. Ал қазіргі кезде ауылдықтардың барлығы ала көңілдіктен арылып, әне-міне бастағалы отырған кәсібінің қам-қарекетімен алаңсыз айналыса бастады. Осыған орай, күні кеше ғана аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасы аясында қолға алынып жатқан толайым тірліктерді көзбен көріп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау мақсатында Бірлікүстем ауылына арнайы ат басын бұрып, ауылдағы ағайынмен тілдесті. Солардың бірі – ауданымыздағы Бірлікүстем ауылының тұрғыны Мейрамбек Мықтыбеков. Ауыл азаматының мақсаты – қорасындағы төрт түліктің санын арттырып, болашақта мал бордақылауды қолға алу екен.
– Жалпы, ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі малды өз төлі есебінен өсіріп, нәпақа табу ғой. Ал, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасы қолда бар малды еселеп көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылдың соңында аталмыш жобаның екінші бағыты, яғни мал шаруашылығын дамыту аясында 7,5 миллион теңгеге қол жеткіздік. Жобаның талабына сәйкес, бұл қаржының 20 пайызына жем-шөп алсақ, қалғанына жылқы алуымыз қажет. Әуелгіде, жылқыны кез келген жерден алуға рұқсат етілгенімен, кейінгі кезде оны өзге өңірден алып келу туралы талап қойылып отыр. Бүгінде дәл осы талап қолбайлау болуда, – дейді ауыл тұрғыны.
Айта кету керек, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасының бес бағыты бар. Бірлікүстем ауылының әкімі Асланбек Қуанышов айтуынша, аталған бес бағыт бойынша 163 несие алушыға жалпы сомасы 733,5 миллион теңгені құрайтын өтінім тапсырылып, оның ішінде қаражаты 103,880 миллионды құрайтын 26 ауыл тұрғыны жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті.
– Жобаның алғашқы бағыты – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша пилоттық ауылдық округте жалпы 348 ауланың 157-сін қамту жоспарлануда. Ондағы егістік жер көлемі 48 гектарды құрайды. Аталған жұмыстарды атқару үшін құрылған «Марғұлан-Бірлікүстем» ауыл шаруашылық кооперативіне 3 миллион теңге қажет. Ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу үшін құны 89,1 миллион теңге болатын 12 дана әртүрлі техника алуға өтінім беріліп, бүгінде екі трактор алынды. Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 57,1 миллион теңгеге 6 жоба қаржыландырылатын болады. Сонымен қатар, жалпы құны 15 миллион теңгеге екі жылыжай салынады деп жоспарлануда, – дейді ауыл әкімі.
Аудан басшысы жоғарыда аталған жұмыстарды көзбен көріп, бірқатар ауыл тұрғындарымен тілдесті. Мәселен, жоба аясында құрылған «Марғұлан-Бірлікүстем» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Альхан Агибетовпен сөйлесіп, жұмыстың аяқ алысын сұрады. Сондай-ақ, дәл осы ауылдан тас төсеніштерін шығарумен айналысатын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Нұрзат Қошқарбаевтың да жұмысын көріп қайтты. Жеке кәсіпкердің сөзінше, қазіргі кәсібін одан әрі дамытып, бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қаржы мәселесі қолбайлау болып отырған көрінеді. Осыған байланысты аудан басшылығынан жеңілдетілген несие алуға қолғабыс көрсетуін сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай қолдаудың тетіктерін қарастырып, мейлінше көмек қолын созатынын жеткізді.
Расымен де, Үкіметтің мінберінде мақұлданған қанатқақты жобаның ауылдың әлеуетін арттыруға қосар үлесі үлкен болмақ. Байқасаңыз, ауылдықтардың басым бөлігі қолына тиген қаражатты мал шаруашылығына жұмсауда. Демек, өңіріміздің төл жобасы байырғы саланы жаңа белеске көтерудің бастамасына айналды деуге толық негіз бар. Қазіргі кезде қаражатқа қолы жеткендер қам-қарекетін жасап жатыр. Ауылдықтардың алдында тұрған ендігі міндет – қаражатты оңды-солды ысырап жасамай, ықтиятты етіп, кәсібінің көкжиегін кеңейту болып тұр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.