сайлау қарсаңындағы семинар
Жергілікті әкімдердің сайлауы – бұл заманауи демократиялық қоғамның маңызды институты әрі өзін-өзі басқару реформасының табысты жүзеге асырылуының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде әкімдерді әрбір елді мекендегі биліктің тікелей өкілі екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, әкімдердің атқарған жұмысына қарай қоғамдық пікір қалыптасып, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне баға берілетінін атап өткен.
Сондықтан келе жатқан әкімдер сайлауын ұтымды ұйымдастыру тиімді мемлекет және әділетті қоғам қағидатының кепілі деуге толық негіз бар. Себебі соңғы сайлауларда науқанның барысына көпшілік наразылық танытып, маңызды мезетте қиындықтар туындап жүргені жасырын емес. Сол үшін учаскелік сайлау комиссияларына ауыр міндет жүктеліп, зор жауапкершілік артылып отыр. Өйткені олар таяу уақытта өтетін Шу қаласы мен ауылдық округтердегі әкімдер сайлауын заңнама аясында, тәртіпті қатаң сақтай отырып, ұқыпты ұйымдастыруы қажет.
Осыған орай сәрсенбінің сәтінде Шу қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектепте «Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, елді мекендердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауын ұйымдастыру және өткізу реті» тақырыбында семинар-тренинг өткізілген болатын. Аталған шараға облыстық сайлау комиссиясы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудандық сайлау комиссиясының мүшелері мен учаскелік сайлау комиссиялары қатысты.
Шараның шымылдығы осы жиынға модератор болған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Садан Жаңғарашевтың кіріспе сөзімен ашылып, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілхайыр Боранбаевтың баяндамасымен сабақтасты. Өз кезегінде мейман аудандық маңызы бар қаланың, кенттер мен ауылдардың, ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын өткізудегі құқықтық мәселелер және ұйымдастыру тәртібі туралы ақпаратпен бөлісті.
Мұнан соң сөз кезегін Шу аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Стыбаев алып, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау жөніндегі құжаттардың түрлерін, науқанға әзірлік пен өткізу туралы негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын жүзеге асыру, сондай-ақ сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының жай-жапсарын жіпке тізді.
Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі де кеңінен талқыға түсті. Атап айтқанда, аудандық сайлау комиссиясының мүшесі Нұрсұлу Молдақұлова әр сайлау учаскесінде қандай техникалық құрылғылар болуы керектігін, ерекше қажеттілігі бар жандардың азаматтық борышын кедергісіз өтеуіне байланысты жабдықталу жайын мәлімдеді.
Сонымен қатар, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Мейіржан Сембеков жиналғандар алдын сөз сөйлеп, сайлау учаскесіндегі азаматтардың өзін-өзі ұстау ережелерін, кандидаттар мен саяси партия бақылаушыларының, сенім білдірген өкілдердің міндеттері мен құқықтары туралы, сондай-ақ сайлауды өткізуге жауапты адамдардың білуге тиіс қағидаттарын түсіндірді. Семинар-тренингте сайлаушыларды тізімге енгізу, әкімдер сайлауының қаржыландырылу мәселелері мен оның жалпы барысын ұйымдастыру тетіктері де айтылды.
Семинардың теориялық бөлімін Садан Құрманұлы қорытындылап, аудиторияда талқыланған мәселелер турасында туындаған сұрақтарды спикерлерге қоюға ынталандырды.
Аздаған кідірістен кейін семинар практикалық жаттығулармен жалғасып, оның барысында сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастыру, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс орында дауыс беру тәртібі қолмен ұстағандай етіп көрсетілді.
Жалпы, салмақты семинар-тренингке қатысушылар Шу аудандық сайлау комиссиясының бастамасымен өткізілген бұл басқосудың деңгейін жоғары бағалап, маңызды әрі мәнді мәліметтер ұсынған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Руслан ИСКАКОВ,
«Шу өңірі»