Өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті
Көктем келіп, күн жылынғалы көптеген жұртшылық өкілдері ауа райының жайма шуақ сәтін оңтайлы пайдаланып, өздерінің бос уақыттарын табиғат аясында өткізуге бел байлаған. Өзен жағасына барып, көктемгі таза ауамен тынығып, спорттық ойын ойнап, енді біреулері кәуәп пісіріп, демалыс күндерін жайлы өткізуге тырысуда. Алайда, кейбір тұрғындар осындай демалыстан соң сол орынға өшірілмеген от немесе темекі қалдығын қалдырып жатады. Салдарынан құрғақ шөп пен өткен жылдан қалған жапырақтар әуелі бықсып, мұнан кейін кәдімгі жалынға айналады. Тұрғындардың мұндай жауапсыздығы өрт оқиғасының туындауына әкеліп, нәтижесінде миллиондаған қаржылық шығынға ұшыратады. Сонымен қатар, дала өрті елді мекендер, қыстақтар, жеке ғимараттар мен шаруашылық ғимараттарына да айтарлықтай қауіп төндіретіні белгілі. Соның ішінде өрт оқиғасы адамдарға, олардың денсаулығы мен өміріне орасан зор зиян келтіреді. Сол себептен, күн жылына бастағаннан ауданымызда табиғи өрт бойынша ескерту жұмыстары қолға алынды.
Осыған орай, өткен сенбіде ауданымызда өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, «Қосқұдық» ормандар мен жануарларды қорғау мекемесінің өртке қарсы командасы, сондай-ақ, әр ауылдық округтен құралған еріктілердің қатысуымен дала жаттығуы өтті. Сонымен қатар, бұл шараға үш бірлік өртке қарсы арнайы техника, үш соқалы трактор, жоғары өткізгішті автокөліктер тартылды.
Өртке қарсы команда сап түзегеннен кейін Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Қосыбаев аудан әкімінің орынбасары Бахыт Бетбаевпен бірге өртке қарсы команда мүшелерінің жабдықтарын тексеріп, қолда бар құрал-жабдықтар жөнінде сұрады.
Мұнан кейін трактордың көмегімен минералдандырылған өртке қарсы жолақтар жасалған жаттығу басталды. Мұның артықшылығы орын алған табиғи өртті тоқтатуға және өрттің кеңге жайылып кетпеуіне септігін тигізуінде.
Сондай-ақ, өрт сөндіру бөлімінің өртке қарсы күрескері өзінің мықты заманауи техника арқылы дала өртін тез арада сөндіріп, оттың күш алуына жол бермеу бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.
-Дала өрті – апатты, кейде басқаруға бағынбай, жедел жайылып кетеді. Өрттің жайылуы орман өртіне, қатты желмен даладағы қураған шөптің жануына ұласуы мүмкін. Мұндай өрт табиғи ортаға, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне айтарлықтай зардабын тигізіп, адамдар мен экономикалық нысандар үшін де аса қауіпті болып келеді. Сондықтан, біздің алдымыздағы маңызды міндет – орман мен дала өртінің орын алуына жол бермеу, өрт тұтана қалған жағдайда лайықты жұмыс атқару үшін өртке қарсы қызметтің жеке құрамын сапалы дайындау болып табылады,-дейді Мақсат Амантайұлы.
Мамандар айғақтағандай, кез келген өрт оқиғасының алдын алу орман өртін өшіргеннен әлдеқайда жеңіл. Алайда, бұл тыңғылықты дайындықты қажет етпейді деген сөз емес. Кез келген уақытта оқыс оқиғаға дайын болу қажет. Әсіресе, дала өрті біздің ауданымызда жиі орын алып жүргенін ескерер болсақ, мұндай оқу-жаттығуларды жүйелі түрде өткізу маңызды.