Ақпараттық портал

Жаңа тәртіп жаңа міндет жүктейді

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының қызметкерлері жергілікті қауыммен семинар-кеңес өткізді. Оған аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және мамандар қатысты. Мұндағы мақсат – бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласында орын алып отырған жаңашылдықтар мен толықтыруларды түсіндіру, мемлекеттік қызметкерлердің осы бағыттағы сұрақтарына жауап беріп, тың өзгерістермен таныстыру.

Әуелі аудан әкімі аппаратының басшысы Нариман Абай жиынға қатысушыларға облыс орталығынан келген қонақтарды таныстырып, кездесудің мақсатын мәлімдеді.
Мұнан кейін алғаш сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Смагулова Гүлназ Шыңғысханқызы заң аясында орын алып отырған мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, оған қажетті құжаттар, өзге де тың өзгерістер жөнінде жан-жақты баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Атап айтар болсақ, мемлекеттік қызметке орналасу конкурссыз, тестілеусіз жүзеге асырылады. Егер, мемлекеттік қызметке ниет білдірген азаматтың біліктілік деңгейі аталған қызметті алып жүруге сәйкес келсе, ол азаматтың бұл салада қызмет етуіне мүмкіндік бар. Алайда, оның мемлекеттік грант негізінде білім алған болуы шарт. Екіншіден, жоғарыда аталған департаменттің келісім хаты болу керек. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін ниетті азаматтың жоғары білімі болмаса мемлекеттік қызметтегі басшылық қызметтерге орналасуы заңмен шектелген болатын. Енді, үстіміздегі жылдың наурыз айынан ЕR-1 санатынан ER-3 санатына дейін, яғни аудан әкімдігінің бөлімдеріне тәжірибесі, еңбек өтілі бар азаматтарға орта кәсіптік біліммен басшылық лауазымға тұруға рұқсат етілген. Демек, бұл аудандық, қалалық деңгейдегі мемлекеттік қызметке жоғары білім міндетті емес дегенді білдіреді. Сонымен қатар, ҚР мемлекеттік басқару академиясын мемлекеттік грант (ақысыз) негізінде бітірген түлектер тест арқылы жинаған жалпы ұпайы шекті мөлшердегі ұпайдан төмен болмаған жағдайда бір жыл ішінде кез келген лауазымға тағайындала алады. Басшылық лауазымға орталық аппараттың келісімімен, орындаушылық санаттарға Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшылығының келісімі негізінде тағайындалады.
Мемлекеттік қызметкерлердің тікелей қызығушылығын туындататын тағы бір маңызды мәселе ол – бағалау. 2023 жылғы 8-ақпаннан жыл сайынғы бағалау методикасына өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, бұған дейін мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы жылына бір рет жыл соңында бағаланатын. Жаңа тәртіп бойынша бұл әр тоқсан сайын жүргізіліп, нәтижесінде жылдық қорытынды шығарылады және әр лауазымға бағалау бойынша әр түрлі әдіс қолданылады. Мысалы, бұрындары басшылық немесе орындаушылық лауазымдағы кез келген тұлға үшін бір жылға нысаналы мақсатты индикатор белгіленіп, оның нәтижесі жылдың соңында ескеріліп, нәтижесіне сай баға шығарылып, бонус берілетін болса, қазіргі таңда нысаналы мақсатты индикатор барлығына бірдей белгіленбейді. Тек аудан әкімінің орынбасарларына, әкімдіктің бөлім басшыларына және аудан әкімі аппаратының басшысына қойылып отыр. Ал, нысаналы мақсатты индикаторды қарапайым тілмен айтар болсақ, аумақты дамыту жоспарынан туындайтын әр лауазымды тұлғаның белгілі бір көрсеткіштерге негізделген жұмыс жоспары болып табылады. Осы нысаналы мақсатты индикатордың көрсеткіштерімен тоқсан сайын бағаланып келіп, жыл соңында 360 градус бағалау әдісімен қорытынды шығарылады. Мысалы, аппарат басшысы аудан әкімінің орынбасарын бағалайды, оны аудан әкімінің екінші орынбасары яғни, бірдей лауазымдағы әріптесі бағалайды, ал оны әкім бағалайды.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған лауазымдардан басқа яғни, өзге санаттағы мемлекеттік қызметкерлер саралау әдісімен бағаланады. Мұнда төрт критерий басты негізге алынады. Оның алғашқысы – функционалдық міндеттердің тиісінше орындалуы. Екінші – қызмет барысында кезігетін мәселелер мен қызмет түрлерінің мерзімінен кешіктірілмей орындалуы. Үшінші – дербестік және бастамашылдық. Осы тұста дербестікті қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметкердің қандай да бір мәселені өздігінен шешу деңгейі десек, бастамашылдық сол мәселенің шешімін табуда қаншалықты тың әдістер мен идеяларды қолдана алатындығы болып отыр. Төртіншісі – жұмысқа уақытылы келу, тиісті міндеттерді уақытылы орындау, тағы сол сияқты ұстанымдарға негізделген еңбек тәртібін сақтау. Аталған төрт критерий бойынша өзінің тиісті басшысымен 1-5 аралығында баға қойылып, жыл соңында жоғарыда атап өткендей 360 градус әдісімен қорытынды баға шығарылады.
Бөлім басшысы бас маманды мынадай 8 ұстаным бойынша бағалайды: тиімді коммуникацияларды құруы; этикалық нормалар мен қағидаларды ұстану; өзгерістерді басқару; нәтижеге бағдарлану; тәуелсіздік және шешім қабылдау дағдылары; ынтымақтастық; тиімділік; өзін-өзі дамыту. Ал, бас маман бөлім басшысына қызметті басқару, тиімді коммуникацияларды құру, этикалық нормалар, өзгерістерді басқару, нәтижеге бағдарлану, тәуелсіздік және шешім қабылдау дағдылары, команданы басқару, көшбасшылық қасиеттер, ынтымақтастық, тиімділік, бастамашылдық, өзін–өзі дамыту сынды ұстанымдар бойынша 1-6 аралығындағы ұпаймен баға береді. Осыған орай, жалпы мемлекеттік органның ішінде «бағалауды кім жүргізеді?»-деген сұрақ туындайды. Бұл үшін калибрлеу сессиясы, жалпақ тілмен айтқанда ақылдасу өтіп, нақты шешім шығарылады. Онда жұмыс барысында кезіккен түрлі мәселелер бойынша түйін шығару ортақ ой арқылы әдістемеде көрсетілмеген шарттарсыз да орын алуы мүмкін. Егер де, азамат өзінің бағасына келіспесе, калибрлеу сессиясының мүшелеріне жүгініп, сол арқылы бағалауды қайта қарауға болады. Алайда, басшылар назарына ұсынылытан жәйт бағалау мерзімін созбаламай, неғұрлым қысқа уақытта өткізген жөн. Өйткені, тоқсан біткен соң, бағалау жұмысы он күн ішінде аяқталуы тиіс. Мемлекеттік қызметкер бағалаушы тарапынан төмен ұпай алған жағдайда, оның негізгі себебі де көрсетілуі қажет.
Осы тұста дәл қазіргі таңда сәуір айының аяқталып қалуына орай «бірінші тоқсанның бағалауы қашан жүргізіледі?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мамандардың түсіндіруінше, жарлық пен методика арасындағы аз ғана техникалық сәйкессіздікке орай, бағалау біраз кешіктіріліп өткізілмек. Облыс орталығынан келген мамандардың айтуынша, осыған дейінгі семинарларда егер мемлекеттік қызметкер тоқсан күн яғни, толық үш ай жұмыс жасамаса, ол бағалауға жатпайтынын айтып келген. Енді, бұл тұста әдістемеге Жарлыққа сәйкестендірілген өзгерістер енгізілуде. Яғни, азамат белгілі бір тоқсан ішінде бір ай жұмыс істесе де, ол бағалауға жататын болады. Әдістеме нақты бекітілген соң, бағалау жүйесі де барлық өңірлерде өз жұмысын бастамақ. Бұл бір жағынан жаңа бастама болғандықтан, бір жүйеге түскенше біршама күрделі болуы да мүмкін. Бұл тұста бірінші жауапкершілік пен ауыртпашылық бірыңғай персоналды басқару қызметіне артылмақ. Өйткені, бұл саланың мамандары осы істі бір жүйеге келтіру, ұйымдастыру, қадағалау жұмыстарымен тікелей айналысатын болады.
Келесі кезекте сөз алған жоғарыда аталған басқарманың бас маманы Уразбекова Зарина Ерсаинқызы мемлекеттік қызмет саласында қабылданған келесі жылдан Жамбыл облысына қолданысқа енгізілуі ықтимал 4 заң бойынша негізгі жаңашылдықтарды түсіндіріп өтті. Қазіргі уақытта бұл заңдар еліміз бойынша бес мемлекеттік органда пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Оның ішінде аудан әкімдерін сайлау бойынша айтар болсақ, осы жылдан пилоттық режимде кейбір аудан әкімдерінің халықпен сайланатындығы ескеріліп, Мемлекеттік қызмет туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, аудан әкімдері сынақ мерзімінен және ротациядан босатылды және лауазымды төмендету тәртіптік жазасы алынып тасталды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке тұрудағы артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша заң қабылданды. Бұл тұста 2020 жылы алынып тасталған әр лауазымға қойылатын біліктілік талаптары қайта енгізілді. Мемлекеттік қызметте басшылар мен орындаушылар санын реттеу бекітілді. Сонымен қатар, еліміздің кейбір аймағындағы бес мемлекеттік органда пилоттық режимде цифрлық конкурс енгізілген. Оған мемлекеттік қызметкер кез келген уақытта онлайн қатысып, 4 заң бойынша тестілеуден өтеді. Ал, үйде мүмкіндік болмаған жағдайда департаментке барып, сол жерден тест тапсыруға болады. Тексеру үш жұмыс күні ішінде жүргізіліп, компьютерлік жүйе қорытынды шешім шығарады. Бұл конкурс келесі жылы жалпы республика көлемінде жұмыс жасайды деп жоспарлануда.
Осы және өзге де маңызды мағлұматтардан хабардар еткен облыс орталығынан келген қонақтардың сөзінен кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді. Алғашқы болып Алға ауылдық округінің әкімі Б.Есбергенов, Жаңа жол ауылдық округінің бас маманы, Қонаев ауылынан келген мемлекеттік қызметкер және өзге де жиынға қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.