Болмысы бөлек ақын
Шу ауданы, Ақсу ауылының ардагер ұстазы ақын Сәт Мәлібектің «Дала төсіндегі ән» атты кітабының тұсаукесері Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы кітапханада өтті.
Бұл іс-шараға облыстың көрнекті ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты. Тұсаукесерге жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, облыстық архивтің бұрынғы директоры Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық «Aq-jol» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Хамит Есаман, айтыскер ақын, облыстық «Аq-jol» газетінің бөлім меңгерушісі Есет Досалы, ақсулық жерлестерінің қуаныштарын бөлісуге Шу өңірінен аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев, Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай және ағайын-туыстары барды. Ағалары Сәкеңе ізгі тілектерін білдіріп, кітаптың тұсаукесеріне құтты болсын айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Ал, мен, Сәкеңнің «Тамызда тамған тамшылар» кітабымен ертеден таныспын. Ақынның өлеңдерін оқығанда Алланың берген ақыл-парасаты, ақындық деңгейі жоғары екенін және көркем суреткер екенін аңғардым.
Біздің Шу елі баяғыдан–ақ тума таланттар мекені, бірақ кейбіреуі үлкен қалаларға барып білімін шыңдап, жоғары көрсеткіштерге жетіп жатса, ауылда тұрып–ақ күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев ағамыз бен айтыскер ақын Аяз Бетбаев және Сәт ақын елінің сүйіспеншілігіне бөленіп шығармашылық жетістіктерге жеткен жандар. Екі ағамыз Шудың атын бүкіл түркі жұртына таныстырды. Сәкеңнің де әдемі ұйқастарын қарап отырып, ауылда жүріп те тамаша өлең жазуға болатынын түсіндім. Ақын өлеңдері туған жерге, далаға, өзенге, табиғат сұлулығына арналып, оқырманын өзінше бір күйге бөлейді. Сонымен қатар, қара өлеңдері Мұқағали ақынның шумақтары сияқты қарапайым, шынайы, көркем болып келеді. «Өзіме өзім патшамын өз жерімде, Астамдық бар сондықтан сөздерімде» дегені бұл шумақтан туған жеріне деген сүйіспеншілік, туған еліне деген еркелік көрініп тұр. Ана тілі жайында «Тілдесемін аға мен де ініммен, Бай тіл жоқ–ау деймін ана тілімнен». Бұл ана тіліне деген сүйіспеншілігін суреттейді.
Сәкеңнің ұстаздық жолы өзінше бір төбе. Өлеңдерін оқып отырып, әр шәкіртінің ерекшелігін ескере отырып жазған жыр шумақтары оның кішіпейіл де қарапайым, өзгелерді қазақи мінезі мен тәнті ететін, ұлт жанды азамат екенін айшықтайды. Ақынның жүрегінен шыққан өлеңдері жастардың патриоттық сезімдерін оятуға септігін тигізері анық.
Сәт жан-жақты ақын. Бірде тау мен даласын жырласа, кейде жүрегі бұлқынып, махаббатты жырлайтын кездері де бар
«Сезімді жаулап алмасаң,
Өзіңді көзге ілмес ем,
Ғашық боп саған қалмасам,
Махаббат жайын білмесем» дейді Сәкең өлеңінде. Әр адам кез келген өлеңді оқығанда есте сақтауы бір бөлек те, жүректе сақтаудың жөні бөлек. Жүректегі дүние көкейден кетпейді . Ол бара–бара арман -аңсарға айналады. Ұмытып кеткен кейбір күндерді жүрегіңнің бір түкпірінен оятып, жаныңды жадыратады. Көңіліңді тербейді. Жан дүниеңнің сырын ашқан жыр жолдарының қуатын сезінгенде, мен Сәкеңнің осы өлеңін оқымағандарды аяп кетемін.
Үстіміздегі жылғы мамыр айының 19 күні Мәлібектің Сәті 70 жасқа толады. Сізді мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Шу елі сізбен мақтанады, қазақтың қара өлеңімен халқыңызды сусындата беріңіз!
Сәке, Өмір шіркін өлшеулі,
Ал, уақыт – мәңгілік,
Байқағаным, қыр-сыры мол ғұмырда,
Денсаулыққа жетпейді екен еш бақыт!
Ендеше, сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық сәттілік тілеймін!
Дәнен Бейсенбаева,
ардагер ұстаз.
Төле би ауылы