Жауғаш батыр
Халқы үшін батыр жан құрбан,
Жерін қорғап жау қуған.
Есте қалар мәңгілік,
Ерлігін елі ән қылған.
Асқарлының тауында,
Шүйлікті қырбас жауына.
Сәмен батыр тұсында,
Мыңбасы болды сапында.
Ойрандап жауды қуғанда,
Тазартып жерін тұрғанда.
Жауқашты қойды есімін,
Ырым қып ұлын туғанда.
Батырдың жолын қуған-ай,
Еліне қорған болған-ай.
Майданда туған ұлының,
Соғысып жүріп толған-ай.
Жауғаштың айтсам дерегін,
Жапырған жауды ер едің.
Абылай хан айтқан жоталы,
Жолбарысы сен едің.
Жақсыларға сеп едің,
Жамандарға көп едің.
Ботбайдан шыққан қоралас,
Жауғаш батыр ер едің.
Он бесіңде атқа қонып ең,
Алатаудан арқа барып ең.
Абылай ханның өзіне,
Сенімді серік болып ең.
Майлыбай, Қарпық жаныңда,
Еркіндіктің жолында,
Дұшпанға ойран салып ең.
Абылай ханды жаралы.
Құтқарып жаудан қалып ең.
Көреген болдың кезінде,
Дарыған бойға сезім де.
Бауырластықтың өтеуін,
Ақылмен білдің шешерін.
Абылай ханға жеткізіп,
Ынтымақ қажет екенін.
Абылай ханның тілеуі,
Сенімді едің тірегі.
Соңғы демі шыққанша,
Жауғаш деп соқты жүрегі.
Дұшпанды көріп шашылған,
Ерлігіне бас ұрған.
Жеңістің туын Абылай хан,
Аманат етіп тапсырған.
Тәнті болған күшіне,
Батырлардың ісіне.
Абылай хан, Жауғаш жерленген,
Қасиетті Қожахмет,
Кесенесінің ішінде.
Қарсы тұрды дауылға,
Бірге жеңді жауын да.
Тегін адам жерленбес,
Абылай ханның жанында.
Абылай ханның өзінде,
Елші де болдық кезінде.
Барған елің бас иіп,
Разы болған сөзіңе.
Халық қазанын қайнатып,
Қолы жара болмаған.
Елі қазанын қайнатып,
Еті жара болмаған.
Жүрген жерін көркейтіп,
Ел намысын ойлаған.
Хас батыр едің жеңістің,
Төріңде туын тойлаған.
Ақылдың кені қайнаған,
Қылышы өткір қайраған.
Отан үшін от кешіп,
Найзасы терең бойлаған.
Ертелі кеш тынбаған,
Халқының мұңын тыңдаған.
Бұқар жырау данагөй,
Жауғашты қосып жырлаған.
Жалғасқан үлгің-өнеге,
Тірісің мәңгі бұл елге.
Дәлізіне Қожахмет,
Болмаса лайық кіре ме.
Жауғаш батыр елімде,
Қалқан болған жеріме.
Үш ғасыр жылжып өтсе де,
Жарасқан мәңгі төрімде.
Тілегім соғыс болмасын,
Бейбіт күн мәңгі орнасын.
Қалықтап биік қазағым,
Қырандарың самғасын.
Қазақстан Отаным,
Сәтті болғай сапарың.
Тоналмасын байлығың,
Шықпасын жаман атағың.
Өткенді еске алайық,
Өмір тарау, жол айрық.
Тұғырың бүгін тәуелсіз,
Елге лайық болайық.
Заманды құдай оңдасын,
Арамдық болмай жолдасың.
Жаңа Қазақстанды,
Саналы жастар жалғасын.
Жылжымай уақыт бола ма,
Ағылмай өмір қала ма.
Адал туған перзентің,
Арынан жаны садаға.
Тәуелсіз ел мекенім,
Өтеуін қалай өтермін.
Батырларыңа құрмет қып,
Өзіңді жырлап өтемін.
Базарбай Асқартегі