Аудан әкімі Б.Жәнібековтің ҚР Конституциясы күнімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді шулықтар!
Сіздерді еліміздің ең маңызды құжаты, егемендігіміздің айғағы, әділеттіліктің байрағы болған Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір азаматтың абыройына, құқығына нұқсан келтірмей, бостандығына кепіл беретін Ата Заңымыз баршамыздың жүгінетін төрешіміз болғандықтан, бұл күннің салмағын сезініп, қастерлей білуіміз қажет.
1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқы референдум арқылы қазіргі қолданыстағы конституцияны қабылдап, соны басшылыққа алып келе жатқаны сіздерге белгілі. Бұл күн – мемлекеттік мереке. Жас ұрпаққа отаншылдықты насихаттауға негіз болатын мәні зор мезет. Адамның табиғи құқықтарын үстем қою мемлекетіміздің негізгі бағыты десек, еш қателеспейміз. Біздің демократиялық ел екенімізді айқындайтын Ата Заң аясында қоғамның әр мүшесінің құқығы қорғалып, тең мүмкіндік беріледі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Біз мемлекеттің берік конституциялық негізіне сүйене отырып, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаймыз және азаматтық қоғаммен сындарлы байланысты жалғастыра береміз. Қазіргі қиындықтарды бірге еңсеріп, көздеген мақсатымызға жететінімізге сенімім мол”-деген болатын.
Сондықтан, қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Отанымыздың басты құқықтық құжаты ғасырлар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді.
Ең бастысы, Ата Заңымыздағы барша баптар мен тармақтар еліміздің дамуына, тұрақтылық пен татулықтың салтанат құруына, сондай-ақ болашақтың баянды болуына бағытталған. Біз мұны жете түсініп, жас буынға жеткізуіміз қажет.
Ардақты әлеумет!
Қадірлі қауым!
Егемен елімізде 28-ші рет атап өткелі тұрған Конституция күнімен баршаңызды құттықтаймын! Баршаңызға шын көңілден бейбіт өмір, табыс және құт-береке тілеймін.
Бүгіннің емес болашақтың баяндылығы үшін қабылданған Ата Заңымыздың абыройы асқақтай берсін! Соны ұлықтаған Қазақстан халқының аспаны ашық, келешегі нұрлы болсын!