Ақпараттық портал

Кеншілердің кәсіби мерекесі аталып өтті

Жеті қат жер астына түсіп, кен өндіретін кеншілердің мамандығы жұмыс атаулының арасында ерекшеленіп тұратын кәсіптің бірі әрі бірегейі екені сөзсіз. Қызығынан гөрі шыжығы басым әрі сақтық пен жауапкершілікті қажет ететін қиын еңбектің бірі. Осы ауыр кәсіптің иесі кеншілердің кәсіби мерекесі тамыз айының соңына қарай тойланады. Негізі халық арасында Шахтерлар күні алғаш рет мереке болып 1948 жылы 29 тамызда тойланған болатын. Бұл мереке кейін Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелер тізіміне 2003 жылы қарашада енген еді. Содан бері Тәуелсіз Қазақстанның тарихында жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде кеншілердің кәсіби мерекесі тойланып келеді.

Кеншілердің қажырлы еңбегі сол өңірдің ғана емес, бүкіл ел экономикасының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосады. Сол себепті де кеншілер мерекесі елімізде үлкен маңызға ие атаулы күндердің бірі болып қала береді. Кеншілер кәсібі қиындығымен қоса қаупі зор мамандықтың бірегейі саналады. Кен орындарында тосыннан болған апаттар салдарынан талай кенші жер астынан шыға алмай, өмірімен қош айтысқан жайттар аз болмады. Дәл осы мерекеде ең алдымен жұмыс барысында жүріп опат болған кеншілер еске алынып, олардың рухына тағзым ету әсіресе кенді өлкелі өңірлер үшін бұрыннан келе жатқан дәстүрге айналған. Сонымен қатар, кен өндіру жұмысында елеулі нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі кеншілерге құрмет көрсету, оларды түрлі марапаттармен марапаттау шаралары да соңғы жылдары қарқынды жүзеге асырылуда.
Міне, аталған мерекеге орай аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков «Zhanashyr Project» ЖШС-нің «Жайсан» мыс кен орнына арнайы барып, кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде кеншілердің жанкешті еңбегін атап өтіп, олардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Бұл мамандық қашанда темірдей төзім мен жауапкершілікті, жанқиярлық пен қайсарлықты талап етеді. Сондықтан сіздер қажырлы еңбектеріңіз арқылы қоғамда шынайы құрметке бөленіп келесіздер. Мыс өндірісі біздің индустриямыздың берік негізі екенін нық сеніммен айтуға болады. Бұл саланың еңбеккерлері оны дамытуға қосқан қомақты үлестерін, өз жұмыстарының нәтижесін орынды мақтаныш ете алады. Алдағы уақытта да отандық экономиканың тиімді өркендеуіне және елдің әлеуетінің нығаюына атсалыса бересіздер деп кәміл сенемін. Сіздерге мықты денсаулық, табыс пен игілік, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Бұдан кейін аудан басшысы кен орнының басшылық құрамы мен қатардағы кеншілерге жыл бойы еткен еңбектері үшін алғыс білдіріп, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды табыс етті. Сонымен бірге, салтанатты шара барысында кеншілер арасында түрлі спорттық жарыстар өтіп, жеңімпаз атанған қызметкерлерге бағалы сыйлықтар берілді.
Аудан орталығынан 75 шақырым жерде орналасқан кен орны өткен жылы ғана ашылып, өз жұмысын бастағанын айта кету керек. Жамбыл облысының 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды картасына енгізілген аталмыш кәсіпорын жалпы 12 арнайы күрделі техникамен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын директоры Алмаз Түктібаевтың айтуынша, айына 822 тонна кен «Балқаштүстіметалл» өңдеу комбинатына жөнелтіледі екен. Оның ішіндегі мыстың құрамы 1,84 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда 300-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жалпы жобалық құны 67,3 миллиард теңге. Сондай-ақ, жұмысын енді ғана бастаған «Жайсан» кен орнындағы кеншілер қазіргі кезде 120 метр тереңдікте еңбек етуде. Аз ғана уақыттың бедерінде осындай жерасты байлығымызды игеру үшін көптеген кәсіпорындар салынып, олар да заман ағымына сәйкес дамып келеді. Осы орайда, қазыналы өлкеміздің байлығын ел игілігіне жаратуда жердің астыңғы қабатында тынбай еңбек етіп жүрген шахтерлердің еңбегі өлшеусіз екенін айтқымыз келеді. Ондағы еңбеккерлер асқан жауапкершілік пен шыдамдылықты талап ететін күнделікті тіршілігіне берік сіңісіп кеткен. Өйткені, мыс өндірген кеншілердің мінездері де, болмыстары да болаттай келеді. Оның үстіне ел экономикасындағы ең ауыр еңбектің бірегейі – дәл осы шахтерлердің еншісінде екені сөзсіз. Сондықтан, жоғарыда аталған мамандық иелерінің еңбегі ерекше құрметке лайық!

Е.Қартайған

Leave A Reply

Your email address will not be published.