МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Жуырда ауданымызға облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар нысандарды аралаған болатын. А.Тоқбергенұлы аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, облыстық мәслихаттың депутаты Мұханбетқали Шалқарбеков және аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбеновпен бірге Шу қаласындағы «Кәрізді тазарту және сорғы станциясы» нысанында болып, ондағы түйткілді мәселелермен танысты.
Мұндағы кәріз жүйесінен шығатын қолаңса иіс ұзақ жылдар бойы осы төңіректегі тұрғындардың негізгі мәселесіне айналған. Кәріз жүйесінің тозығы жетуіне байланысты 2012 жылы жылы жаңа кәріз жүйесін салу мәселесі туындап, тіпті, тиісті жұмыстар да басталып кеткен еді. Десе де, белгілі себептерге байланысты ол жұмыстар аяқсыз қалды. Ал бүгінгі таңда аудан әкімінің бастамасымен бұл жұмыстар қайтадан қолға алынбақ. Ол үшін ескі кәріз жүйесінен 12 шақырым жерден 19 гектар жер учаскесі қарастырылыпты. Бүгінде оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өту үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-на келісімге жолданған. Аудан әкімінің айтуынша, аталған сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда бюджеттік өтінімге берілмек.
Бұдан әрі Абдалы Тоқбергенұлы «Жетісу» тұрғын үй массивіндегі 5 қабатты 75 пәтерлі тұрғын үйлердің қазіргі жағдайын көзбен көрді. Ел аузында «Әскери қалашық» атанып кеткен мұндағы бес тұрғын үйдің біреуі қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ал, қалған төрт тұрғын үй әлі күнге жөндеу көрмеген. Қазіргі кезде үйдің сейсмикалық нығайту жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтардың бірнеше есеге қымбаттауына байланысты қалған тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз деп табылыпты. Алайда, аудан әкімі бұл үйлерді кезекте тұрған жергілікті тұрғындардың игілігіне жарату бағытындағы жұмыстарды жан-жақты талдап, нақты шешім шығаратынын айтты. Қазірдің өзінде тозығы жеткен тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрақтылығына байланысты арнайы мамандардың шешімі күтілуде. Аталған шешім нақтыланған жағдайда нақты жұмыстар қолға алынбақ.
Аудандағы жұмыс сапары барысында облыстық мәслихат төрағасы Төле би ауылындағы ауданаралық балаларды оңалту орталығына барды. Жаңадан бой көтерген орталықтың құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Жобалық құны 670 миллион теңгені құрайтын нысанда церебральды сал ауруына шалдыққан ерекше балаларға көмек көрсетілмек. Оның сыйымдылығы 48 келушіні құраса, бұл орталықта Шу ауданынан бөлек, көршілес Қордай мен Мойынқұм ауданының бүлдіршіндері де ем ала алатын болады. Өз кезегінде Абдалы Нұралиев аудан әкіміне мұндағы мердігердің құрылыс барысында жіберген кемшіліктерін жуық арада ретке келтіріп, жұмысты қатаң бақылауда ұстау керектігін жеткізді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған топ аудан орталығында бой көтеріп жатқан Әл-Фараби атындағы орта мектептің құрылысымен танысты. Айта кету керек, білім ошағының құрылысы кейінгі кезде тым саябырсып, мердігер компания өз жұмысына салғырттықпен қараған. Бұл мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің сынына ілігіп, аудан әкіміне нақты тапсырма жүктелген болатын. Қазіргі кезде мұндағы құрылыс қарқыны едәуір артып, жұмыс та біршама ширай түскен. Мәслихат төрағасы бұл бағыттағы жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстау керектігін айтты.
Абдалы Нұралиев Бірлік ауылында орналасқан «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де ат басын бұрды. Мақсары майын өндірумен айналысатын ирандық компания ауданда 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобалық құны 3 миллион АҚШ долларын құрайтын кәсіпорында бүгінгі күні 70-ке жуық адам жұмыс істейтін болса, оның жартысынан көбі жергілікті жердің тұрғындары екен. Өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істесе тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы көрінеді. Серіктестік қазіргі кезде бірқатар Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мәселен, Алинагиян Хамидрезаның иелігіндегі кәсіпорын «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай мен Ресейге, Нидерланды мен Чехияға экспорттап келсе, бұрнағы жылдары олар өз өнімдерін Жапония мемлекетіне өткеріпті. Осылайша, олар Жапон елінің нарығына шығып отырған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын саналып отыр. Тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары мен арпа және бидай өсіретін егістік алқабы да бар. Сонымен бірге, өндіріс ошағындағы май құюға арналған құрылғылары да жыл өткен сайын жаңарып тұрады екен. Бүгінгі таңда шетелдік нарықта өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген іргелі кәсіпорын алдағы уақытта өнім көлемін бірнеше есеге арттыруды көздеп отыр. Алайда, бүгінгі таңда суықтай сығылған сафлор майын өндіретін серіктестікке шикізат мәселесі едәуір қолбайлау болып отырған көрінеді. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өнімді экспортқа шығару қиындық тудырмайды. Өйткені мұнда өндірілетін «Safloria» майына сұраныс өте жоғары көрінеді. Мұндағы жұмысты оң бағалаған мәслихат төрағасы жергілікті жердегі дәл осындай кәсіпорындарды қолдау бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін атап өтті.
Е.Қартайған