Шаруалар «шөлдемеуі» тиіс
Жуырда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің қатысуымен Шу аудандық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өткен болатын. Өңірдегі егін суына қатысты мәселелерді талқылау үшін басқосуға «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Ерлан Өтегенов, «Шу-Талас» бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева шақырылды.
Сонымен қатар, жиынға аудан әкімі Б.Жәнібеков, қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов пен мәслихат депутаттары, өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері мен бірқатар ауылдық округ әкімдері, Тасөткел су қоймасы өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы тұтынушылар кооперативі өкілдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде Тасөткел су қоймасының бүгінгі жағдайы, суландыру жүйелерінің 2023 жылғы вегетациялық кезеңіне дайындық жұмыстары мен өзге де мәселелер қаралды.
Жиынның алғашқы сұрағын Ерболат Әбдіжаппарұлы Ерлан Анарбекұлына қойды. Нақтырақ айтқанда, қоғамдық кеңес төрағасы Тасөткел су қоймасындағы нақты су көлемін анықтау, кеңестік кезеңде бұзылып кеткен 85 су ұңғымасын қалыпқа келтіру керектігін алға тартты. Себебі аталған су ұңғымаларының жарамсыздығы салдарынан егістік көлемі артпай отыр. Қолдағы деректерге сәйкес, аталған су қоймасында 368 млн текше метр су бар деген филиал директоры белгіленген мерзімде көтерілген сауалдарға нақты жауап берілетінін жеткізді.
Одан бөлек, Шу аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев Тасөткел су қоймасындағы апатты судың бөліну үшін салынып жатқан құрылысқа қатысты сауалын жолдап, ауданның вегетациялық маусымға әзір еместігін атап өтті. Сонымен қатар, су жеткізу жүйелерінің тозығы жеткенін айтып, шаруаларға тиісті су жетпей қалу мүмкін деп дабыл қақты.
Осы сипаттағы сұрақтармен қоса қатысушылар су мұраптарының жетіспеушілігі, техника тапшылығы, каналдардың тозуы туралы мәселе қозғап, өз ұсыныстарын жеткізді. Аталған сұрақтар мен ұсыныстарға облыстан келген мамандар өз жауаптарын берді.
Мәселелерді мұқият тыңдаған Қанатбек Қайшыбекұлы бұл мәселе бүгінгі таңда облыс әкімі Н.Нұржігітовтың бақылауында екендігін жеткізді. Сонымен қатар, мәселенің өткірлігін алға тартып, оның шешілу жолдарын атап өтті. Атап айтқанда, келер жылдан бастап «Қазсушар» мекемесі мен тұтынушылар кооперативі арасында келісімшартты жасасуды жолға қою, жұмыс күшінің жетіспеуіне байланысты 45 адамды жұмыспен қамту, жиында көтерілген мәселелер бойынша қорытынды шығару жайы айтылды.
Бұған дейін «Қазсушар» мекемесі 20 штат ашуды көздегенін айтса, кеңеске қатысушылар оған қоса 25 жұмыс күші қажет деген тоқтамға келді. Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлына осы мәселені шешуді тапсырды.