Ақпараттық портал

Заң бұзу үшін жазылған ба? немесе браконьерлерге кімдер болысуда?

а да судағы тіршілік иелерінің уылдырық шашу кезеңінде биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында 5 сәуір мен 5 маусым аралығында «Уылдырық» атты акция өткізілуде. Аталмыш акция аясында Қазақстан Республикасының барлық су айдындарында кез келген құралмен, соның ішінде қарапайым қармақпен балық аулауға толық тыйым салынған.
Мұндай мезетке азаматтардың басым көпшілігі түсіністікпен, табиғи ресурстарға жанашырлықпен қарап, судағы тіршілік әрекетінің әрі қарай жалғасуы үшін құмарларынан бір сәт бас тартып жатқанына куәміз.

Алайда, өкінішке орай бұл акцияны барлығы бірдей құптамайтын көрінеді. Себебі, Шу қаласындағы орталық базарда және оның айналасындағы жабайы сауда орындарында балық саудасы қызып тұр. Мұнда іздеген жанға алып сазан, көксерке, табан балық және кішірек тұқылар оңай табылады. Қысқасын айтқанда, қалаған балықты кез келген уақытта қиналмай тауып аласың. Жоғарыда айтқан тыйымдарға пысқырып қарамайтын браконьерлер өздерін судағы балықтай еркін сезініп, ашық сауда жасап, өздерінің заңсыз кәсіптерін жасыруға талпынбайды да.
Осы орайда орталық базардың қожайыны болып табылатын «Сауда-Сервис» ЖШС басшылығына жолығып, мән-жайды анықтауды, жөн көрген едік. Өкінішке орай, оның бас инженері Нұржан Разимбековпен ғана тілдесудің сәті түсті.
-Қолданыстағы заңнаманаға сәйкес біз белгілі бір өнімнің шыққан жерін анықтауға құқығымыз жоқ. Біз тек санитарлық талаптарға сәйкестігін, тұтынушыға келтірер қауіптілігін тексере аламыз. Сондықтан балық аулауға тыйым салынған уақытта балық өнімдерін сатушыларға өз тауарларын өткізуге тыйым сала алмаймыз, – деді Н.Разимбеков өзінің берген жауабында.
Біз бұдан кейін жуырда ғана ауданда «Уылдырық» акциясының өтуіне белсене қатысып, су айдындарын тазалауға, браконьерлермен күресуге білек сыбана кіріскен «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмахан Чекаевқа қайырылған едік.
Біздің өтінішпен танысқан үкіметтік емес ұйымның жетекшісі жуырда ғана Шу ауданаралық прокуратурасына осы мәселе бойынша барып, жергілікті сауда орындарында заңсыз балық сату фактілерін бірлесіп тоқтатуға шақырғанын айтты.
-Мен өз өтінішімді берген соң оны зерделеп, рейдтік шаралар жүргізу үшін аудандық полиция бөліміне жолдауға уәде еткен аудандық прокуратура өкілі бұл мәселе оңай шешілмейтінін жеткізді. Оған себеп кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге мараторий жариялануы екен,-деді Ж.Чекаев.
Бізді таң қалдыратыны, бір ереже келесі келеңсіздікті жоюға тосқауыл болып, қолданыстағы заңнаманың өз-өзіне қайшы келгені. Әлде біздің ауданда табиғатты қорғау заңнамасын ашық та тайсалмай бұзуға батылы баратын, құқық қорғау органдарының араласуынан қорықпайтын «күштер» бар ма?!
Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде жауаптан гөрі сұрақ көп және мұндай жағдай браконьерліктің белең алуына жол бермеуі тиіс мемлекеттік органдарға қолайлы тәрізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.