Ақпараттық портал

Аудан ахуалымен танысты

Осы аптаның басында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов Шу ауданына да ат басын бұрған болатын. Елордадан келген мейманды аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қарсы алып, бірқатар нысандарға бастап жүрді.
Ғали Қуанұлы ең алдымен «Шу-Жылу» мекемесіне барып, қазандық жұмысы мен бүгінгі жай-күйін байқап қайтты. Онда қазандық басшысы Руслан Куккузов құрметті қонаққа мекеменің атқарған жұмыстарын жеткізіп, жоспарларымен бөлісті. 1990 жылы пайдалануға берілген қазандық қазіргі таңда табиғи газға көшкен. Кәсіпорын шаһардағы жалпы ұзындығы 16 735 шақырым жылу жүйелеріне қызмет көрсетіп келеді. Өз кезегінде Ғали Қуанұлы басшылыққа жылу маусымына деген әзірлікті қазірден бастау керектігін тапсырды.
Бұдан кейін Мемлекеттік инспектор Шу қаласындағы 258,7 га аумақты қамтитын «Оңтүстік-батыс» инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген тұрғын аумағында және Алға ауылдық округіндегі 25 га инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген тұрғын аумағында болды. Ғали Қуанұлы аудан басшылығынан тұрғындарға баспана салу үшін берілген жер учаскелері туралы сұрап, атқарылған шаруаларға куә болды.
Мұнан соң Мемлекеттік инспектор осы округте орын тепкен күн сәулесінен 100 МВт электр қуатын өндіретін станцияға барып, оның мүмкіндігімен танысты. Бүгінгі таңда франциялық «Total EREN» компаниясына қарасты нысан 2019 жылы өз жұмысын бастаған. 500 га аумақты алып жатқан өндіріс орнында 41 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Ал шөп шабу, панелдерді жуу сынды маусымдық жұмыстарға 60-70 шақты жергілікті тұрғындар тартылады. Бұл туралы электр станциясының басшысы Жандос Тілешов жеткізді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, аймақтарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге аспақ. Жолдауда аталғандай аталмыш жоба бойынша елімізде көптеген заманауи жаңа білім ошақтары салынбақ. Осы сипаттағы қос мектеп Шу қаласында бой көтеретінін айта кету керек. Оның бірі «Тоғай» мөлтек ауданында болса, екіншісі Жанқұлиев тұрғын алабына бұйырады. Ауданға келген Ақорда қызметкері мектеп құрылысына бөлінген жер учаскелерімен танысып, шулық шенеуніктердің жоспарына құлақ түрді. Жаңа үйлер салынған Жанқұлиев тұрғын аумағындағы балалар бірер жылда жаңа мектепте білім алады. Себебі келер жылы құрылысы басталатын мектеп 2026 жылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деген жоспар бар.
Ғали Қуанұлы бұдан кейін «Оқушылар сарайына» бас сұғып, білім ошағының ғимаратын аралап, бүгінгі әлеуетінен хабардар болды. Мекеме директоры Н.Райқұлова мейманға мектептен тыс тәрбие беру орнымен таныстырып, үйірмелер туралы мәлімет ұсынды. Сонымен қатар, инспектор аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен жүздесіп, балалар кітапханасының мамандарымен тілдесті.
Аталған нысаннан кейін Ғ.Кенжеахметов Жидебай көпірінің жөндеу жұмыстарын көзбен көріп, «ҚазАвтоЖол» ҰК аймақтық филиалының басшысы Айжан Туғановамен тілдесті. Айжан Қалкенқызының айтуынша, қытайлық «Синь-Синь құрылыс» компаниясы жұмысты сапалы жүргізуде. Бүгінгі таңда бетоны құйылып, айналасы бекіген көпір маусым айының басында ел игілігіне берілмек. Мағлұматтарды мұқият тыңдаған Мемлекеттік инспектор нысанның аса маңызды екенін атап өтіп, құрылыс сапасы бақылауда болу керектігін жеткізді.
Сапар соңында Ғали Кенжеахметов аталмыш мердігерлермен бірге Шу өзеніндегі «Андасбай» көпірінің құрылысын талқылап, жұмыс жоспарымен танысты. Бұл көпір бірнеше ауылдық округті аудан орталығымен байланыстыратын нүкте болғандықтан жұмыстар тез әрі сапалы жүргізілуі қажеттігін айтқан Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы аудандағы сапарын осы жерден түйіндеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.