Жерлесіміз олжамен оралды
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Тараз қаласынан ақжолтай жаңалық жеткен болатын. Нақтырақ айтқанда, қара домбырасымен халықтың құлақ құрышын қандырып жүрген дәстүрлі әнші, жас сазгер Ербосын Қасымбек Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың 75 жас мерейтойына орай өткізілген «Ән-жырым саған туған ел» атты III халықаралық конкурсынан I орынды иеленген еді.
Облыс орталығында өткен әншілер конкурсы Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Аталған сынға бас-аяғы 50 үміткер қатысуға өтініш беріп, оның 18-і іріктеуден өткен. Оның ішінде Өзбекстан және Қытай халық республикасынан, еліміздің әр облыстарынан қатысушылар келді. Қос кезеңнен тұратын конкурстың алғашқы іріктеуінде А.Қоразбаевтың екі әнін орындаса, екінші айналымында еркін тақырып бойынша ән салды. Ол ең алдымен «Ақ моншақты аруым» мен «Аппағым-айды» шырқаса, екінші турда «Құсни сәулемді» тарту етіп, үздіктердің көшін бастаған.
Арнайы диплом мен 400 мың теңгелік сертификатты еншілеген Ербосын Қасымбекті апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қабылдап, әншіні алған бәйгесімен құттықтады.
-Кәсіби мереке қарсаңында халықаралық конкурстан жүлде алғаныңызбен құттықтаймын! Бұл жеңіске біз шынайы қуаныштымыз. Ауданымыздың атын алыс-жақынға танытып, абыройын асқақтатып жүргеніңіз үшін алғыс білдіремін. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін. Талай додалаларда топ жаруыңызға тілектеспін,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауында.