Ақпараттық портал

Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқанымен танысты

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында көктемгі егіс науқанымен танысу үшін «Дайындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді.

Аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу мәселесіне ұдайы назар аударылады. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев егістік басында облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен әңгімелесті. Олар мемлекеттің тиімді қолдауы нәтижесінде шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік алғанын айтты. Ірі шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік бастамаларға да үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Президенттің пікірінше, бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы саласындағы бір жұмысшыға шаққанда 5 миллион теңгені құрайды. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Сондай-ақ, Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Сондай-ақ, диқандардың көктемгі егіс науқанын сәтті атқаруына тілектестік білдірді.
Президент облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында ЕАЭО қызметінің басым бағыттары жөнінде пікірін білдірді.
Аkorda kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.