Мерзімді басылымдарға жазылу – көптің ісі
Тәуелсіз мемлекет болдық. Арда ағаларымыз армандап көре алмаған, сол жолда жандарын пида қылған арыстарымыздың тәуекелшіл істерін газет-журналдар арқылы оқып-білдік. Білім есігін мектеп ашса, газет арқылы рухани байлығымызды одан әрі дамытқанымыз рас. Төл газетіміз – «Шу өңірінің» тұрақты оқырманы ретінде өз ойымды білдіргенді жөн көрдім. «Айналаға бейтарап, самарқау, енжар қараған адамдар бүкіл бәлеге жол ашып береді» деген бұрыннан келе жатқан бір әдемі даналық сөз бар. Осы сөздің астарында қаншама түсінік барын оқырман өздері таразылай жатар. Айтпағым, қазір сауатты елдің алдыңғы легінен көрініп жүргеніміз рас. Еңкейген кәрісіне дейін кез келген мағлұматты ешкімнің көмегінсіз оқып, түсінетін дәрежедеміз.
Қазіргі заманымыз күн сайын дамудың жолында. Бұл тұста бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі ең тұрақты әрі ең сенімді құралдарының бірі-газет екенін көпшілік жақсы біледі. Сөйте тұра, сол жарытымсыз бағасын қымбатсынып, газетке жазылудан бас тартып, қашқақтайтын ағайындардың қылығына не деріңді білмейсің. Бұрынғы қариялар хат танымаса да, «газет айтса, дұрыс айтады. Немерелеріме оқытып, тыңдармын» деп бірнеше басылымға жазылып, онысын қаттап жиып қоятынын талай көрдік.
Жақында көзі ашық, көкірегі ояу деген зейнеткерлердің біразына аудан жаңалығының жаршысы болған төл газетімізге жазылу туралы ойымызды жеткіздік. Сұранысымыз жауапсыз қалды. Бір туысы туралы жағымды жаңалықты естісе, көзбен көріп, оқығысы келіп, ауыл үйді қыдырып, газет сұрап жүретіндердің көпшілігі сол кісілер еді. Ағайынды айтса, өзімізге тиеді. «Айналаңа самарқау қарау, болашағыңды бұлыңғыр етеді» дегенді біле тұра, кейінгі жастарға үлгі болу алдыңғы толқын ағалардың ісі екенін үлкендер көрсетпесе, жастар қайдан білсін. Күнара той-томалақта түкке тұрғысыз ырдуға ақша лақтыратын мырзасымақтардың өздері де мерзімді басылымдарға жазылу кезінде сырт қалады.
Жарайды, басылымға жазылу әр кісінің өз еркі, өз құқығы. Десек те, күн сайын жаңғырып, сағат сайын өзгеріп жатқан заманның көшіне ілесу мүмкіндігіне газетіміздің қосып жатқан үлесі зор. Оны білсек те, сол жоғарыда айтылған енжарлық пен самарқаулықтың белең алып кеткендігіне қанымыздағы жайбасарлық қосылып, кежегесі кейін тартып тұратын мінезіміздің кейбір істерімізге кедергі болып жүргені шындық. Қазір интернет жүйесі керемет дамыған. Ол рас. Бірақ телефондағының бәрі дұрыс екен деп қабылдау санасы бар адамның тіршілігі емес. Газет тәртіп пен тәрбиенің, қоғамдық ахуалдың тамыршысы, ондағы жазылымдар сұрыпталып, әлеуметтік жағдайымыздан хабардар етеді. Қазақстан Республикасының азаматы екендігіміз рас болса, елімізде болып жатқан кез келген әлеуметтік мән-мағынасы бар, маңызды істің бірі – мерзімді басылымдарға жазылуға бір кісідей атсалысқанымыз дұрыс болатынын бәріміздің білгеніміз жөн.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.