Ақпараттық портал

Жүгеріні ауыспалы егісте өсірудің биологиялық аспектілері және Жамбыл облысының боз топырақтарында жоғары өнім алудың агротехнологиясы

Ирригация және дренажды жақсарту жобасы (ИДЖЖ-2) бойынша Алматы және Жамбыл облыстарындағы суармалы егістік алқаптарында инженерлік-дренаждық жүйені қалпына келтіру жұмыстары қосалқы жоба аймақтарында жүргізілуде. Егіс алқаптарына күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға тапсырыс беруші Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстар комитеті болып табылады. «Кеңесші» қызметтерін көрсету үшін консультациялық қызметтер провайдері «SMEC International Pty Ltd» компаниясымен келісім-шарт бойынша, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты оқыту тәжірибесінде 2022-2023 жылдың мамыр айына дейін 8 теориялық семинар және 5 дала күндері өткізілді.
Жобаның мақсаты – суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді нормативтік деңгейге көтеруге және олардың өнімділігінің артуына гидромелиоративтік жағдайлар туғызу . Осы мақсатта жүгері және көп жылдық шөптерді өсіру Жамбыл облысының Шу және Кордай аудандарының шаруа қожалықтарының негізі болып табылады. Сол себептен жүгері дақылдарынан мол өнім алудың агротехнологиялық тәсілдерін ұсынамыз.
Жүгері еліміздегі маңызды ауыл шаруашылық дақылдарының бірі саналады. Ол мал шаруашылығын дамытуда үлкен рөл атқарады. Қазақстанда жүгері дәнге және көк балауса ретінде себіледі, тек аздаған көлемде тағамдық мақсатта (поп – корн, қантты жүгері) себіледі. Біздің елімізде жүгері сүрлемге дайындалатын негізгі дақыл, сонымен бірге басқа астық жем-шөптің маңызды компоненті болып табылады. Тағамдық дақыл ретінде жүгері нан-тоқаш және кондитерлік өнеркәсіп салаларында, сыра қайнату және ликер өнеркәсібінде және т.б. пайдаланылады. Жүгері дәнінде 85-87 % құрғақ зат, 7-12% қорытылатын ақуыз, 65-70% көмірсулар 3-6% май бар. 1 кг жүгері дәнінде 1,35 жемдік бірлік болады. Жүгерінің даму фазасына байланысты 100 кг сүрлемде 14 тен 25-ке дейін жемдік бірлік, қорытылатын протеин 1,2 ден 1,6 кг болады.
Жүгерінің негізгі алқаптары Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында орналасқан. Солтүстік Қазақстан облыстарында жүгері негізінен көк балаусаға өсіріледі.
Жүгерінің мол өнімін алу үшін жергілікті жердің топырақ –климаттық жағдайына бейімделген будандарын пайдалану маңызды. Кеш пісетін будандармен бірге, құрғақшылыққа және суыққа төзімді ерте пісетін будандар өсіріледі. Өңдеу технологиясын дұрыс пайдалану үшін жүгері дақылының биологиясын және жарыққа, температураға, ылғалға қойылатын талаптарын білу дұрыс. Буданның өзіндік генетикалық потенциалын іске асыру қоршаған ортаның бірнеше факторларына тәуелді (су, жарық, жылу, топырақ, ауа, қоректікзаттар, пестицидтер мен өсу реттегіштер).
Жүгері өнімін жоғарылату үшін оны суармалы аймақтарда өсіру қажет. Қазіргі уақытта су тапшылығына және ауа райының өзгеруіне байланысты суды үнемдеу қажет. Суды үнемдеу үшін тамшылатып суғару әдісін қолдану қажет. Арықтан суарғанда судың мөлшерін тек қана кажетінше қолдану керек.
Жүгері – өсу және даму жағдайларын талап ететін дақыл. Дәні топырақ 8-10 градус температурада өне бастайды. Дәні толу үшін дән салмағынан 44% су қажет. Жылу қажеттілігі төменгі температура шегімен анықталады, сол кезде өсуі басталады, онда дамудың әрбір кезеңін аяқтау үшін талап етілетін жылудың жалпы сомасы анықталады. Жүгері үсікке сезімтал, бірақ 2-3 градус суықты өскіндер қанағаттандырарлық көтереді. Күзгі бірінші үсіктерде (-2 -3 градус) жапырақтар аязданып, көк балауса массасының жемдік қасиеттері күрт төмендейді (құрамындағы каротин мөлшері төмендейді). Собықтың балауызданып пісуі кезінде мұндай үсіктер қауіпті емес.
Жүгері – жарық сүйгіш, қысқа күндік өсімдік, Басқа дәнді дақылдар сияқты ұзақ уақыт жарықты қажет етпейді, сондай–ақ жарық өте жақсы түсу керек.
Жүгері салыстырмалы қуаңшылыққа төзімді дақыл, бірақ құмай, судан шөбіне, тарыға жол береді. Топырақ ылғалын үнемдеп жұмсайды. 1 келі құрғақ зат түзу үшін 250-300 келі суды қажет етеді, дәннің толуы үшін, дән салмағынан 44 пайыз су керек, бұл басқа арпа немесе сұлы және басқа дақылдарға қарағанда төмен. Будандарды таңдау кезінде қай бағытта пайдаланылатынын қарастыру қажет. Пісу тобы, дән мен өнімнің сапасына, келесі қасиеттерге назар аудару қажет: – піскен кезде ылғалды тез қайтарады; – аурулар мен зиянкестерге төзімді; – ауа – райының ауысуы әсер етпейтін; – жоғары өнімділік пен ерте піскіш; – егістің тығыз өсуіне төзімді; – төменгі температураға төзімді; – қуаңшылык пен суыққа төзімді; – бірлік өнімге минералды тыңайтқыштарды үнемді пайдаланады; – күн сәулесін жақсы пайдаланады; – тамырлық және сабақтық жатып қалуға төзімді.Дәрілеу – фунгицидтер: Витавакс 200 (2,5 – 3,0 л/т), Корриолис (0,2л/т), Максим ХL (1 л/т), Роялфло (2,5- 3,0 л/т).
Жүгері егісі алдында себілетін дақылдар. Жоғары өнім алу мақсатында жүгері дақылдарын, жақсы егіс дақылы орналасқан жерлерге себу абзал. Жүгері үшін сондай жақсы егіс дақылдары, бұл көп жылдық шөптесін өсімдіктер, бидай, бұршақ тұқымдастар (соя, бұршақын, бұршақ).
Егер аймақтың ылғалы жеткіліксіз болса оны қызылша, судан шөбі және күнбағыстан кейін себуге болмайды.
Тарыдан кейін де сеппеген жөн. Мұндай жағдайда жүгері көбелегі тәрізді зиянкес пайда болуы мүмкін.
Жүгеріні моно дақыл ретінде де егуге болады. Құнары төмен топырақтарға 3-5 жыл органикалық тыңайтқыш себу қажет. Жүгеріні ауыстырмай бір жерге ексе де, өнімін жоғалтпайды. Жүгерінің өзі де көптеген күздік дақылдарға жақсы алғы дақыл болып есептеледі.
Жүгері әртүрлі торпырақтарда өсе береді, топырақ құнарлығын онша қажет етпейді, бірақ топырақты әр түрлі органикалык және минералды тыңайтқыштармен өңдесе, жүгеріге қолайлы жағдай туады. Жоғары өнімді борпылдақ, саздақ, құмдақ, ылғал сақтайтын және ылғалды жақсы өткізетін топырақтарда береді. Топырақ ерітіндісінің оңтайлы жағдайы, бейтарап жағдайға тең (рН=6=7,5).
Топырақтың оптималды тығыздығы 1,1-1,3 г/см3, аралықта болуы қажет, сол себепті артық тығыздалуды тудырмау керек, сонымен қатар борпылдақ болмауы қажет.
Дәнді себу тереңдігі топырақтың механикалық құрамына байланысты, ауыр топырақта таяз, жеңіл топыраққа терең себеді. Ылғида дәндер ылғал топыраққа жату керек. Өз-өздігінен тозаңданатын тізбектердің тұқымын 2-3 см тереңдікке сепсе, сорттың немесе буданның тұқымдарын 5-7 см тереңдікке себеді.
Себу тәсілі кең қатарлы пунктирлі қатар аралығы 70 см., ауданның табиғи жағдайына, даму уақытына, топтардың ерекшеліктеріне байланысты 1 га жерде өсімдік саны 40-тан 60 мың/ дана болғаны дұрыс. Жүгері ерте піскіш болған жағдайда 1 га жерде өсімдіктер де көп болуы тиіс.
Жоғары өнім алудың негізгі жағдайы ол жүгерінің күтімі кезінде агротехникалық ережелерді бұзбау. Алдын – ала тырмалау жұмыстарын топырақ қыртысы түзілген кезде немесе жіп тәрізді арам шөптер пайда болған уақытта жүргізу қажет, бірақ өнім пайда болғанша 3–5 күн бұрын жүргізу керек. Тісті тырмалар топырақтың тұқым жатқан тереңдігіне жетпеуі қажет. Өз уақытында және сапалы жасалған тырмалау жұмыстары келешекте жүгері күтімінің жұмыстарын жеңілдетеді. Өскін пайда болғанға дейінгі тырмалау жұмыстары толықтай арам шөптерді жойып, топырақтың жоғарғы бетінің сулы, ауалы, температура режимін жақсартады. Мұның барлығы жүгері өсімдігінің дамуына қолайлы жағдай туғызады.
Дәндік мақсатқа арналған жүгеріні суару 4 мерзімге бөлінеді: 1 – өну; 2 – сабақтану, сыпырғы түзілуі; 3 – сыпырғы түзілуі – сүттеніп пісуі; 4 –сүттеніп пісуі – дәннің толық пісуі.
Даму барысында жүгері топырақ қорынан азот – 52%, фосфор – 34%, калий 32%, ал қалғандарын минералдық және органикалық тыңайтқыштардан алады. N40 Р40 К40 беретін болсақ, жүгері дән өнімділігі 46 ц/га жоғарылайды. Дала жағдайында итенсивті технологияны N60-90 Р60 К30-45 мөлшерінде берген жөн. Бұл мөлшерді агрохимиялық картограмма мәліметтері бойынша салыстыру қажет. Минералды тыңайтқыштар негізінен көктемгі өңдеу алдында танапқа шашылып аудара жыртумен бірге беріледі.
Жүгеріні дән физиологиялық пісіп жетілген уақытта, дән ылғалдылығы 35-40 пайыздан аспаған жағдайда жинайды. Сүрлемге арналған жүгеріні сүтті балауызданып піскен уақытта, егістікте 15-20 пайыз, өсімдік сүттеніп піскен кезінде, ал қалғандары балауызданып пісу уақытына өткен жағдайда орады.
Ұсынылған өңдеу жүйесін дұрыс пайдалану және ауыспалы егісті пайдалану. Химиялық күресу шараларына «Байер Кроп Сайенс» компаниясының гербицидтері жатады. Мысалы, МайсТер, Мерлин, Секатор Турбо, сонымен қатар Аденго немесе «Сингента». Топырақ препараты – Дуал Голд, өскін пайда болғаннан кейін берілетін гербицидтер – Милагро, Каллисто, Банвел, Пик, Майстер-Пауэр т.б.
Жүгеріде 20 шақты аурулар кездеседі. Оның ішінде көптеп тарағаны шаңды және түйір қаракүйе, жүгері дәні мен өскіннің көгеруі. Фузариоз, бактериоз және басқа да аурулар жүгерінің продуктивтілігіне қатты зиянын тигізбейді.
Тұқымды агротехникалық өңделген, қажетті тереңдікке себу 65 пайыз с.п. фентиурам мен 2 кг/т немесе пленка түзгішпен КМЦ 0,2кг/т, болмаса ПВС 0,5кг/т , т.б. препараттармен мөлшерде тұқымды дәрілеу арқылы жүргізіледі.
Республикамыздың оңтүстік шығысында қыстық және мақта құрты, оңтүстікте жүгері сабақ көбелегі, сонымен қатар сымқұрттар мен жалған сымқұрттар үлкен зиян тигізеді. Жүгерінің тұқымдық шаруашылықтарында, егер кеш себілетін болса жүгері өсімдігінің собықтарының 45-60 пайызын мақта құрты зақымдауы мүмкін. Зиянкестерден орташа шығыны, көп жағдайда орташа ерте пісетін будандардың өнімділігі 12-18 пайызға жетуі мүмкін.
Ауыспалы егістікті пайдалану, көбелектер жұмыртқа салған уақытта қатар аралық қопсыту жұмыстарын жүргізу, өскіндерді метафос, хлорофос және шыбын – шіркейге арналған препараттармен өңдеу.
Сүрлемге арналған жүгерілер: Сүтті балауыз күйінің аяқталу фазасы- дәннің балауыз пісуінің басы (дәннің құрамында сүтті, сүтті-балауыз және балауыз күйінің тең бөліктерінде крахмал заттары болады). Дәннің ылғалдылығы 40-45%, өсімдіктер 65-70%.
Дәнге арналған жүгерілер: Дәннің ылғалдылығы – 35-40% -дан төмен, кесу биіктігі – 10 -12 см-ден аз, ұнтақтау және жапырақты массаның біркелкі таралуы.
Егін жинау мерзімі 5- 7 күн.
Қазақстанның оңтүстік шығыс аймақтарында жүгері дәнінен жоғары өнім алу үшін агротехникалық тәсілдерін анықтап айтуға болады: жүгері өнімін жоғарылату дақылға жатады, бұл процессті адаптивті өңдеу технологияларын пайдалануы мен іске асыруға болады. Ол үшін аймақтың ауа– райына байланысты жүгерінің будандарын таңдау, себу уақытын анықтау; топырақ ылғалын сақтау қажет. Өңдеу технологиясын дұрыс пайдалану үшін жүгері өсімдігінің биологиясын білу, жоғары өнім алудың негізгі жағдайы ол – жүгерінің күтімі кезінде агротехникалық ережелерді бұзбау маңызды.

С.Калтаев,
Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми зерттеу
институты білім беру орталығының басшысы.
А.Омарова,
Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми зерттеу
институты а.ш.-ғ.к., бас ғылыми қызметкер

Leave A Reply

Your email address will not be published.