Күйдіргі ауруы және алдын алу жолдары
Адамдар ауруды ауру малмен тікелей қатынаста болған кезде яғни, малды сойғанда, етін тағам ретінде пайдаланғанда, ауырған малды тасымалдау кезінде, сонымен қатар ауру малдың айналасындағы топырақ пен жем-шөп арқылы жұқтыруы мүмкін.
Күйдіргі ауруының адам ағзасында таралуына байланысты: терілік түрі, өкпелік түрі, ішектік түрі және септикалық түрі болып бөлінеді.
Инкубациялық кезең (қоздырғыш енген сәттен, алғашқы ауру белгісі білінетін мерзім) 8-14 күнге дейін созылуы мүмкін, көбінесе 2-3 күнде ауру белгілері біліне бастайды. Тіркелген аурулардың өте жиі кездесетін түрі – тері күйдіргісі. Қоздырғыштың жұққан жерінде күйдіргі ауруына тән жара пайда болады.
Инфекция жұққан жерде алдымен дақ (папула), содан кейін іші сұйыққа толы бөртпе (везикула) пайда болады. Ол жараға айналып, айналасына екінші қатар іші сұйыққа толы бөртпе пайда болады. Мұны осы инфекцияға тән «Ожерелье» деп атайды. Жараның ортасы қара күйік тәрізді қотырланып (күйдіргі деп аталуы сондықтан), шеттері қызарып, іседі, бірақ басқан кезде ауырмайды. Бұл белгілердің пайда болуымен қатар, ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, ағзаның жалпы улану белгісі байқалады. Тез арада дәрігерге қаралып, уақытылы ем алмаған жағдайда қайғылы аяқталуы мүмкін.
Індеттің табиғи ошақтарындағы малдарға жылда сібір жарасына қарсы екпе жасалады және сібір жарасы бойынша стационарлық қолайсыз орындар ветеринар және эпидемиолог мамандардың қатаң бақылауында болады.
Күйдіргі ауруымен ауырған малдар тіркелген жағдайда, ошақта барлық құзырлы мекемелер кешенді түрде шұғыл эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асырады, яғни ауру малдың өнімдері толығымен жойылады, ошақта қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ауырған малмен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынады.
Дүниежүзілік тәжірибе бойынша, жер қазу жұмыстарынан кейін сібір жарасының тіркелуі заңдылық деп санайды. Бұл тұжырым сібір жарасының қоздырғышы топырақта ұзақ сақталатынымен түсіндіріледі.
Ал, облыс аумағы арқылы өтетін автобан салу, су тарту және газ құбырларын жүргізу барысында, соңғы жылдары қаншама жер қазу жұмыстары жүргізілгенін ескерсек, аталмыш індеттің эпидемиологиялық жағдайы жылдың кез келген уақытында аяқ астынан күрделі болып шыға келуі әбден мүмкін.
Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар өздерінің жеке бас гигиенасын сақтап, арнайы жұмыс киімін киетін болса және ауырған немесе белгісіз себеппен өлген мал туралы міндетті түрде мал дәрігерлеріне уақытылы хабарлап отырса, аурудың алдын алуға болады.
Б. Тилепбергенов,